Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімдер кімдерге тіркеліп, кімдерге лайк басады

Осыдан бір ай бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер мен министрлерге әлеуметтік желіге тіркеліп, халықпен етене жақын болуды тапсырған еді. Тіпті шамасы 2-3 күннің ішінде бұған дейін интернетте отыруға қолы босамайтын шенділердің барлығы жаппай твиттер, инстаграм, фэйсбукке тіркеле бастады.

Әкімдер кімдерге тіркеліп, кімдерге лайк басады

Шаһар басшылары кімді оқып, кімге тіркелген? Осы бір айдың ішінде қандай жұмыстар бітіргені туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кіріскеннен кейін әкімдер мен министрлерге әлеуметтік желілерде тіркеліп, халықпен етене жақын болуды тапсырған болатын. Ондағы ойы "аймақ басшылары ел-жұрттың сұранасына заманауи тұрғыдан жедел жауап беруі тиіс" дегенге саятынын айтқан еді. 

"Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңыздылығы: мессенджерлерде топтар құрып, жүргізіліп жатқан саясатты түсіндіру, жағдайды жетілдіру және басқару. Халықпен кері байланыс барлық жерде орнаған жоқ, 17 әкімдіктен барлығы төрт байланыс колл-орталығы бар, ал мобильді халық бақылауы - 7 өңірде ғана", - деді ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, президенттің бір ауыз сөзінен кейін өңір басшылары жарыса әлеуметтік желілерден көріне бастады. Мәселен Алматы әкім - Бауыржан Байбек Твиттерге тіркелсе, Нұр-Сұлтанның әкімі Фейсбукте белсенді. Бүгінде елорда басшысына 5 мыңнан астам адам жазылған. Бұған дейін фейсбук, твиттерден алыс болған Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы, Павлодар облыстарының басшылары да елдімекенде болып жатқан саяси оқиғаларға қатысты өз пікірлерін білдіріп әлек. 

Ең жас әкімдердің әлеуметтік желіде белсенділігін байқап көрдік. Шымкент әкімі Ғабидолла Абдрахимовтың 50 мың оқырманы бар. Алайда, шаһар басшысы тек 13 адамаға жазылған. Оның өзінде тек президент пен өзінің құзырындағы мекеме басшыларының парақшасын ғана оқиды екен. Ал жуырда ғана Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Асхат Оралов инста әлемде өте белсенді. Шамамен 16 мыңға жуық фоллоуері бар. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов тек 24 адамға жазылған. Ол қаладағы мәселелер жайлы жиі жазады. Ал өзі шетелдік саяси тұлғаларды, спорт майталмандарын оқиды.

Ал министрлер ше? Жиыннан қолы босамайтын  шенеуніктердің көбісі әлеуметтік желіде отырмайтындарын айтады. Бірақ өз саласына қатысты ақпараттарды қалт жібермейді екен. Мәселен, білім және ғылым вице министрі Бибігүл Асылова барлық ақпаратты таңертең оқитынын жеткізді. 

"Әлі ашқан жоқпын. Мүмкін алдағы уақытта тіркелетін шығармын. Бірақ күнделікеті таңертең, болмаса түнде міндетті түрде әлеуметтік желідегі біздің білім саласына қатысты айтылып жатқан мәселелерді тізіп оқып шығамын", - дейді Бибігүл Асылова. 

Ал вице -премьер Жеңіс Қасымбек әлгі күнге дейін парақшам жоқ дейді. Бірақ алдағы уақытта міндетті түрде ашатынын жеткізді

"Болған, қазір өшіріп тастадым. Президент айтты ғой. Қазір менде парақша жоқ. Жаңадан оны бастайын деп отырмын", - дейді Жеңіс Қасымбек. 

Халық қалаулылары болса, әлі де жұртпен кері байланыс орнатуға асықпайтын сыңайлы. Мәселен, депуттардың көбі әлі әлеуметтік желіге тіркелмепті. Неге?

"Менің өзімде жоқ. Халықпен сөйлесу үшін кездесулерімізді өткіземіз" - деді парламент мәжілісінің депутаты Тарас Хитуов. 

 "Әлеуметтік желіде парақшаңыз бар ма? Жоқ, ондайда жоқпын", - дейді депутат Дархан Мыңбай. 

Осылайша, атқамінелердің арасында тек облыс әкімдері ғана фейсбук пен твиттерді белсенді қолдануда. Ал министрлер, депуттаттар әлеуметтік желіге тіркелуге асықпағанымен, инстаграмда 400  мың фоллоуермен президент Қасым-Жомарт Тоқаев көш басында тұр. Оның оқырмандары сағат сайын өсуде. 

Талқылау