Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында бір-бірімен жаға жыртысуға барған жұртты әкімнің өзіне арашалауға тура келді

Ақмола облысында тұрғындар пәтер иелері кооперативінің жұмысына наразылық білдірді. Олар көпқабатты 21 үйге қызмет көрсетуі тиіс ұйымның төрайымы қызметінен кетсін деп отыр. Жұрттың айтуынша, осы басшының кесірінен онсыз да ескі баспаналарының тоз-тозы шығыпты. Жаға жыртысуға дейін барған тараптарды әкімнің өзіне арашалауға тура келді,-деп хабарлайды ктк арнасы.

әкіммм

Өз беттерінше талай мәрте өткізген жиыннан еш нәтиже шықпаған соң тұрғындар осы жолы Шучье әкімі Қайыргелді Мусинді шақырды. Қалада 7 тұрғын үй кооперативінің ең ірісі – осы «Наш дом». Бұлармен тұрғындар ашық айқасқа кіріскен. Өйткені төлемі өтелсе де, 20 жылдан бері жөндеу көрмеген үйлер бар.

Мәселен мына 9 қабатты үйге кіруге былайғы адамның жүрегі дауаламайды. Баспалдақтары шұрық тесік, лифтінің шахтасы көрініп жатыр. Электр сымдары салбырап тұр. Сырты да адам көргісіз.

«Қараңыздар, табалдырық мұз. Мұны ешкім тазаламайды. Әрі арасына аяғың кіріп кетеді. Ана жолы көршінің 5 жасар қызы аяғын сындырып алды. Ол үшін ешкім жауап берген де жоқ»,-дейді Щучье қаласының тұрғыны Сандуғаш Шәйімова

Жұрт қала әкіміне баспаналарының мәселесін жіпке тізгендей етіп айтты. 20 жылдан бері жеңіл-желпі жөндеуге де жарымаған кооператив әр пәтерден кемі 700-800 теңгеден ай сайын жинауды ұмытқан емес.

«Романовтардың мұрасы емес, бұл қызмет. 300 жыл басқара ма енді?Кетсін..»,- деді белсенділердің бірі.

Тұрғындар осы арадан бір жұмысшы көрмейміз дейді. Ал араша түсер деген әкім болса, ашынған жұртқа заң баптарын түсіндірумен әлек болды.
Ал әкімнің өзі сөзін сөйлеген төрайым «шашасына шаң жуытқан жоқ». Бүгінгі шудың себебін де ол тұрғындардың өзіне жапты.

«Шу шығарып, белсенді топ құрғандар коммуналдық қызмет ақысын төлемей жүргендер. Біз оларды сотқа беріп, қарызымдызды өндіруге әрекеттеніп жатырмыз. Жұмыс істемейді дегендері бекер»,-деді пәтер иелері кооперативінің төрайымы Алена Иманакова.

Шуылдаған жұрт әкім қатысқан жиыннан да нәтиже шығара алмады. Олар бұған дейін жағдайды айтып прокуратураға да шағымданған. Енді одан нәтиже шықпаса, төрайымдарын күштеп қумақ.

Талқылау