Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкім өліміне өзін кінәлап, асылып қалған дәрігердің хатына байланысты ойын айтты

Ақтөбе облысының Әйтеке би аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Байназар Шағыров осыдан төрт жыл бұрын асылып өлген болатын. Оның өлі денесі облыс орталығындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен табылған еді. Соңғы хатында ол өліміне аудан әкімі Аманғали Бердалин мен өзінің ауруханадағы орынбасары Жақсылық Қасымовтың кінәлі екендіктерін жазып кеткен болатын.

әкім

Бұл туралы stan.kz сайтының Ақтөбедегі тілшісі хабарлайды.

Содан бері Әйтеке би ауданының басшысы тек бүгін ғана ашық мәлімдеме жасады.

«Ақтөбе Ақпарат» орталығына есеп беруге келген әкімге журналистер осы төңірегінде сауалдарды жаудырды.
«Мен 2013 жылы бір басылымның бас редакторына сұхбат бердім ғой. Тергеу барысына қысым жасаған болмайын деп, пікір білдірмеуді жөн санадым. Іс жабылды, бұл жайтқа қатысты соңғы нүкте қойылды. Одан әрі қарай пікір білдіре алмаймын», – деген ол бас дәрігер Байназар Шағыровтың 22 күн жұмыс орнында болмағанын да тілге тиек етті.

Аудан басшысының айтуынша, қайғылы оқиға болатын күні де бас дәрігер жұмыста болмаған.

«Оны қызметінен босататын мен емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Ол басқарма маған бағынбайды. Әрқайсының өз ісі ғой. Оны ауданға бас дәрігер етіп жібергенде, мен өз тарапымнан көмек қолын создым. Баспана бердім. Көпшілік атынан қолдап, мәслихатқа депутат етіп те ұсындық. Бәлкім қызметінен босатқанда, менен қолдау көрмеген соң, маған ренжіңген болу керек», – деп пайымдайды аудан әкімі Аманғали Бердалин.

Айта кетейік, бас дәрігер Байназар Шағыров соңғы хатында аудан әкімі мен өзінің орынбасарының есімдерін көрсеткен хатында:
«Мені саяси тұрғыда өлітіріп жатыр. Мен сенген адамдарым, мені отырғызып кетті» деп жазып қалдырған.

Туыстарының айтуларынша, марқұмның жақындарына да қысым көрсетіліпті. Аталған оқиғадан аз уақыт бұрын көрші ауылдағы мейрамханада той үстінде тамақтан уланғандар туралы да жайтты жалпақ жұртқа жария етпеу керектігі туралы туыстарына ескерту жасалыпты. Атышулы мейрамхана аудан басшысының жарына тиесілі болатын.

Бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сол уақыттарда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, бас дәрігер о дүниелік болмай тұрып, қызметінен босатылған екен. Әйтеке би аудандық орталық ауруханасында Шағыров небары бір жыл еңбек еткен болатын.

Талқылау