Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында үйін су басқан ерлі-зайыпты зейнеткер өзгенің подъезінде түнеп жүр

Елорда іргесіндегі Лесозавод тұрғын алабында қос қария көпқабатты үйлердің подьездерінде түнеп жүр. Өйткені баспаналарын су басып, ол жерде тұру мүмкін болмай қалған. 

Ақмола облысында үйін су басқан ерлі-зайыпты зейнеткер өзгенің подъезінде түнеп жүр

Осы уақытқа дейін жалғызбасты қарт кісілердің мұңын айтып, тоздырмаған табалдырығы қалмапты, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеген Stan.kz.

Әзірге селк еткен ешкім болмады деп отыр. Алатын мардымсыз зейнетақысы үйлеріне күнделікті жиналатын суды сорғызуға кететін көрінеді. 

Сексеннің сеңгіріне шыққан Василий ақсақалдың үйінің жертөлесін көктем шықса болды қар суы басып қалады. Осы жағдаймен ақсақал он шақты жылдан бері күресіп келеді. Ал, қазір далада күн жылы болғанымен, 4 бөлмелі баспанада тұру мүмкін емес.            

Үшінші топтағы мүгедек Василий Татауровтың қолындағы бар қалған дүниесі - баспанасы. Алақандай үйі көктем шықса болды еріген қар суының астында қалады. Іші нам тартып, тұруға жарамайды қалады екен.    

Мұнда бірінші рет бас сұққан адам бұл жерді металл қабылдайтын орын деп қалуы мүмкін. Тіптен олай емес, зейнеткер бұл заттарды бір кәдеге жарап қалар деп жинап келген. Енді астына келген су бар, төбесіне тау болып үйілген темір-терсектің салмағынан үй құлаудың сәл-ақ алдында тұр.   

"Қар ерісе де, жаңбыр жауса да су тартылып кететін. Міне, соңғы уақытта үйіме кіретін болды. Жертөлем толған су, күнімен осыны сорғызумен әлекке түсемін. Үй дымқыл тартып кеткен, әне-міне құлауы мүмкін", - деді Василий Татауров. 

Өмірлік серігі екеуі жарты ғасырға жуық отасқан, әлде де бірге тұрып келеді. Бір қызы бар, алайда жалғыз перзенті қарамай кеткен. Тіпті, қарттардың ішерге асы да қалмаған. Үстелде тек жарамдылық мерзімі өтіп кеткен бір-екі азық-түлік қана. Көңілі босаған қариялар тойып тамақ ішпегелі де біраз уақыт болғанын айтып қалды. Соңғы уақытта өңменінен өтіп кеткен суыққа шыдамаған зейнеткерлер жауаптылардан бір жәрдем болса дейді. 

"Үйді су басты, суық. Тұратын жеріміз жоқ. Далада қонып жүрміз", - деді жұбайы Роза Мельченко.

Кейуана сөзінің жаны бар. Қарт кісілер өздерінің күнделікті түнейтін тұрағына айналған жерді де көрсетті. Ол 5 қабатты үйдің кіреберісі, дәл жылу батареясының жанында. Өздерімен бірге жатар кезде бір қабат төсеніштерін де ала келеді екен. 

"Мұнда түнеп жүргенімізге 5 айдан асты. Үйдегі қазандық жанып кетті, жылыту мүмкін болмаған соң, осында келдік. Жұртты мазаламау үшін, түннің ортасында келеміз. Жылынып, ұйықтап, таңертең ерте кетіп қаламыз", - деді қария. 

Мәселемен жақсы таныс Байқоңыр ауданы әкіміндегілер қазір аумақта Василий қарт секілді үйлерін су басқан 30-ға жуық отбасы бар екенін айтты. Олардың барлығына тиісті көмек көрсетілетін болады деп сендірді.     

"Су алып жатқандығынан хабардармыз. Үй ескі, өздеріңіз білетіндей Өндіріс алабындағы көп үйлер жолдан төмен орналасқан. Сол себептен қазіргі мынау қыс уақытынан кейін көктемгі кездерде қар еріген кезде үйлерді су алып жатады. Біз өз жағымыздан барлық көмекті көрсеттік. Суды шығарудан, құрғатып отырамыз. Бізде ондай үйлер бар 30-шақты", - деді Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым бөлімінің бас маманы Дархан Сейітханов.       

Алайда, көмек қашан көрсетілетіні нақты белгісіз. Төрінен көрі жақын қариялар енді ол жәрдемге дейін бар ма, жоқ па ол тек Жаратқанға аян. Өйткені күнделікті тізеден су кешкен егде тартқан кісілердің денсаулығы бара-бара сыр беруде. Атқамінерлер уәдесін орындағанға дейін, зейнеткерлерге одан әрі де үйлердің подьезінде түнеуге тура келетін тәрізді.

 

Талқылау