Адамбай телехикая түсіру кезінде Франция полицейін алдап кеткенін айтып мақтанды
Танымал актер, режиссер және продюсер Нұртас Адамбай Парижде болған қызықты оқиғасымен бөлісті. 2013 жылы «Побег из аула» телехикаясының 3 маусымын «Махаббат қаласында» түсірген Адамбай жандармдарға ұсталып қалған екен.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
«2013 жылы «Побег из аула» телехикаясының 3-ші маусымын түсіру үшін алғаш рет Парижге барған едік. Түсірілім тобының құрамында 12 адам болдық. Ешқайсысымыз ол жерге бұрын бармағандықтан, біз үшін бәрі қызықты болды. Түсірілім жұмыстарын жүргізуге біздің рұқсатымыз болған жоқ, әрине! Сол себепті партизандық тәсілді қолдандық», – деп жазған Адамбай өзінің Инстаграмдағы парақшасында.
Әрі қарай Нұртас Адамбай мен оның тобы Эйфель мұнарасының алдында суретке түсіп тұрғандай кейіп танытқан.
«Жандармдар біздің телехикая түсіріп жатқанымызды білген жоқ. Бір күні біз Люксембург бағында ұсталып қалдық. Жанымызға жандарм келіп, басшының кім екендігін сұрады. Түсірілім тобы маған нұсқады. Осылайша мен Луи де Фюнестің әлеміне, нағыз француздық жандармерияға тап болдым», – деп жалғады сөзін актер.
Одан кейін полицейдің киімін киген әйел Нұртастың жанына келіп, олардың Франция заңын бұзғандарын және мушкетерлер елінде коммерциялық видеоның түсірілуіне тыйым салынғандығын айтқан екен.
«Жеткен жерім осы» деп ойладым. Олар біздің бар затымызды тәркілеп алатын шығар дедім. Бірінші келген ой: «7 арнаға не бетімді айтамын?» Амал жоқ, бұл жағдайдан қалайда шығуыма тура келді. Мен әлгі әйелге лав-стори түсіріп жатқанымды, болашақ жұбайымның Парижге ғашық екендігін және оның бұл түсірілімнен хабарсыз екендігін айттым. Сол үшін де достарыммен бірге Парижге келгенімді, ал үйленген соң әйелімді «Махаббат қаласына» алып келетінімді жеткіздім. Менің жолым болды. Әлгі жандармерияда ағылшын тілін білетін жалғыз сол әйел болып шықты. Егер оның орнында ер адам болса, менің әңгімеме сенуі екіталай еді. Бірақ, кім білсін? Қысқасы, менің хикаямды тыңдаған соң ол: «Неткен романтика!» деп бізге бөгет жасағаны үшін кешірім де сұрады. Тіпті, қажет болса, көмек көрсетуге әзір екендігін айтты», – деп жазды актер әрі қарай.
Осылайша, Францияның құқық қорғау органдарынан оңай сытылып кеткен отандасымыз әлгі әйелге шексіз алғысын айтыпты.
Сөз соңында Адамбай, адамды алдап, оғаш қылыққа барғанын жақсы түсінетінін, алайда романтикалық хикаяға алдана салатын француздарға қайран қалғанын айтты.
«Мәдениет деген керемет нәрсе!» – деп түйіндеді сөзін ол.