Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отандық киноны көрмейміз: Танымал жұлдыздар қазақ фильмдеріне деген көзқарасы жайлы

Жылдан-жылға қазақ кинематографиясы комедия жанрындағы фильмдермен толығып келеді. Жарық көріп жатқан кинотуындыларда басты рөлдерді көбінесе халық алдында жүрген жұлдыздар, танымал тұлғалар ойнайды. Осы ретте көрерменнің бір бөлігінде жыл сайын өнер академиясын бітіріп, актерлықты оқыған азаматтар қайда қалды деген сұрақ туындайды. “Әншілер әнін айтып, актерлар ғана киноға түссін” деп санайтын отандастарымыз да бар

Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі танымал әншілермен сұхбаттасып, олардың осы пікірге қатысты ойларын, қазақ кинотуындыларының ішінде комедия жанрында шығып жатқан фильмдерге қатысты көзқарасын анықтады.

Жақында “Загадай желание” фильміне түсіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Аиша бірінші кезекте фильмге түсуден, актриса болудан алған әсерімен бөлісті.

“Актриса болғаным маған емес, Айбекке  ұнайды. Өз-өзін сынайтын адамдардың қатарына кіремін. Сондықтан, өзімді мықты актрисамын деп айта алмаймын. Маған ойнаған рөлім ұнамады. Дегенмен, жақсы пікірлерді естіп жатырмын. Көбісіне рөлім ұнаған. Мен уақыт өте келе біз басқа жанрға ауысамыз деп ойлаймын. Адамдар комедиядан шаршағанда басқа нәрсені түсіреміз. Менің ойымша, режиссер мен продюссерлердің өзіне табысты дүниені түсірген тиімді”, — дейді ол.

“Жігіттер” тобының солисі Бағлан Әбдірайымов әншілердің киноға түсіп, актерлардың ән айтуына қарсылық білдірмейді. Әңгіме барысында ол өзіне киноға түсу туралы ұсыныс түсіп жатса, одан бас тарта қоймайтынын айтты.

“Егер рөлдерді ашып, керемет ойнай алатын болса, неге түспеске? Және кинода ойнап жүріп, керемет ән айтуды білсе, неге айтпасқа? “Әу” демейтін қазақ жоқ қой. Бірақ бізде қазір жай ғана сахнаға шығып, өлең айту оңай болып кеткен”, — дейді ол.

Қазақ фильмдерінің тұсаукесерінен қалмауға тырысатын Бағлан Әбдірайымов киноны көп көре бермейтінін айтты. Оның үстіне, қазіргі күні комедия жанрында шығып жатқан кинотуындылар тым көбейіп кетті деген пікірге қатысты өз жауабын берді.

“Соңғы рет Төреғалидің киносын көріп шықтым. Дәл қазіргі уақытта комедиялар кредиттен шаршаған, жалақысын ала алмай, тапқан таянғанын жеткізе алмай жүрген адамдарға көңілін басқа нәрсеге бөлуге, сол бір сәттерді азғантай уақытқа болсын ұмыту үшін қажет. Проблемада жүрген адамдар болады. Солардың жан-дүниесі рахаттанып, ішкі дүниесіндегі сұрақтарға жауап бере алатын, шабыт сыйлайтын киноларды көргім келеді”, — дейді ол.

Әншінің әріптесі Айдар Тұрғанбек отандық актерлардың ойнына көңілі толмайтынын жеткізді.

“Маған киноға түскен ұнамайды, бірақ баяғыда фильмде ойнағанмын. Мен халыққа пайдасы бар керемет кинода ойнағым келеді. Көптеген отандық актерлар менің көңілімнен шықпайды. Біздікілерде жасандылық көп сияқты көрінеді. Негізі, өзім отандық киноларды көре алмаймын.

Жалпы, әр маман өз ісімен айналысса, тіпті тамаша нәрсе ғой. Бізде кейбір кездері мамандықтар ауысып кетіп жатыр. Әншілер көбейіп кетті. Іші пысып үйде отырғандар әнші болып кетеді дегендей. Жалпы, егер адам өз мамандығынан бөлек, басқа салада керемет жетістіктерге жете алса, онда алмасуға болады”, — дейді ол.

Музыкалық және телевизиялық продюсер Жан Мұқанов әртістер қолдарынан келгенше қалаған дүниелерін жүзеге асыруы қажет деп санайды.

“Актер да, әнші де, барлығы жұлдыздардың қатарына кіреді. Әртістер жүргізуші болады немесе актерлар ән салып сахнаға шығып жатады. Мұны коллаборация деп атайды. Бұл дүниежүзінде қолданылып келе жатқан тәжірибе. Өмірде әрбір адам өзін іздейді ғой.

Менен де негізгі мамандығыңыз қандай, музыкалық продюсерсіз бе, әлде кино продюсерісіз бе деп сұрайды. Өзім әр салада бармын. Өзіме жаңа жобаларды ашқан ұнайды. Сондықтан бұл пікірмен келіспеймін. Әртістер мүмкіндіктері келгенше қалаған дүниелерін жасап үлгеруі керек деп ойлаймын”, — дейді продюсер.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау