Ахмет Байтұрсыновтың ең үздік 10 өлеңі

Қазақтың әдебиеті мен тарихында ерең еңбегімен ойып тұрып орын алған Ахмет Байтұрсынов жайлы жазылған кітаптар аз емес. Алайда қазақ келешегі үшін өз өмірін құрбан еткен қайраткер туралы айтылатын әңгіме таусылмайды.

Қан жылаған қазақ баласына өлеңдері арқылы демеу берген Ахмет Байтұрсыновтың әр туындысы жоғары бағаға ие. Әсіресе, 1911 жылы Орынборда жарық көрген “Маса”өлеңдер жинағына ақынның қазақ халқының өткені, бүгіні мен ертеңі жайлы жазылған өлеңдері енген.

Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен, қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса? — дейді ақын “Маса” өлеңінде.

“Қазақ қалпы”өлеңінен ақынның алаштың өткен күніне деген сағынышын және Ресей мемлекетінің билігінен кейінгі қазақтың жағдайына деген күйінішін байқауға болады.

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тақылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.

XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі болған Ахмет Байтұрсынов, “Достыма хат” деген өлеңінде қоғам әділетсіздігін суреттеп, ақшаға, абыройын арын сатқан адамдарды сынаған. “Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр” деген өлең жолдарынан ақынның азаттықтың таңы үшін қиын-қыстау кезеңді басынан өткеріп жүргені байқалады.

Қырағы, қия жазбас сұңқарым – ай!
Қажымас қашық жолға тұлпарым – ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрің – ай!

Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру, жұрт жарылмай.

Қазақ халқы балаларын молдаларға беріп оқытқан. Қазақ елінің озат ұлдары тек молдадан білім алып қоймай, Ресей мемлекетіне барып жоғары оқу орындарында оқи бастады. Әрине, елде орысша білім алған азаматтар сынағандар болды. Бұл туралы ақынның “Ғылым” деген өлеңінде жазылған.

«Ғылымдар дүниелік сиқыр болмақ,
Оқыған ол ғылымды кәпір болмақ».
Зулатып шариғатты шарт жүгініп,
Молдекең отырғанда мойнын толғап.
Сондықтан заман жүйрік, біздер шабан,
Артында ілесе алмай жүрміз әман.
Күн сайын өзгеріліп, өнер артып,
Бәрі де бара жатыр алға таман.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» —
Деген сөз аятпенен бірдей маған.
Алақтап артымызға қарағыштап,
Жүргенде-ақ озып, ұзап кетті заман.

Ахмет Байтұрсыновтың абақтыда отырып анасына жазған сезімге толы “Анама хат” атты өлеңі ақын туындыларының маржан деп те айта аламыз.

Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей, Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!

Ахмет Байтұрсынов “Ойлар” атты өлеңінде өзі қайтыс болса да, ерең еңбегінің өлмейтінін  жазған.

Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – гөр,
Мен жоқ болам көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткем ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін.

Ақын “Замандастарыма” деген өлеңінде кеңестерімен бөліскен.

Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,
Әзірге қолдан келген осы барым.
Қанағат азға деген, жоққа сабыр,
Қомсынып қоңырайма, құрбыларым.
Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,
Күн қайда үздік шығар топты жарып.
Ат тұрмас аяғында желі болса,
Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып.
Бар болса сондай жүйрік, қызар деймін,
Естілсе құлағына дүбір барып.
Әйтпесе арық шауып өндіре ме,
Жүргенде қамыт басып, қажып – талып

Халық ағартушысы орыстың мықты ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне  аударған. Ол “Қыздыр дейсің, мәжілісті жан дейсің” деген А.С.Пушкиннің туындысын ана тіліне аударып, өзінің шеберлігін тағы да бір мәрте дәлелдеген.

Қыздыратын жасты қайдан ал дейсің?
Өмірімнің таңын қосып кешіне,
Бер қайтадан өткен күннің һәммесін!
Бере алмасаң, кең салалық бейілді,
Жас қызығын көрсін жастар кейінгі.
Тәтті өмірмен нәпсі көңілін ауладық,
Қалғанымен алданталық зейінді!
Уа, дариға!
Өттің бастан, қызық жас!
Өзіңе жөн, өзгелерге бұзық жас.
Қайғы, қасірет дертін жанға батырмай,
Қайран жастық!
Қызуымен қылған мас!
Көрінбестен өмір көбі өткен шақ,
Тіршіліктің сән, ләззаты кеткен шақ.
Ойын, күлкі, мәжілістен, қызықтан
Мезгіл қуып: «Шық!» – деп әмір еткен шақ.
Жасың айтса, көнбегеннен не пайда?
Уақыттың тілі шолақ: «жүр!», «айда!»
Тұрлауы жоқ, өзгерілгіш өмірдің
Өтпесіне еткен, сірә, кім айла!
Мүмкін десек адамзатқа екі өлмек,
Бірі соның – «жасым жетті» деп көнбек.
Бұл өлімнің ардақтысы, аруы,
Мұнан кейін өлім бе сол дем сөнбек?!

Ақын И. А. Крыловтың “Зеркало и обезьяна” деген мысал өлеңін “Айна мен маймыл” деп қазақ тіліне аударған.

Айнаның қарсы алдына Маймыл барып,
Айнада өз суретін көре салып,
Аюға жанындағы күліп айтты,
Ақырын аяғымен түртіп қалып:
«Бері қара!
Бұ кім өзі мынау перің?
Білмеймін қайдан шыққан мұндай көрім?
Он екі мүшесінің бірі оңды емес,
Көз салып қарап тұрсам әрбір жерін.
Мен бұған титтей ғана ұқсас болсам,
Ішіме пышақ салып өлер едім.
Ол рас бесеу-алтау бар екені
Кейіпсіз нақ осындай бөлелерім».
«Маймылжан, біраз ғана етсең төзім,
Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім:
Әуре боп бөлелерің санағанша,
Абайлап қарашы әуел өзіңе өзің!»
Аюдың бір ақылы айтқан досқа,
Бір жүріп, бірге тұрған көңіл қосқа,
«Алды жөн адасқанның» деген сөз ғой,
Тыңдаусыз, құр далада қалды босқа.

Ат пен есек

Біреудің есегі мен бар еді Аты,
апарар бір қалаға болды заты.
Аты мен есегіне артып алып,
Аяңдап жолға түсіп келе жатты.

Жүк ауыр, есек сасып, алақтады,
Иесі демалуға қаратпады.
Әл кетіп, жығыларға таяғанда,
Жалынып атқа есек сөз айтады:

Ат достым, жүгім ауыр, халім бітті,
Емеспін жүре алатын енді тіпті.
Зорығып, жолда өліп қалатынмын,
Алмасаң ауыстырып біраз жүкті

Ат оған ешбір жауап қайтармайды,
Ауырлап жүгін, есек қайқаңдайды.
Ентігіп, ішін соғып, дымы құрып,
Жүруге онан әрі жайы қалмайды.

Жығылды есек байғұс дымы құрып,
Тұрмады айдаса да иесі ұрып.
Сойды да, жүгін, терісін атқа салып,
Қалаға келе жатты тағы жүріп.

Қараңдар, шара бар ма мына сорға,
Аяғын ат келеді басып зорға.
Қысымды есек көрген бұ да көріп,
Болдырып, былғақтайды оңды-солға.

Өкініп өткен іске ат келеді:
“Мен қате еткен екем… Аһ! – деді.-
Есектен аз жүк алып, қарасқанда,
Қиындық мұндай маған болар ма еді?”

Бұл сөзден қандай ғибрат алмақ керек?
Мысалы, еткен қайыр бір бәйтерек.
Қайырың біреуге еткен болып терек,
Көрерсің рақатын көлеңкелеп.

Қайырдың ең абзалы бұл дүниеде
-Біреуге қысылғанда жәрдем бермек.
Кейбіреу зор бейнетке тап болады,
Кей уақыт аз бейнеттен қашамын деп.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
17.11.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар