Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында екпеден бас тартқандар арасында жаппай қызылша таралып жатыр (фото)

Ақмола облысында қызылша індеті асқынып тұр. Жұқпалы ауруға шалдыққандардың дені 1 жасқа толмаған сәбилер. Мамандардың айтуынша, дер кезінде қабылдамаған екпенің салдарынан, осындай жағдай болып отыр дейді.

Адамның иммунитетін әлсірететін күннің суығы қызылша ауруының туындауына себеп. 1 қарашадан бастап Ақмола облысы бойынша 49 адам қызылша індеті бойынша күдікке іліккен. 35-і Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының зерттеу  нәтижесінен соң расталды. Өкініштісі, дені бір жасқа жетпеген сәбилер.

“Қызылша ауруына шалдыққан бір жасқа толмаған сәбилердің саны 22. Яғни, екпе жасына әлі жетпеген. Екпе екі рет салынады: 1 жас пен 6 жас кезінде. Ал 1 жастан жоғары балалардың ішінде қызылшамен ауырған 5 бүлдіршін медициналық көрсеткіштері бойынша екпе қабылдамаған. 8 бала мүлдем екпеден бас тартқандар.Сондай-ақ, 2 жасөспірім және 12 ересекте қызылша індеті тіркеліп отыр”, – дейді Ақмола облысы қоғамдық денсаулық сақтау  департаментінің бөлім басшысы Әсем Төлеубаева.

Екпені уақытында қабылдамаған адамның  індетке шалдығу ықтималдығы жоғары. Ал  қызылшаның өзі жылдам жұғатын ауру болып саналады. Мәселен, Сандықтау ауданында індет жылдам таралып, 27 адам науқастанып қалған.

Қызылшамен байланысқан сау адамның жұқтыру ықтималдығы жоғары. Ауа арқылы тез тарайды. Автобуста болсын, дүкенде болсын, жалпы, қоғамдық ортада қызылшамен ауырған науқастан жұғуы мүмкін, – дейді Ақмола облыстық балалар ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Виктория Пичкунова.

Қызылшаның белгілер – дене қызуы, тұмау, көздің қабынуы, жөтел. 3-4  күнннен кейін денеге бөртпелер шыға бастайды. Қызылшаны уақытында емдемеген жағдайда қосымша түрлі ауруларды тудырады. Тыныс алуды бітіп, өкпе қабынады. Құлақта отит, ал мұрын қуысында гайморит, синусит секілді ауралар пайда болады. Ал, тіпті асқынған жағдайда науқас қызылша энцефалитіне шалдығуы ықтимал. Яғни, мидың қалыпты жұмыс істеуі бұзылып, адам мүгедек болып қалуы мүмкін дейді дәрігерлер. Ақмола облысының аумағында орналасқан Астана қаласында да қызылша дерті асқынып тұр. Сондықтан, екпе салынбаған бір жасқа дейінгі сәбилерді мейлінше көпшілік ортаға шығармауға кеңес береді мамандар.

Талқылау