Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында дәрі-дәрмекке ақша таппағандар алтындарын ломбардқа өткізіп жатыр

Ақмола облысында дәрі-дәрмекке ақша таппаған мүгедектер қолдарында бар алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп жатыр. Өйткені, өңірде 8 айдан бері мемлекеттен тегін берілуге тиіс кейбір медициналық препараттар жоқ, деп хабарлайды КТК.

Ақмола облысында дәрі-дәрмекке ақша таппағандар алтындарын ломбардқа өткізіп жатыр

Ал денсаулық сақтау басқармасындағылардың қашанғыдай сырғытпа жауаптары дайын. Олар тіпті дәріханаға уақытында бармады деп науқастардың өздерін кінәлады.

63 жастағы Бағлан Әубәкіров демікпе дертімен ауырады. 10 жылдан бері еркін тыныстай алмайтын оның арнайы аппаратсыз күні қараң. Алайда бірнеше айдан бері сол қажет дәрісі тапшы. Тегін берілетіндері мүлдем жоқ. Сондықтан, сатып алуға мәжбүр.

“2 өкпем істемейді. Аппаратпен отырмын, жарты жылға жуық. Бітіп қалды дейді. Берсе де, итке сүйек лақтырғандай мазақ қылады”, – деді Бағлан Әубәкіров.

Дәл осындай жағдайда отырған бірінші топтағы мүгедек Жұмабай Мақышев, тынысы тарылып, қысылған сәтте аптасына 5-6 рет жедел жәрдем шақырады. Ол да жарты жылдан бері тиісті тегін дәрісін ала алмай жүр.

“Жолдасым ауырады. Сүмірейіп келем,сүмірейіп кетем. Сатып алуға мәжбүрміз. Ломбардқа сақина саламыз болса, болмаса көрінгеннен сұрап жүреміз”, – деді Ләззәт Мақышева.

Ал денсаулық сақтау басқармасындағылар бұлай болуы мүмкін емес дейді. Тіпті түсіру тобына дәріге лық толы қойманы көрсетті. Айтуларынша, бәріне науқастардың өздері кінәлі екен.

“Науқастардың шағымданғаны жылдың соңында, басында дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болады.Бірақ қазір қойма толып тұр. Дәріханаларға жөнелтіп жатыр. Науқастар өздері барып, уақытында алмайды. Мүмкін емес, препараттар жеткілікті”, – дейді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сергей Киласев.

Облыста тегін препараттар алатын 140 мың науқас, дәріні тарататын 105 мемлекеттік дәріхана бар. Биыл бюджеттен осы мақсатқа 3 жарым миллиард теңге бөлініпті. Алайда қойма толы дәрі неге жұртқа жетпей жатыр деген сауалдың басы ашық қалып тұр. Қолдан жасалып отырған тапшылық қаншаға созылары тағы белгісіз.

 

Талқылау