Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абылай Мырзахметов жер үшін алаңдаған халық арасында арандатушы күштің жоғын айтты

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов БАҚ өкілдерімен кездесіп, жерді сату және жалға беру мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді.

88a02a0e538b67b7b2085b463d21c9ee-og

Мырзахметов халықтың көкейіндегі күдік-күмәнін ескере отырып, осы мәселеге қатысты алаңдаушылық білдіріп жатқан азаматтардың әрекеті орынды екенін айтты.

«Меніңше, әлдебір саяси күштер әдейі арандату үшін ұйымдастырып отырған жоқ, белгілі бір топтардың мүдделерін, лидерлерін көріп отырған жоқпыз, мұны ата-бабамыздан мирас болып қалған жеріміздің жат жұрттықтардың, шетелдік азаматтардың қолында кетпеуін ойлаған, жерінің тұтастығына алаңдаған қарапайым бұқараның азаматтық үні деп түсінеміз. Нақты айтқанда алып көршіміз қытайлықтардың иелігіне өтіп кетпей ме деген алаң бар халықта», — дейді ол.

Басқарма төрағасының айтуы бойынша, елімізде 180 мыңнан аса фермер бар. Бүгінде олар жерді жалға алып, өз кәсібіне жаратып отыр. Алдағы уақытта жерді елу пайыздық жеңілдікпен кадастрлық бағамен сатып ала алады. 100 миллион гектарға жуық ауылшаруашылық жері жалға берілген, 100 миллионы мемлекеттің иелігінде. Бизнес тұрғысынан қарағанда жер нарығы — пайда. Сондықтан жерді тиімді пайдаланған жөн.

Мырзахметов жерді жалға беру мерзімінің ұзаруы мәселесіне де тоқталып өтті.

«Өздеріңізге мәлім, 2003 жылы «Жер кодексі» қабылданғанда да үлкен дау болды. Ол, тіпті сол кездегі Үкіметтің отставкасына ұласқан еді. Қазір айтылып жатқан мәселелер, күдік-күмәндар ол кезде де айтылып, талқыланды. Бұрынғы кодексте де «шетелдіктерге жер сатылмайды» деген норма бар. Міне, содан бері 13 жыл өтті, жеріміз шетелдіктердің жаппай иелігінде кетті деп айта алмаймыз. Статистикаға сүйенсек, 63 мыңға жуық гектар жерді шетелдіктер жалға алып отыр. Осыншама аумақ жерді жалға алған шетелдік инвесторлар, жерді талан-таражға салғанын көрген жоқпыз. Сондықтан бұл арада мәселені ушықтырмай, тиімді шешуіміз керек. Заңға өзгеріс енгізетін үкімет пен парламент, ол жақтағы азаматтар да елдің көкейіндегі ойды естіп, көріп отыр, сарапқа салып отыр деп ойлаймын, бұл мәселенің оңтайлы шешімін табады деген үміттемін. Ол референдум бола ма, жоқ, әлде заңға мараторий жариялай ма, әйтеуір, халықтың да көңілінен шығатын, сондай-ақ экономикалық тиімділік тұрғысынан да қолайлы шешім болады деген ойдамын», — дейді Абылай.

Халықтың көкейіндегі бір алаң «Ертең қытайлар келіп, жердің тоз-тозын шығармай ма, улы химикаттар сеуіп, жарамсыз етпей ме?» деген ойға саяды. Бұны қатаң бақылауға алу керек дейді басқарма төрағасы.

Мырзахметовтың пайымдауы бойынша, егер жерді 25 жылға жалға беру туралы талап қалатын болса, шетелден келген инвестор аудандық жергілікті әкімшілікте құрылған комиссия арқылы алуы керек, одан кейінгі де әрекеті сол комиссияның бақылауында болуы керек.

Инвестордың не өндіретіні, қанша салық төлеп жатқаны, бәрі-бәрі қадағалауда болуы тиіс. Ол комиссияның құзыреті, құрамы, жұмысы бәрі ашық, жариялы түрде болуы керек. Яғни, ойы бөтен инвестор жерге иелік етіп кетпеуі үшін сақтық танытқан жөн.

«Жер босқа жатпауы керек, жер елге пайда әкелуі тиіс. Оны игеріп, одан халық өз нәпақасын айыруы қажет. Осы жұмыстардың барлығы жариялы түрде, ашық жүруі керек. Ол үшін жердің электронды картасын жасауымыз керек. Егер біреу жерді тиімді пайдаланбаса, комиссия құрылып, ол жер қайтарылып, игере алатын, пайда әкелетін адамға берілгені дұрыс. Бұл мәселелер заңда қарастырылған. Соған орай біз ауыл шаруашылығын дамытудың, жоғарыда айтылған мәселелердің барлығын қамтитын кешенді бағдарлама қабылдауымыз керек. Ол бағдарлама бойынша, нақты, жүйелі жұмыстар атқарылуы керек. Сонда ғана біз өзін өзі асырай алатын, экспорт деңгейін қамти алатын мемлекетке айнала аламыз», — деп өз ұсынысын айтты Мырзахметов.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытып, экономикамызды өрістету үшін алып үш нарықтан (Ресей, Қытай, Иран) айырылып қалмау керектігін баса айтты. Оның айтуынша, Қытай сынды алып нарықтан қашпауымыз керек. Біз үлкен нарыққа шықпай, өз бетімізше дами алмаймыз. Қытайдан келер қауіп жоқ. Оларға керегі, өз нарығын қамтамасыз ете алатын, тиімді алыс-беріс жасай алатын ел.

«Осы үш алып нарық жылына 100 миллиард доллар азық-түлікке зәру. Біз соның он-ақ пайызын алсақ, ауыл шаруашылығы өнімін 2-3 есеге өсіреміз. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс көзі, еңсесін көтерген ауылдар, үлкен қаржы көзі», — дейді ол.

Талқылау