Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімнің қолынан пәтер кілтін алған жетімдер далада қалған

Ақмола облысында әкімнің қолынан салтанатты түрде екі бөлмелі пәтердің кілтін алған қос жетім далада қалды. Щучьеде осыдан бір жыл бұрын ағайынды Максим мен Ольга Бенцке берілген баспананы әкімдік ешбір ескертусіз бір күнде есігін ауыстырып, басқа кілт салып қойған. Тіпті киім-кешегі мен дүние-мүлкін де алып үлгермепті.

уйсіздер

Бұл туралы ктк арнасы хабарлайды.

Паналар жері жоқ екеуі қазір автовокзалда түнеп жүр. Ал шенеуніктер жетімдердің өздерін кінәлады.
Максим мен Ольга өздері сияқты 37 жетіммен бірге жалдамалы пәтер алғанда қатты қуанған. Мынау сол салтанатты сәттен көрініс. Енді, міне, екеуі далада қалды. Максим көрші қаладағы бір серіктестікте дәнекерлеуші болып уақытша жұмыс істейді. Ольга дүкенші.

«Кешкісін үйге келсек, есікті ауыстырып қойыпты. Шошып кеттік, үйде бүкіл мүлкіміз,киім-кешегіміз бар. Көршілер әкімдіктен келіп ауыстырып кетті деді. Содан бері бірде бір басшы қабылдамайды»,- дейді Щучье қаласының тұрғыны Ольга Бенц

Ағайынды қос жетімнің автовокзалда түнеп жүргенінен бір айдай болған. Жағдайды айтып қала әкіміне барғанымен қабылдамапты. Енді барар жер, басар тауы қалмаған екеуі бұрынғы пәтерлеріне күн сайын келеді. Бүгін де есігін қақса, басқа біреулер ашыпты.
Жаңа тұрғындарының қолында ешқандай рұқсат қағаз жоқ екен. Әкімдік оларды пәтері көк басты деп төменгі қабаттан көшіріп әкепті. Қала басшылары тек тілшілердің келгенін естіп жетті.

«Уақытында мемлекет үй берген. Келісім-шарттағы талапты орындауы керек. Бұл пәтерді олар нашақорлар мен маскүнемдердің ордасына айналдырды. Подьезді дәретхана қылды. Көршілер шағым түсірді.Сосын есігін ауыстырып, тартып алдық»,-дейді Щучье қаласының әкімі Қайыргелді Мусин

Көршілер де ағайынды жетімдерге «күдікті қонақтардың» жиі келетінін, талай полиция шақырғандарын растады. Ол аздай мемлекет берген пәтерді жалға беріп те үлгерген екен. Ал коммуналдық ақыны мүлдем төлемеген.
Дегенмен, бұл істе әкімдер қонышынан басып, өз шешімдерін асығыс шығарып жіберген сияқты. Жалға берілген пәтер болса да, соттың үйден шығару туралы шешімі шықпастан олардың мүлкін жертөлеге шығарып тастап,есігін ауыстырып қойған. Қос жетім осы жағдайды айтып шағымдануға прокуратурға кетті.

Талқылау