Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әке мен баланың оқиғасы: Әкесі өзін қорғамақ болған ұлын сабап тастаған

Мен он сегіз жаста едім. Былайша айтқанда, жігіт болып қалған кезім. Таңертең қой жайып кетіп кешке үйге келсем, біздің үйде бір көршілес ағайым отыр екен. Ағайға сәлем беріп, беті-қолымды жуып шайға отырдым.

ReNCYtQNxWg

Сосын барып байқадым. Әлгі ағай әкеммен ұрсысып отырған болып шықты. Шамасы болымсыз бірдеңеге келіспей қалған түрлері бар. Көрер көзге әлгі ағай көбірек, қаттырақ сөйлеп, өктемдік көрсетіп, ал әкем болса анда-санда бір мырс етіп ащы күлгені болмаса, үнсіз отыр. Апам да ана жігітке қарап: «Қымыз іш, қайным…», – деп қымыз құяды. Осындай қозғалыс, қылықтарды көріп отырған мен ішімнен: «Мына жігіт жастығын көрсетіп әкемді қорқытып отыр екен ғой», – деп ойладым. Тағы біраз уақыт үнсіз отырып істің ақырын күттім. Бастапқы көрініс еш өзгермеді, ақысына ана жігіттің дауысы одан сайын қатайып, әкем тіпті де үнсіздікке айланды. Енді менің шыдамым таусылып, ашуым басыма қарай көтерілді. Орнымнан ұшып тұрдым, жұдырығымды барынша қатты түйіп әлгі ағаның көзіне таята барып:

– Өлмей тұрғанда шық үйден, – дедім. Ештеңеден қайтпауға бекінген сыңайды менің бет-әлпетімнен таныған болу керек, әлгі ағай үн-түнсіз орнынан тұрып, әкеме қарап:
– Артық ауыз сөзім болса, кешіріңіз, Қабаға, – деді де, жылдам шығып аттанып желе жөнелді. Мен қайтадан орныма отырып, апамның шайын іше бастадым.

Маған қарап біраз уақыт үнсіз отырған әкем орнынан тұрды да, далаға шыққалы бара жатқан адамша есікке қарай барып, үйдің оң жақ босағасында кереге басында ілулі тұрған арқан, жүген, қайыстардың ішінен өрмелі жуан шідерді қолына алып, екі аттап менің қасыма таяп арқамнан әлгі шідермен тартып-тартып жіберді. Мен секіріп тұрып апама қарай қаштым. Әкем қолындағы шідерді сол жерге лақтырып тастап далаға шығып кетті. Ал апам болса, менің маңдайымнан иіскеп арқамды сипалай отырып:

– Әттең, ақымақ балам-ай, үлкендердің ісіне араласып нең бар еді? Олар сенсіз де келісе алатын еді ғой. Жарайды, шәйіңді іше ғой, – деп тағы да маңдайымнан иіскеді.
Кейін әкемнің ашуы қайтқан кезде қасына барып:

– Әке, мен қандай қателік жібердім? – деп едім, әкем маған қарап аз отырды да:
– Енді дұрыс болды. Сен әлгі жерде үш үлкен қателік жібердің, балам.

Айтайын. Бірінші: Өзіңнен үлкен адамға өктемдік көрсеттің. Білесің бе, қазақтың ең жақсы қасиеті не? Ол – үлкенді сыйлау. Сен өзіңнен үлкенді сыйласаң, сенен кейінгілер сені сыйлайды. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан үлкен заң. Сол заңды орындамадың.
Екінші: Сен әке-шешеңнің алдында жетімнің ісін істедің. Ертеден келген бір аталы сөз бар: «Әкесі жоқ ұлдың білегі жуан, шешесі жоқ қыздың бөксесі жуан», деген. Сен он сегізге келіп білегің жуандаса да, білімің сол баяғы сегіздегі қалпынша көрінді. Бұл: «Білекті бірді жығадының…» ертегісін сенің, яки өз баламның бойынан көру болды.

Ал үшінші: Сен әкең мен шешең (біз) тірі отырғанда үйден кісі қудың. Біліп ал. Әр қазақтың үйінде сырттан келген қонақтың бөлінбеген еншісі бар. Мейілі ол сенімен төбелескелі келіп отырған адам болса да… Әке-шешеңді, бала-шағаңды, ағайын-туысыңды, еліңді, отаныңды басқадан қорғап сақтау жігіт адамның мойнындағы парызы. Бірақ, соның бәрінің өз себеп-салдары болады. Бағанағы жігіт әкеңді ұстап алып сабап жатса, араша түсіп қол қөтерсең жөн. Әрбір істің ізгілігі адамдардың түсінісуінен басталады. Ал айтпаған өкпе тас болып қатады. Ол маған өкпесін айтты, мен қабыл алдым. Несі айып.

«Істің жөнін ұқса осы ұғар-ау» деп үміт артқан бір ұл едің. Мына қылығыңмен әй, сен алысқа бармайсың-ау, балам, – деп аяқтады әкем.

Сосын жейдемді шешкізіп, өрмелі шідердің осуымен білеуленіп қызарып ісіп кеткен арқамды сипап көріп:

– Әнтек ақырындау тиіпті, бұл тез жазылады. Сен аз ойланасың. Қаттырақ тисе, ол көбірек ауырып, сені көбірек ойландырар еді. Апаңа барып май жаққыз, – деп еді. Сонда шідермен ұрған арқамнан гөрі ақылмен «ұрған» жан-дүнием қаттырақ ауырғанын сездім.

Содан бірнеше күннен кейін әлгі ағама кезігіп:

– Аға, ініңіздің кемшілігін кешіре көріңіз, менен ағаттық кетті, – деп ат үстінен жерге қарап едім, өзі атынан түсіп, мені де аттан түсіріп мойнымнан құшақтап отырып:

– Оқасы жоқ, бауырым, менің де қателігім болды. Ержетіп қалған жігіт баласының көзінше ағама өкпемді қаттырақ айттым. Бір жағы сенікі де дұрыс енді. Біреу келіп әкесіне дүрсе қоя беріп жатса, қай жігіт тыныш тұра алсын. Мен кеткен соң әкең сабады ма, кәне арқаңды көрейінші, – деп менің рұхсатымсыз жейдемді түріп көріп:

– Па, әлгі шалың қатты кеткен екен, ә. Жә, «Жарасыз ер болмайды». Біздің үйде Тамырбас-алтын дәнекер бар еді, соны алып апаңа апарып жараңа жақтыр, екі-ақ күнде жазылады, – деп мойнымнан құшақтаған қалпы денемді ырғап-ырғап қарқылдап күліп еді.

Сол ағам бүгін де бар, алпыстан асқан шал болды. Мен барған сайын үйіне шақырып, бір қойын сойып етті астырып қояды да, бала-шағасының қасында мені арқамнан қағып:

– Бұл «итті» баяғыда қара шалға бір жақсылап сабатып алғаным қандай жақсы болған. Әйтпесе, бүгін мынау мені елемес еді, ә, – деп айналадағы тау мен тасты жаңғырықтыра қарқылдап тұрып күледі.

Өзің ойланып көрші. Басқа біреу сені «ит» десе қалай көресің? Әрине, жақсы естілмейді. Ал маған сол ағаның «ит» дегені «жаным» дегенмен бірдей естіледі де, сол ит деген сөзі мен ешбір риясыз қарқылдаған күлкісін есту үшін сағынам да тұрамын.

Ал әкем артынан ерген бауырлары мен бала-шаға, немере  шөберелерін қабағымен жасқап, қарашығымен тәрбиелеп отырып, сексен алты жасында туған жердің топырағына айналды.
Мен елуге тақадым. Бүгін де өзімнен үлкен бір адаммен сөзге келіп қалсам болды, баяғыдағы өрмелі шідердің осып өткен орны бүлк ете түскендей күйге келемін.

Ойлап көрсең, бүгінгі заманның арқасынан осып өтетін әкемнің сол шідері қажет-ақ, шіркін…

Байыт Қабанұлы

Талқылау