Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ағасынан азғындық көрген қыз басынан өткен оқиғаны айтып берді

Студент қыз бала күнгі бір оқиғадан қатты шошып қалған. Ол тіпті, сол бір жағдайдың  болашағына кесірі тиеді ме деп те бірнеше жылын алаңдаумен өткізген. Бойжеткен өз мәселесін айта отырып, ата-аналардан балаларына аса үлкен жауапкершілікпен қарауды сұрады.

қыз

Оқырман  Stan.kz  сайтына хабарласып, өзінің басындағы мәселесін айтты. Әрі бұл жағдайдың көптеген ата-аналарға сабақ болғанын қалайды. Себебі, Айнұрды 9 жасында туысқан ағасы зорламақшы болған.

-Айнұр, сізді туысқан ағаңыз зорлады ма?

-Мен негізі зорлады деп те нақты айта алмаймын. Азғындық жасады деген дұрыс шығар. Ата-анам сол бір қиын жылдары  қалаға саудамен айналысуға кетті. Мені әкемнің туысының үйінде қалдырды. Ол үйде ағам келіншегімен, олардың үш баласы және мен  тұрдық.  Жасым тоғызда болса керек. Үшінші сыныпта оқитын едім.

Ауылдың пешке отын жағатын қарапайым үйі. Қыстың кезінде барлығымыз бір бөлмеде жатамыз. Бірде жеңгем төркіндетіп кетті. Сол кезде түнде ұйықтап жатып оянып кеттім. Ағам үстіме шығып алып, мені  аузымнан сүйіп жатыр. Айғайлап жыладым. Содан ол орнына барып жатты. Мен жылап отырып «Папама бәрін айтып беремін» дедім. Сол күннен бастап өзім тұрып жатқан отбасыдан қашып кеткім келіп, әке-шешем келгенше уақытты  әрең өткізген шығармын.

-Әрі қарай не істедіңіз? Ата-анаңызға болған жағдайды айттыңыз ба?

– Мен сол түннен кейін қатты қорықтым. Ана кісі маған тағы да бірдеңе істеп жүреді ме деп. Сол күннен кейін жеңгем тағы екі күндей келмей қалды. Мен сол екі күнде бөлек ұйықтап жүрдім олардан. Енді 9 жасар қыз, ол кезде жыныстық қатынас туралы аз да болсын түсінік бар. Бірақ, толық емес. Көршіге, апайға немесе тағы біреуге айтуға ұялдым.

Ал жеңгем мен ата-анама айтсам шу болып кететінін білдім. Сол бойы осы жағдайды ешкімге айтқан емеспін. Кейіннен студент кезімде іштей қорқатынмын. «Мүмкін сол кезде пәктігімнен айырған шығар» деген ой басыма талай келді. Ақыры дәрігерге барып тексеріліп, көңілім орнына келді.

-Осы жағдайдан кейін ол үйде қанша уақыт тұрдыңыз?

-Екі ай шамасында тұрған шығармын. Ауылдың бір кісісі Астанаға сауда-саттыққа баратын болды. Сол кісі арқылы ата-анама хат жазып жібердім. Онда ешқандай артық зат жазбадым.

Тек ата-анама ауылда туысқандардың қолында тұрғым келмейтінін, мені қалада мектепке беруге шамалары болмаса уақытша сабақтан қалуға дайын екенімді түсіндірдім. Маған азғындық жасаған кісімен әлі күнге сөйлеспеймін. Түрін көргім келмейді.Ол менің хатым жайлы біліп қалып, сол ауылдасымыздан сұрап оқыпты. Содан әкем келіп алып кетті.

-Мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін қыздарға, жас аналарға жиі айтады екенсіз. Өзіңіздің басыңыздан өткенді қалайша ешкімге айтпадыңыз?

-Мен ата-анама қазірдің өзінде айта алмаймын. Олардың жүректері ауырып, қиналып қалмасын деймін. Одан қалса азғындық жасаған кездейсоқ біреу емес, туысымыз. Оны  туыстар арасындағы жиындарда көріп, араласып тұрады. Мен барлық адамдарға айтқым келеді. Туысым, жақыным деп ешкімге сенуге болмайды.

Бала ата-ананың жауапкершілігінде болғаннан кейін, оны барынша қорғап,қадағалауында ұстау керек. Мысалы, мен қазір ол кісіні көріп тұрамын. Жүрегім шайылып қалған. Айтуға сөз, қолданарға шара таппай қалдым. Бірақ, ондай арсыздар бетсіз келеді екен. Қайта көпшіліктің алдында маған сөйлеп, жағдай сұрасып  қалады.

Мен үндемей тұраберемін. Себебі, оның қандай адам екені маған белгілі. Аланның қолдауы шығар, абыройымнан айырылмаппын. Соған шүкір деймін. Тек, әр ана өз қызын көз алдында өсірсе екен. Ата-аналарға айтарым ешкімге сенбеңіздер.

Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.

Оқи отырыңыз:

Астаналық тоқал: Қызымды екінші әйел етуге дайынмын

Бақытты азаматтар әйелін ұратын жігіттерге кеңес берді

Жандарбек Бұлғақов: Еркектер серіктес болып босануды көтере алмайды

Түркістандық азамат көңілдесінен бала туған әйелін кешірмек

 

 

 

Талқылау