Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында қатты соққан дауыл алты бірдей мектептің шатырын ұшырып әкетті

Ақмола облысында аяқ асты соққан қатты дауыл, тұрғындарды әбден әбігерге түстірді. Желдің күштілігі сонша,  әп-сәтте Аршалы ауданындағы алты бірдей мектептің шатырын ұшырып әкетті.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Бұл Аршалы ауданы Жібек жолы ауылындағы Құтпанұлы атындағы қазақ орта мектебі. 800 орынға шақталған білім ордасы, 2011 жылы қолданысқа берілген. Небәрі 7 жыл бұрын салынған ғимарат жаңа дегенмен, сапасы сын көтере алмай қалған сыңайлы. Өйткені боранға шыдас бере алмаған шатыр әп-сәтте қирап қалған.

“Шатырдың мына жақ бөлігін ұшырып кетті. Және де жеңіл-желпі шеттерін ұшырды. Ер мұғалімдер жұмыста болды. Қандай да бір жағдай бола ма дегендей. Балалар жолға шығып кетпеуі үшін ата-аналарға хабарлап айтып отырдық”, – дейді Құтпанұлы атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі Шайзада Құрманғазы.

Ал, Жалтыркөл ауылындағы орта мектептің 800 шаршы метр болатын шатыры түгелдей жұлынып, айдалаға ұшып кетіпті. «Білім ордасында мұндай жағдай соңғы 20 жылда болмаған» дейді мектеп директоры.

“Қатты бұрқасын жерден өзім мектепке әзер жеттім. Сағат бір жарым кезінде осындай жағдай болды. Ертесіне, мұғалімдер ата-аналар бәріміз жиналып сынған шифрлерді жинап қойдық”, – дейді Жартылкөл орта мектебінің директоры Гүлнәр Құсайынова.

Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен ғимараттарды арнайы комиссия мүшелері тексеріп, жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың мөлшерін де өз беттерінше анықтап қойыпты. Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, қажетті соманы бөлу туралы өтініш хат облыс басшылығына жолданған. Бірақ, әзірге, жауап жоқ.

“Облыстық әкімдіктен дегенде қазір сұрақ қарастырылып жатыр ғой. Жалтыркөл мектебі бұрыннан келе жатқан ескі мектеп. Оның шатырына ешкім жөндеу жасаған жоқ. Енді жаңа шатыр салынады. Басқа Сарыоба станциясында мектеп бар. Волгазоновка мектебінде, Белая Яр ауылында мектеп бар”, – дейді Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Байжұма Асылбек.

Жалпы, боранды күні Аршалы ауданында мемлекеттік мекемелердің ішінде алты мектеп пен бірнеше жер үйлерге зақым келген. Үй иелері баспаналарын өз күштерімен жөндеп алса, білім ордалары облыс басшылығының көмегіне сеніп отыр.

Оқи отырыңыз:

Қарағандыда таксиші келіншекті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты

Шымкенттік романтик жігіттің әрекеті қала тұрғындарын таңғалдырды

Ақтөбедегі өрт: Аман қалған бес науқасқа ауруханада қарулы күзет қойылды

Алматыда жас ана шиеттей төрт баласымен бірге қайыр сұрап отыр

Талқылау