Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абайдың замандасы, інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірбаяны

Stan.kz ақпарттық агенттігі ұлы ойшыл, ақын, жазушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры мен шығармашылығы туралы мәлімет ұсынады.

Абайдың замандасы, інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірбаяны

Екі дәуір, екі өмір мен екі өлімді басынан кешкен Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде Семей уезі, Шыңғыс болысы, Кеңбұлақ ауылында туған. Шәкәрім тобықты руынан. Ол кезде бұл руды Шәкәрімнің атасы басқарған. Тобықты – бай, беделді, құрметті кісі болған. Ал Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдан тараған жеті ұлдың үлкені. Абай болса үшінші ұл. Оның өскен ортасы үлкен әулет. Ол әулет бір ғана Шыңғыстау төңірегі емес, одан да тысқары бүкіл қазақ қоғамының, қазақ қауымдастығына кеңінен танылған үлкен әулет болды. Қазақ арасында Шәкәрім есімін білмейтін адам жоқ. Шәкәрім 7 жасқа толғанда әкесі өмірден өтеді. Сонда атасы Құнанбай жетім қалған немересін өз қамқорлығына алып, тәрбиелейді. Атасы немересін жетімсіреткісі келмегендіктен, Шәкәрімді көп әурелемеді. Бетінен қақпай, еркелетіп өсірді. Шәкәрім сондай-ақ, көкесі Абайдың отбасында тәрбие алады. Хәкім ақынның өнегелі тәрбиесімен бала Шәкәрім көп рухани нәр алады. Абайдың үйі, ортасы білімге, өнерге, жаңалыққа толы болады. Осы зиялы орта Шәкәрімнің таным түйсігін кеңейтеді.

Бала кезінен жаны нәсік елгезек Шәкәрім кез-келгеннің уайым-қайғысын өзінікіндей қабылдайтын. Бір күні сегіз жасар бала байқамай қоңыз басып кетіп, қатты қапаланады. Кейіннен осы қылығын өлеңге арқау етеді. Бұл өлеңнің әр жолынан бала жанының уайымы мен қайғысын байқауға болады.

Абай немере інісін ерекше еркелетіп, қолқанат болады. Абай тірі кезінде Құдайбердінің шапағатын көп көргендіктен, оның ұлын өз үйіне алдыртып, сауатын ашып, оқуға баулып, бойындағы барлық мейірімін аямай, ақылды да арлы бауырының азамат болып қалыптасуына жағдай жасайды. Кеш болса інісіне «Мың бір түн» ертегісін айтып, Шәкәрімді алғаш Шығыстың поэзиясымен таныстырады. Ағасының айтқан Әли баба, Алладин, теңізші Симбат туралы хикаяттарын бар зейінімен тыңдап ұйқыға кететін Шәкәрім тағылымы мол танымдық дүниенің барлығын түсінде көріп, түрлі сезімге беріледі.

Шәкәрімнің зерек болғаны соншама ол ағасының айтқанын терең түсініп, тез ұғып алады. Егер Абайдың үйін кішігірім кітапхана десек, кейбір кiтаптар әлі күнге дейін сақталған. Олардың ішінен үнді, парсы, араб авторларын оңай табасыз. Мінеки, дәл осы  кітаптарды Шәкәрім бала кезінен жастана оқып, олардан алған тағылымдарды өмірінің соңына дейін серік еткен.

Шәкәрім табиғатынан талантты. Әуелетіп ән салып, аспаптарда ойнап, 14 жасында бірнеше тілді жетік меңгеріп, әрі музыка жаза бастайды. Ал қолөнер шеберлігі оған нағашы жағынан дарыған. Шебердің қолы ортақ. Ол ағаштан түйін түйіп, матадан киім тігіп, бүлініп қалған кез-келген дүниені жөндейтін қабілет иесі. Шәкәрім ағаштан мандолин мен скрипка жасаған. Киім тігіп, оған кестелеп ою-өрнек те салған. Тіпті, бірде түлкінің тісінен жараланған бүркіттің тырнағына арнап болаттан протез жасаған екен.

Шәкәрім зеректігімен, өнер-білімге құштарлығынан өз ортасына тез танылды. Жерлестері Абай ауылында жас данышпан өсіп келе жатыр деп, оны басқа балаларға үлгі еткен. Ақынның ақыл-кеңесіне сол кездері үлкендер мен ақсақалдар өзі келісіп, айтқандарынан тоқтаған.
1905 жылы Шәкәрім қасиетті Меккеге қажылыққа барады. Бұл сапарға оны діндарлығы жетелемеді, Абайдың өсиеті бойынша бала кезіндегі арманын орындау мақсатында жолға шығады. Сөйтіп сапар кезінде әлемге әйгілі кітапханаларға баруды мұрат етеді. Олардың арасында Стамбұл мен Париждегі кітапханар бар. Абайдың тапсырмасы бойынша, өзінің ойы бойынша тек қажылыққа барып, Қажы атанып қайту емес Стамбұл, Мекке Мәдине, Мысыр кітапханаларына барып, ғылыми орталықтарда жұмыс жасап қайту негізгі мақсаты екенін өзі жазып кеткен. Бара жатқанда да 13 күн, қайтарда да 13 күн Стамбұл кітапханасына барып жұмыс жасап, Батыс пен Шығыстың ірі ғұламаларымен кездесіп, ой бөліскен.

Шәкәрім Стамбұл мен Париж кітапханаларынан туған халқының шығу тегіне қатысты тарихи құндылықтар табады. Кейін осы құндылыққа сүйене отырып, «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресін» жазады. Осылайша, шежіре жазу, зерттеу арқылы ғалым дәрежесіне жетті. Сонымен қатар, Шәкәрімді философ, әлемдік дәрежедегі ойшыл ретінде қабылдауымыз керек. Ол алақандай Шыңғыстаудың сайының ішінде жатып, әлемдік проблемаларды ойластырып, соны шешудің жолдарын іздестірген үлкен философ.

Шәкәрім қажы өмір ағысында болып жатқан дүниедегі өзгерістердің бәрін тереңінен барлап, өз өзеңдеріне негіз еткен. Әсіресе, Шәкәрімнің әлеуметтік-саяси құбылыстарға қатысты ой-пікірлері, тұжырымдары немесе өзі тікелей араласқан сол санаттағы іс-шаралар, қызметтері жөнінде «Ұмытылған дастан» деген керемет шығармасы бар. Соның өзін алып қарасақ тарихи дерек.

Құнанбай немересін әрқашан мақтан тұтатын. Шәкәрім 19 жасқа толғанда атасы оны өз жұмыстарына жақындата бастайды. Отбасы дәстүрін жалғастырғанын қалаған Құнанбай оны басқарушылық қызметтен көргісі келді. Шәкәрімнің ағартушылық қабілеті халыққа пайдасын тигізгенін қалаған атасы: «Ру басы бола жүріп, қара халыққа көмектескенім үшін таяқ жедім. Маған келгендердің бәрі жағама жармасты. Ру арасы алатайдай бүлінді. Маған кімдер қарсы келгенін білесіз бе? Өзімнің ет жақын туған-туыстарым. Жау сырттан емес, іштен шықты. Іштен шыққан жау жаман. Мен сонда да халықты жақтадым. Сен де адамды алаламай, тәлкекке түскендерге көмектесіп, қамқор болуға билігіңді жүргіз. Сосын өзіңе қарсы шыққандарды да албаты қаралауға асықпа» деп бата берген.

20 жасында Шәкәрім билікке белсене араласып, Шыңғыстау болысында сайлауға түсіп айқын басымдықпен жеңiске жетеді. Болыс бола жүріп бас құрап, ота тігу оған да міндет болды. Өз тағдырын мәуенiмен жарастырған Шәкәрімнің 1878 жылы тұңғышы дүниеге келгенде өмірге деген көзқарасы бұрынғыдан бетер өзгереді.

Шәкәрім байлар байып, кедейлер керісінше тақыр кедей болу керек дейтін ортағасырлық феодалдар мен патриархтардың тәртібіне қарсы шығады. Қара халықтың сауат ашып, білім алып, басқалармен тең болуын қалайды. Ол өз шығармаларында қазақ қоғамындағы қорқау, айлакер, қатігез арамзалардың ел ішіне іріткі салып, іріту арқылы билікке келуді көксегендердің көкейіндегісін қатты сынайды. Оларды пайдакүнем, дүниеқоңыз дейді. Шәкәрім осылайша, барлық бұқараға бірдей көмектесіп, жүз шайысқан ру аралық қатынастарды тәртіпке келтіріп, қоғамның түрлі қақпарларында қалыптасқан келеңсіздікті жойып, қазақ сахарасында бейбітшілік пен береке орнау үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.

Шәкәрім лирикалық тақырыпқа да көп қалам тартқан ақын. Оның «Еңлік-Кебек», «Қалқаман – Мамыр» шығармалары қазақ әдебиетінің тарихында шоқтығы биік жаухар жыр саналады. Бұл классикалық поэмаға қазақтардың арасындағы ғасырлар бойғы ру аралық талас-тартыстың өткір проблемалары мен солардың кесірінен тәлкекке түскен тағдырларлардың махаббаты өзек болды.

Шәкәрім және Абай есімі қазақ әдебиетіне сіңірген еңбектерімен ерекше аталатын егіз ұғым. Қос алыптың Жидебайдағы кесенелерінің іргелес жатуының өзінің ерекше сыры бар. Себебі, Шәкәрім Абайдың ізбасар шәкірті, әрі үзеңгілес сенімді серігі. Бір әулеттен шыққан қос ұлдың екеуі де дінге берік, рухани бай талантты туған халқының қамын күйттеген өмірлік ұстанымдары мен шығармашылық көзқарастары бір-біріне ұқсас жандар. Бірақ, тағдырлары бір-біріне мүлдем ұқсамайтын тарам-тарам.

Революцияға дейін де, кейін де Абайдың шығармалары мыңдаған тиражбен таралып, ел жұртына танылып, халық құрметіне бөленіп жатса Шәкәрім туралы олай айта алмаймыз. Қанша қуғын көріп, зұлымдықпен қаза тапса да Шәкәрімнің есімі қазақ әдебиетінен қасақана өшіріліп келді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы аумалы-төкпелі кезеңде күрделі ғұмыр кешті. 19 ғасырдың ортасында дүниеге келіп, 20 ғасырда 1930 жылы дүниеден озды. Алайда, тек 1962 жылы рухы жай тапты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау