Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АЭС – болашақтың валютасы": Қазақстандық мамандар пайдалы және зиян тұсын атады

Жақында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС жайлы мәлімдеме жасады. Ол Атом электр станция жайлы қандайда бір шешім қабылданатын болса, халықтың пікірімен санасатындығы жайлы мәлімдеді. Ал президенттің Қазақстанға АЭС салу туралы ойы қазақстандықтарды біраз ойландырып қойғаны құпия емес. Соған қатысты Алматы облысында салынуы мүмкін АЭС жайлы еліміздің танымал қайраткерлері мен физик мамандары, дәрігерлер де пікір білдірді, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі «Өз ойым» бағдарламасына сілтеме жасап.

«АЭС – болашақтың валютасы: Қазақстандық мамандар пайдалы және зиян тұсын атады

Экономикалық жағынан Қазақстанға атом электр станциясын салу қаншалықты қажет? Экономистің айтуынша, болашағымыз үшін Қазақстанға АЭС салған тиімді.

«Асығу керек емес шығар. Бірақ, бұл 98 жылдан бері әңгіме болып жатқаннан кейін бізге керек. Себебі, бізде бүгінде көмірден, жылу электр станцияларынан алып жатқан энергиямыз арзан. Егерде біз оны арзан деп мұнайды, газды, көмірді жаға берсек экологияны құртамыз. Сондай-ақ, кейін болашақтағы ұрпағымызға шикізат болатын, химия өнеркәсібін дамытатын шикізатты жоқ қылып бекерге отқа жағып жібереміз.  Бұл ақшаны жаққанмен бірдей», - дейді экономика ғылымдарының докторы Сапарбек Жұбаев.

Ал белгілі қоғам қайраткері, экс-депутат Ирак Елекеев атом электр станциясының ел қорқатындай еш зияны жоқ екенін айтады.

«Бұл өте тиімді, пайдалы. Мен бірде-бір қолайсыз жағдай болды дегенді естіген емеспін. Оның үстіне бүгінгі күнде Францияда жылу беретін бүкіл атом электр станциясының көлемі 70,8 пайыз. Неге біз басқа елден артта қалуымыз керек. Біріншіден, бұл арзан болады. Екінші жағынан, экология жағынан да тиімді болмақ. Бұл бүгінгі заманның тренді. Бізде сондай бір қорқыныш бар. Соңғы кездері бәрін тыңдап жүрмін, бірақ құр босқа айқалағаннан гөрі осының қандай әсері бар соны айтса екен деймін. Қорқынышты деп айта береді, бірақ оның  қандай екенін ешкім айтпайды»,- дейді қоғам қайраткері, экс-депутат Ирак Елекеев.

Ал президенттік сайлауға үміткер болған  Мэлс Елеусізов болса бұл бастамаға түбегейлі қарсы, себебі оның еліміздің экологиясына әкелетін пайдасынан зияны көп дейді. 

«Кезінде Ақтауда тұздың судың тұзын алатын атом станциясын не үшін жапты дейсіздер? Ол істеп тұрды. Бірақ, атом станциясының керегелері өте жуан, бетоннан болатын. Оны радиация өтпесін деп жасаған. Алайда, физикада навиденный радиация деген бар. Бір жерден шыққан радиация бетонға кіреді және сонда тұрады. Содан кейін оны қайтадан жібере бастайды. Ал одан адам ішінде жұмыс істей алмайды. Сол үшін оны жапты. Бірақ, ол енді мың жылға дейін тұрады. Ешқандай пайдасыз мың жыл жатады. Екіншіден, оны салу 10 миллард доллар дейді. Бірақ, оны салғанша ол сома 20 миллард доллар болып кетеді»,- дейді қоғам қайраткері, эколог  Мэлс Елеусізов.

Бірақ, Германияда қызметте болған жас дәрігер Ғабит Нұрханұлы Атом электр станциясын ешкім жарылады деп салмайды дейді. Сондай-ақ, АЭС бар елдер мен Қазақстан халқының орташа өмір сүру деңгейін салыстырып, мысалдар келтірді. 

«Атом электр станциясын салу біздің денсаулыққа пайдалы демей-ақ қояйын. Себебі, одан да жақсы зияндары бар. Бірақ, салыстырмалы түрде айтатын болсақ бір АЭС 1 жылда шамамен 13 000 қалдық бөлетін болса, ал жылу электр станциясы жылына 165 000 тонна қалдық бөледі екен. Бұл 100 есе көп. Ол адам денсаулығына өте зиян. Екіншіден, АЭС қолданатын мемлекеттерді қарайық. Мысалы, АҚШ-та 99 станция бар, Фрацияда да аз емес. Ол елдердің халқының денсаулығы нашар деп ешкім айтпайды ғой. Барып қарасаң, Франция гүлдей жайнап тұр. Ал ол жақтарда адамдардың орташа өмір сүру деңгейі 80 жасқа барады. Бізде болса, адамдардың өмір сүру деңгей 64 жас»,- дейді дәрігер Ғабит Нұрханұлы.

Дәрігер атом элекстр станциясынан қырылып қалған халықты көрмедік десе, физика ғылымдарының маманы да көштен қалмай, бізге де АЭС салу керек дейді.

«Жалпы, Қазақстанға АЭС салуды дұрыс деп қолдаймын. Себебі, Чернобыль, Семей, Тримайлинг, Америкадағы 3 реактр атом электр станциясы әр түрлі адами факторға байланысты жарылды. Бірақ, олардың бәрі екінші покаление реактр деп аталады. Ол бұрын салынған реакторлар. Ал қазіргі 3 плюс деген реакторлар қауіпсіздік жағынан өте жоғары деңгейде салынған. Оның көмірмен жанатын жылу электр станциясына қарағанда радиациялық зияны аз. Көмірмен жұмыс істейтін станциялар АЭС-қа қарағанда 40 есе зиян. Атом электр станциясы – болашақтың валютасы деген сөз. Біздің болашақта 1 келі уранымыз 60 тонна мұнай мен 100 көмірмен тең. Көмір мен мұнай қоры бітеді. Біз болашақта АЭС-на дайындалу керекпіз. Ол 1 жылда емес 5-10 жылда салынады. Сондықтан, бізге заманның көшінен қалмай АЭС салуға болады», - дейді физика ғылымдарының доценті Нұрлан Амангелді.
 

Талқылау