Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында бүтін бір ауылды су басып қалды

Күллі елге әлеуметтік түйткілдерімен танымал Қояндыны да топан су басып жатыр. Астанадан 10 шақырым жердегі ауылда еріген қар суы бірнеше үйге кіріп үлгерген. Ашынған жұрт әкімдіктен түк қайыр жоқ деп отыр. Сондықтан техниканы өз ақшасына  жалдауға мәжбүр. Көктем келсе бейнеті көбейетін халық күннің жылынуын үлкен қауіппен күтеді, деп хабарлайды КТК арнасы.

акмола су басты

Еріген қар суы осылай шағын көлшікке айналған. Арыны қатты ағынды тежеу үшін жұрт қапшыққа құм толтырып өздігінше бөгет жасап қойыпты. Бірақ  ағатын арық таппай төңіректі жайлаған су үйлерге кіріп жатыр.

«Кептіріп үлгере алар емеспін. Насосты қосқанбыз. Ол қашанға дейін шыдар дейсің», – дейді тұрғындардың бірі.

Сол насоспен тұрғындар ауладағы суды шлангімен далаға төгуге мәжбүр. Әйтпесе, үйдің іргетасы ылғал тартып мүжіле бастаған. Мына, адам бойынан асатын тау боп үйілген қар Қояндыдан қыс бойы тазартылмаған сияқты. Бейнеті бес батпан жұрт ақ ұлпа күн жылынғанда ғана шығарыла бастады дейді. Сондықтан әкімдеріне өкпелері қара қазандай.

«Үйде төрт балам бар. Не үйден шыға алмай не кіре алмай қалдым. Бүкіл бөлмемді су алып қойды. Бұл жақтан неге үй саласыңдар деді маған. Үй салуға жерді әкімдік сатқан жоқ па?Трактор шақырайық десек , ақшамыз жоқ. Қарызға шақырдық бір тракторды. Әкімдіктен ешқандай көмек жоқ», – дейді тұрғын Алтынаш Мартгүл.

Ал әкім кінәні өзінен емес, табиғаттан көреді. Яғни, биыл қар шамадан көп түсті деп отыр.

«Техникамен суды сорып жатырмыз. Мәселенің қиын екенін білеміз. Енді үйлерді су басып қалмасы үшін қолдағы бар күшті жұмылдырдық. Жағдай бақылауда», – дейді Қоянды ауылдық округінің әкімі Өмірсерік Ержанов.

Бір-бірін арқалап жүрген қояндылықтар қазір үрей құшағында отыр. Өйткені күн жылынса, ахуалдың одан бетер ушығатыны анық. Астана іргесіндегі ауылды айтпағанда, қызыл су қазір бас қаланы да әлекке салуда.

Әсіресе, Елорданың жеке секторындағы жұрттың жағдайы қиын. Себебі коммуналдық мекемелер жиналған суды сорып үлгере алар емес.

Ал коммуналдық мекемелер алдымен мектеп, балабақша аурухана сияқты әлеуметтік нысандар орналасқан аумақтағы суды сорып жатыр. Астана көшелеріне жүздеген техника шығарылғанымен, оның көп жерге жетіп үлгермесі анық. Сондықтан шенеуніктер, әсіресе жеке сектордың тұрғындарына ауласын қардан тазартып, әкімдікке ауыз ашып отырмауға кеңес береді.

Жіберіп алмаңыз:

Ақтауда төрт жасар бүлдіршін дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды

Астанадағы супермаркеттердің біріне бомба “қойған” тұрғын сотталды

Ауыл тұрғындары су тасыған есекті қинап, мазақ етті (видео)

Түркістандық азамат көңілдесінен бала туған әйелін кешірмек

Талқылау