Әкемнің орнында болсам, мен де ажырасар едім: Мұхтар Тайжан жеке өмірі мен отбасы жайлы алғаш рет ашық айтты

Сейсенбі, 10 Қазан , 2017 13:18

Көпшілік қауым ел тағдырына қатысты жанашырлық пікірлерін жиі білдіріп, елеулі мәселелерде белсенділік танытатын қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанды  жақсы таниды. Белді тұлғаны жаңа қырынан ашпақ ниетте Stan.kz сайты оны ашық әңгімеге тартты. Кәсіби дипломат әрі саясаткер алғаш рет жеке өмірінен сыр шертіп, эксклюзивті сұхбат беруге келісті.

  • Мұхтар мырза, жалпы, сіздің қоғамдағы белсенділігіңізге, қызметіңізге ел қанық. Алайда, жеке өміріңіз жайлы сүбелі ақпарат жоқтың қасы. Алдымен, жеке тұлғаңыз, отбасыңыз туралы өзіңіз тарқатып айтып берсеңіз..

  • Мен 73 жылы Алматыда туылдым. Өзімді «асфальттік Алматылық» деп айтамын(күледі). Бірінші сыныпты қазақша оқыдым. Бірақ мектеп үйден өте алшақ орналасқандықтан, жақын жердегі орыс мектебіне ауысуға тура келді. Балаларым қазақ мектебінде оқыды. Егіз ұлым мен қызым бар. Есімдері – Санжар, Ажар. Қазір жастары 20-да. Ұлым мектепті тәмамдаған соң, Ұлыбританиядағы Bellerbys колледжінде автомобильдік инженерия мамандығы бойынша екі жыл білім алды. Колледж қабырғасында «Student of the year» («Жыл студенті») атанған алғашқы қазақ студенті. Қазір әлемнің көш бастап тұрған білім ордаларының бірі – Wordwick университетінде білімін жалғастырып жатыр. Ал қызым бала кезінен кино өнеріне қызығып, актриса болуды армандады. Бірақ оның таңдауы көңіліме қона қоймады. Себебі көпшілік қыздың арманы жұлдыз болу болғандықтан, кім көп, актриса көп. Сондықтан бәріне бірдей рөл жете бермейді, яғни, жұмыс жоқ. Қызымның қалауын құптамасам да, бірден бетінен қақпай, арнайы Жанна Қуанышевамен кездестірдім. Осының бәрін ол кісі оған түсіндіріп айтты. Сосын Сатыбалды Нарымбетов, Сергей Азимов ағаларымызбен кездестірдім. Ол кісілер қызыма «сен киноны ұнатсаң, режиссер бол. Тәуелсіз маман боласың. Өз жобаларыңды іске асырып, өз қолтаңбаң бар дүниелерді жасай аласың» деп кеңес берді.

  • Қызыңыздың таңдаған жолын құптамауыңызға жұмыстың жоқтығы сеп болды ма, әлде, қыз бала болған соң, актрисалық жолынан қорықтыңыз ба?
  • Жолынан қорыққам жоқ. Бала болғандықтан, оның қаншалықты күрделі дүние екенін түсіне бермейді ғой. Үнемі біреуден жұмыс күтеді, режиссердің аузына қарап отырады. Режиссура – бұл нақты маман. Ал актрисалықты мен маман деп танымаймын. Қажет болса, Эльдар Рязанов секілді режиссер болып жүріп те, киноға түсуге болады. Бала кезде өзім де бірнеше отандық фильмдерде басты рөлдерді сомдадым. Түсірілім барысы оңай емес – күн демей, түн демей, жұмыс істейсің. Физикалық жағынан болсын, моральдық тұрғыдан болсын, өте күрделі дүние. Қызым осының бәрін түсініп, filmmaking деген мамандықты таңдады. Қазір Нью-Йорктегі Кино өнері Академиясында оқып жатыр.

  • Жолдасыңыз жайлы айтып беріңізші.
  • Ол кісі де Алматыда туып, өскен, бірақ түп-тамыры – Қызылорда. Есімі Айгүл, екеуміз түйдей құрдаспыз. Мамандығы – дәрігер. С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті н тәмамдаған (АГМИ). Сирек кездесетін сурдология дәрігері, медицина ғылымларының кандидаты. Биылға дейін Алматыдағы 5-ші  ауруханада жұмыс істеді. Жоғарғы жалақы ұсынып, жеке клиникаларға талай шақырды. Алайда, бас тартты. «Ауқатты адамдар шетелге шықса да, мықты дәрігер таба алады. Ал қарапайым халықты кім емдейді?» деген ой ғой.  Алдына еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, Өзбекстан, Қырғызстаннан адамдар келіп емделетін. Күніне 30-40 науқастан қабылдайтын .

  • Айгүл жеңгеймен қалай танысып, табыстыңыздар?
  • Енді ол 23-24 жыл бұрын ғой (күледі). Әкем жаңадан Мысырға елші болып тағайындалды. Әкеммен бірге сонда аттандық. Бізбен бірге Қазақстаннан туристік топ барды. Топтың ішінде Айгүл де болды. Міне, солай таныстық. Екеуміз де 19 жаста едік. Бірақ мен Варшавада оқығандықтан, оған мені үш жыл күтуге тура келді. Үш жыл ішінде жұрттың «ол сені күте алмайды», «үш жыл деген көп», «оның айналасында жігіттер көп» деген жаңсақ сөздері көп болды. Бірақ оның бәрі жай сөз боп қалды. Бүгін, міне, жиырма жылдан астам біргеміз.

  • Ата-анаңыз келінді қалай қарсы алды?
  • Бірден жақсы қарсы қалды… 84 жыл ғой деймін. Домбырамды алып, әкеммен бірге ұлттық телеарнадағы бағдарламаға қатысқаным бар. Сол бағдарламаны енем көрген екен. Оннан енді ғана асқан баламын ғой. Сұрақтарға жауап беріп, домбыра тартып бердім. Сонда енем «бәрекелді, бізде де осындай көкірегі ояу, зерек ұлдар бар екен-ау» деп тамсанған екен. Міне, тағдыр, он жылдан кейін ол кісіге күйеу бала атандым.
  • Ал әкеңіз жайлы ел білмейтін нендей естеліктермен бөлісесіз?
  • Енді ол кісі, әрине, жалпақ ел үшін ірі тұлға, қоғам қайраткері. Ал мен үшін, ең алдымен, әке ғой. Әкемнің тағдыры оңай болған жоқ. 1983 жылы анаммен ажырасуына тура келді. Мен ол кезде 9 жасар баламын. Екеуі ажырасқан соң, мен әкеммен қалдым. Алматыдағы Байсейітов көшесінің бойындағы әбден тозығы шыққан үйге келіп тұрдық. Әкем екі жылдай жалғыз болды. Әрине, жанында туыстары жақын достары болды ғой. Бірақ ер адамға, әсіресе, жасы қырықтан асқан соң, жалғыз болу өте қиын. Кейін құдай оңдап, жақсы адамға жолығып, екінші рет шаңырақ көтерді. Әдетте өгей шеше деп айтады, алайда, әкемнің жары маған туған анадай болды. Мен ол кісіні Айеке деп атаймын. Әкеме нағыз адал жар бола біліп, оған өмірін арнады. Екеуі 23 жыл бойы бақыттты өмір сүрді. Айеке апайыммен әлі күнге жылы қарым-қатынастамыз. Осы сұхбаттың алдында ғана сол кісінің үйінде қонақта болдым.
  • Ал әкеңіздің өз анаңызбен ажырасуына не себеп?
  • Енді қыз-келіншектер әр түрлі болады. Бала көңіл көп нәрсені түсінбеуі мүмкін, алайда, есейе келе, бәрін тереңірек ұғына бастайсың. Шынымды айтсам, бұл тақырыпты мен қозғағым келмейді. Бірақ айтарым, ер адам ретінде мен әкемді өте жақсы түсінемін және толық құптаймын. Оның орнында болсам, мен де ажырасар едім.
  • Әдетте, мұндай жағдайларда балалар анасының жанында қалады. Ал сіз әкеңізбен қалыпсыз…
  • Перзент үшін әке мен ананың жақындығы бірдей.
  • Кейін анаңызбен байланысып тұрдыңыз ба?
  • Әрине, бала кезімізде қатынасып тұрдық. Ал қазір менен басқа апам бар, олар туған шешеммен өте жақын, бірге тұрады. Бірақ біз олармен араласпаймыз. Мен үшін отбасым – өзімнің отбасым және Айеке шешем.
  • Әкеңіз сізді қалай тәрбиеледі?
  • Ол кісі мені үнемі жанында алып жүрді. Бірге қонаққа барамыз, бірге қыдырамыз, сапарларға да бірге аттанатынбыз. Жақын достардай болдық деуге болады.
  • Ал әке алдында қорқыныш болды ма?
  • Ешқашан әкемнен, тіпті, үрейленіп көрмеппін. Ол кісі мені еркін өсірді. Әрине, балалық шалалықсыз болмайды. Бірдеңе бүлдірсем, маған жай сөзбен ұғындыратын. Бір мысал келтірейін. Йеменде тұрған кезіміз. 5-жасар ойын баласымын. Біз тұратын жерде төбесінде бүркіттің ұясы бар биік мұнара болатын. Петька деген досыммен бірге соны қызықтап, үлкендерден жасырын, жиі барып баспалдақпен көтерілеміз. Ақыры ұсталып қалдық. Екеуміздің де әкелеріміз бар, үлкендер жиналып қалды. Петьканың әкесі бәрінің көзінше оны сабап тастады. Ал менде мүлдем қорқыныш болған жоқ. Себебі әкемнің қандай жағдайда да ұрмайтынын білемін. Әкем жай ғана «жүр, сөйлесейік» деді. Үйге келген соң, бұл қылығымның соңы неге апарып соғуы мүмкін екенін  егжей-тегжейлі түсіндірді. Содан кейін екінші рет онда аяқ баспайтын болдым. Ал Петька сонда да барып жүрді (күледі).  Мен де ұлыммен дәл сондай қарым-қатынастамын. Үнемі бірге жүруге тырысамыз. Спортпен де бірге шұғылданамыз.
  • Балаларыңыздың екеуі де қазір шалғайда екен. Неліктен шетелге оқытуды ұйғардыңыз? Еліміздің ЖОО-на көңіліңіз толмай ма?
  • Бізде жақсы университеттер бар. Бірақ жемқорлық білім жүйесінде де тамырын жайған. Бағаны сатады немесе кімнің баласысың, соған қарай қояды. Ал ондай жерден білімді маман шықпайды. Ал білімі болмаса, ол ертең қалай жұмыс істейді? Көкелерін іздейді, тәтелерін іздейді. Бізде адал білім беру жүйесі болса, осында-ақ оқытуға болар еді. Алайда, әттең…Ал шетелде сенің фамилияң Тайжан ба, Байжан ба, бәрібір. Тек адал біліміңмен лайықты бағаңды аласың.
  • Сонда балаларыңыз оқуларын тәмамдаған соң, отанына оралмай, сырт жақта қызмет ете ме?
  • Бұл өте орынды сұрақ. Мен бұл туралы бір емес, бірнеше рет ойландым. Менің қызым қазір кино өнеріндегі ең үздік білім ордасында оқып жатыр. Ол жақта кімдер дәріс береді? Роберт де Ниро, Шэрон Стоун, тағы да басқа Голливуд майталмандары, кадрдан тыс кино мамандарының үздіктері сабақ береді. Бакалаврды бітіру үшін 9 семестрді аяқтау керек. Қазір ол 6-шы семестрді тәмамдап жатыр. Басында 40 студент болған, қазір солардың 8-і қалды. Яғни, оқу үлгерімі төмен студенттер оқудан шығарылады. Соңғы семестрге қарай, 5-і қала ма, әлде тек 3-уі қала ма, қайткенде де, қатарының алды, тек үздіктер сейіледі. Енді өзіңіз ойлаңызшы, осындай мықты маман Қазақстанға келсе, «Қазақфильмге» жұмыс іздеп бара ма? Сондай маманға бізде жағдай бар ма? Жаңа жемқорлық жайлы айттық. Ол фильм түсіру үшін бюджет іздейді. Кімнен барып сұрайды? Әлде мен сұрауым керек пе? Менің сұрағым келмейді. Ал 3-4 жылдан кейін ұлым қайтып келсе, мен «ҚазМұнайГаз-ға» қоңырау шалып, ұлымды жұмысқа алыңдаршы деп жалынуым керек пе? Менің балаларым ғана емес, «Facebook», «Google» секілді шетелде мықты компанияларжа істейтін білімді жастарымыз көп. Қайтып келгілері келеді-ақ, бірақ оларға мұнда жағдай жасалмаған. Олар маған «аға, қашан өз елімізде бізге жағдай болады? Келгіміз келеді, бірақ не істейміз келгенде?» деп жазады. Ертең біз Қазақстанда құқылы демократиялық ел орнатсақ, жастар, сөзсіз, қайтып келеді. Мәселе қомақты қаржыда емес,  әділдікте. Сондықтан менің балаларым сол жақта қалып, жұмыс істегісі келсе, мен қарсы болмаймын. Себебі құнды тәжірибе алады, өздеріне жол салады, шебер маман болып қалыптасады.
  • Ал ол жақта оңай жұмысқа тұрып кететініне сенімдісіз бе?
  • Оңай емес, есесіне, адал, әділ. Себебі біліміне сай жұмысты істейді. Қабілетің жетсе, отырасың, жетпесе, шығарып жібереді. Ал бізде басында білімі бар болсын, жоқ болсын, бастықтың баласы болса болды, қызметте отырады. Ал талантты, білімді, бірақ аға-көкесі жоқ балалар өсе алмайды. Сондықтан шетелге кетуге мәжбүр. Маған «Америкаға бір шақырту ұйымдастырып беріңізші» деп жазатын жастар да баршылық. Елде жемқорлық жойылмаса, еліміздің Венесуэла, Әзірбайжан секілді елге айналып кету қаупі бар.
  • Бұл қауіптің алдын алу үшін не істеу керек?
  • Елімізде әділетті қоғам орнатып, жастарға жағдай жасауымыз керек. Бұл – біздің, орта буынның міндеті.
  • Нақты неден бастау керек? Жемқорлықты жою идеясы бұрыннан келе жатыр тек, алайда, тек сөз жүзінде.
  • Бізге адал сайлау болу керек. Содан бастау керек. Парламентте тәуелсіз депутаттар болса, олар үкіметті бақылауға ала алады. Ал қазір үкімет бір жақта, халық бір жақта. Халықта жұмысы жоқ. Өзара байланыс жоқ. Алысқа кетпей-ақ, тағы бір мысал келтірейін. Осында келе жатып, қала көшелерінен жанармай таппадым. Бұл ненің белгісі? Коррупцияның. Әрине, жанармай пайда болады, бірақ басқа бағамен…
  • Әңгіме ауаны алыстап кетпей тұрғанда, өзіңіздің жеке тұлғаңызға тоқталайықшы. Хоббиіңіз дегендей. Жұмыстан тыс немен айналысасыз?
  • Үлкен теннисті жақсы көрем, бір апта ойнамасам, кәдімгідей ауырам. Сосын атқа мінгенді жақсы көрем. Көп оқимын. Менің негізгі қызығушылығым, хоббиім – саясат, мемлекетте оңтайлы өзгерістер орнату. Басты көздегенім осы. Бірақ шамам әлі келмей тұр (күледі).
  • Енді ол бір адамға емес, көпшіліке байланысты ғой.
  • Әрине. Оған қосымша, қазақтың киелі домбырасын жақсы көрем. Әйеліммен әңгімелескенді ұнатамын.
  • Әйеліңізбен кеңесіп отырасыз ба?
  • Міндетті түрде. Менің үйімде менің басты сыншым отыр. Бұны жұрт білмейді. Кейбіреулер, керісінше, әйеліме: «Сенің жолдасың қатал, ұстанымы қатаң адам, үйде де сондай шығар, саған қиын шығар, ә?», – деп айтады екен(күледі). Олар түсінбейді, жұмыс қандай болса да, жұмыс-жұмыс, ал үйдің аты – үй. Ал, жалпы, мен әйелім жайлы ашық айтқанды жек көремін.
  • Неге?
  • Енді кейбіреулер фейсбукте сүйем күйем деп, әйелін мақтап, жалпақ жұртқа жар салады. Журналдарға бақытты жұптардың фотосеттерін жариялайды. Бірақ жарты жылдан кейін ажырасып жатады.
  • Яғни, көз тиеді деп қорқасыз ба?
  • Жоқ, мәселе онда емес. Мұның бәрі бір жасандылық секілді. Себебі махаббат жайлы адам айқайлап айтпайды. Ол тек жеке басыңа қатысты дүние. Ал жарияға жария салып айтса, арзан көрінеді. Оның үстіне, қазақта қатынды мақтау деген жоқ. 25 жыл бойы біргеміз, осының өзі жеткілікті шығар. Мен жеке өмірімде бақыттымын. Әрине, 25 жылды ойнап-күліп өткіздік деп айта алмаймын. Мәселен, бұрын табысты кәсіпкер болдым, зәулім үйде тұрдық, жылына 4 рет мұхит асып, саяхатқа шығатынбыз. Бірақ оңынан кәсібім тоқтап қалды. Бірақ бұл біздің отбасы үшін үлкен трагедия болған жоқ. Жолдасыма риза болатыным, дүние үшін ешқашан қабағын шытқан емес. Ол үшін маңыздысы – рухани құндылықтар.
  • Сонда өзіңізді Қазақстанның бай адамдарының қатарына қоспайсыз ба?
  • Меніңше, мені бай деуге болады. Баспанам бар, банкте кепілде тұрған жоқ, көлігім бар, тамағым тоқ, балаларым оқып жатыр. Сол жеткілікті емес пе? Ал мына Форбста жүргендердің қаншама кредиті, қарыздары бар. Олар еркін адамдар емес, біреуге тәуелді. Сондықтан бұл жағынан мен еркін адаммын.
  • Сіз өз әкеңіздің ұлы болмағанда, осы күнге жетер ме едіңіз?
  • Меніңше, жоқ. Мәселе бизнесте емес. Кез-келген жұмысты істеу үшін мінез, табандылық, төзім, ақыл-ой, зеректік керек. Ал бұл тұрғыдан генетика үлкен рөл ойнайды. Сондықтан әкемнің қасиеттілігі, зеректігі маған берілді деп айта аламын.
  • Сіз бір сұхбатыңызда, «националист ретінде көздейтін стратегиялық мақсатым – ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, Еуропалық елдер типіндегі мемлекет құру» депсіз. Бұл идеяңыздағы елді қалай елестетесіз?
  • Біз тек қана ұлттық құндылықтарымызды сақтай тырып, өркениетті ел бола аламыз. Еуропа елдерінің бәрі – ұлттық мемлекеттер. Германия, Франция, Польша, Италия, тағысын тағы. Яғни, демократиялық, зайырлы мемлекет болу. Осы жерде айтпағым, реформа неден басталады? Реформа «мен ұлтымды қалай бақытты ете аламын» деген асыл мақсаттан, яғни, ұлтқа деген сүйіспеншіліктен басталады. Алаш қайраткерлері түгел сондай болды. Өркениетті, дамыған мемлекет құруға қазақ халқының қауқары әбден жетеді. «Қазақтарда аяқтан шалу, көре алмаушылық көп» дейміз. Бұл қасиеттер кез-келген ұлтта бар. Биологиялық тұрғыдан адамның бәрі бірдей. Жалқау халық деген жоқ. Минимум күш сала отырып, максимум пайда көру – кез-келген биологиялық ағзаға тән мақсат. Бірақ бар мәселенің шешімі экономикалық саясат жүйесіне келіп тіреледі. Экономикалық саясатымызды түзеп алсақ, біздің ел жылдам өсер еді. Егер мен бай болғым келсе, еңбектенуім керек болса, онда мұндай ел өседі. Егер мен баюым үшін тонауым керек болса, мұндай ел құрдымға кетеді. Қазақ деген жалқау халық емес, өте белсенді, жеті атадан асып қана қыз алған, қаны таза ұлт. Сондықтан өте зерек, интеллектісі жоғары, дарынды халықпыз. Мен өз туыстарына үйленетін арабтарды көрдім. Олардың ой-санасы бала сияқты. Ал біздің халықтың ойлау өресі өте жоғары. Бізге не жетіспейді? Намыс жетіспейді. Біз өз-өзімізді сыйламаймыз. Неге? Өйткені кедейміз. Кедей адам өз-өзін сыйламайды, өзін төмен бағалайды. Өйткені түгі жоқ, яғни, қауқары дымға жетпейді. Сондықтан өзін сыйламайды, өзіне сенбейді, көшеге барып түкіреді. Мен төмен тап болсам, кеудемді тік ұстап қайтем, мәдениеттің маған не қажеті бар? Ал егер әр қазақта шағын болса да, дүкен болса, шағын болса да, жер болса, онда ол кеудесін көтеріп жүреді, өзін жоғары бағалайды. «Менің қолымнан бәрі келеді» деген сенім, өзіне деген құрмет пайда болады. Ертең көшеде түкірмейді,керісіншіе, гүлзарлар салады. Мен Еуропадағы кедей және бай елдердің осындай айырмашылығын байқадым. Меніңше, түбі халық жеңеді. Халықтан артық күш жоқ, мен соған сенемін әрі өз тарапымнан барынша күш саламын.

Тағы да оқыңыз:

Қазақстан ауруханаларында педиатрия бөлімдері қайта ашылады

Премьер-министр бензин тапшылығына байланысты жауапты шенеунікті қызметінен босатты

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
19.01.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар