Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абыройымды айрандай төкті: Сиви Махмуди өзін мазақ қылған әнші жайлы шындықты айтты

Осыдан он бес жыл бұрын отандық шоу-бизнестегі алғашқы қадамын жасаған Сивидің көрмегені жоқ. Әнші бикештің бүгінде өнердегі әпкелеріне өкпесі қара қазандай. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Махмуди дүйім жұрттың алдында абыройдан айырған танымал әншінің әрекетін жұртқа жариялауды жөн көрді. Бірақ мазақ қылған әріптесінің әзірге аты-жөнін айтып, елге масқара қылуды қаламайды.

Сиви Махмуди

«Бір күні менің көзімді бақырайтып қойып мені эфирде жамандап отыр. Мен жүктімін. Күндіз-түні «жаным-жаным» деп іші-бауырыма кіріп кететін. Сендей алтын қыз жоқ деп жүретін. Менің туайын деп отырғанымды ол кісі біледі. Жылағанымды көрсеңіз, өзімді қоярға жер таппай кеттім. Сол кезде босанып қоя жаздадым. Қатты маған ауыр тиді», – дейді

Ол кезде Сиви тұрмысқа шығып, тұңғышына аяғы ауыр. Телебағдарламалардың бірінде айы-күні жақын бикештің түр келбетін кемсітіп, барша халыққа мынадай хабарлама айтыпты.

«Мына Сивидің бетінің бәрі пластика, бетінің сау жері жоқ деп мені эфирде мазақ қылып отыр. Енді келін болып түскен кезім. Енемнің, қайын сіңілімнің, күйеуімнің алдында абыройымды айрандай төкті. Жақсы араласып жүрген әпкем солай істеген кезде қатты құлазыдым. Содан кейін сындым, қайта тұрдым. Бірақ адамдарға содан кейін қатты сене бермейтін болдым», – дейді Сиви.

Қайын-жұртының алдында масқарасы шыққан Махмуди қытығына тиген әртіске бірден хабарласады. Алайда, өнердегі әпкесі өзін кінәлі сезінбеген сыңай танытып, Сивиге мардымды жауап бермеген.

«Мен ол кісіге жылап қоңырау шалдым. Неге мені олай шығарасыз? Мен сізді жақсы көремін. Мен сізге не істеп қойдым? Менің туайын деп отырғанымды білесіз. Сіз де ана болдыңыз. Неге олай істедіңіз деген кезде, артық нәрсе түсіндірген жоқ. Қайтадан мазақ қылып, болды уақытым жоқ деген кезде, одан бетер маған ауыр тиді. Егер де менен кешірім сұрап, барлығын қайта түсіндірген кезде мен түсінер едім. Содан кейін мен сол кісіні көрсем, ішім суық болып кетеді. Есіме де алғым келмейді», – дейді Махмуди.

Сол уақыттан бері өнердегі әпке мен сіңілі арасындағы сыйластыққа сызат түскен. Бүгінгі таңда жұлдызды бас қосуларда бетпе-бет кездесе қалса, бір-біріне сәлем бермейтін жағдайға жетіпті.

«Қазір ешқандай қарым-қатынас жоқ. Көрсем, көрмегендей болып өтіп кетемін. Оны Аллаһ разылығы үшін әрине кешіру керек қой. Бірақ екіқабат кезде болағаннан кейін бе, менің жаныма қатты батып кетті. Оны тек қана әйел кісілер түсінеді де. Жүкті кезде ол қатты батады», – дейді әнші.

Айта кетейік, Сивидің ашуын тудырған танымал әнші көпшілікке тележүргізуші ретінде де жақсы таныс екен. Бұрындары түрлі шоу-жобаларды тізгіндеген. Қазіргі таңда отандық телеарналардың бірінде ситком жанрындағы бағдарламада бой көрсетіп жүр.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау