Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абайдың имаммен қақтығысуы: Ұлы ақынның имамды ұялтып тастаған оқиғасы

Бұл әңгімені Мағзұм Мұхаметжанұлынан естідім. Мағзүм қазіргі Мерке ауданында тұрады. Бұл кісі Семейде тас мешітте Ғабдылхақ хазіреттен оқып, жоғары дәрежелі діни білім алған.

99

Ғабдылхақ хазірет Мәдина қаласында оқып, дәріс бітірген. Оны Семейдің атақты байы Мусин шақыртып алып, қызын беріп, қос мұнаралы сәнді мешіт салдырып, сол мешітке имам сайлаған.

Семей қаласында шеттен келіп орналасқан татардың бай саудагерлері көп болған. Семейде 12 мұнаралы мешіт болған. Оның оны татарлардікі, екеуі ғана қазаққа қарайды. Абайдың ұстазы Көнәли хазіретті үлкен деп сыйласа, Ғабдылхақ хазіретті асқан ғалым деп дәріптейді. Татар байлары асыра мақтай берген соң Абай Ғабдылхақ хазіретті көруге өзінің көңілдесі Ғайса бай-патшаға еріп жұма намазына тас мешітке барады. Халық аса көп жиналғандықтан мешітке сыймай, жұма намазын мешіттің қорғанында оқиды. Абайдың үстінде орысша тігілген ақ рәпес пешпет, шалбары бар, аяғында мәсі, басында тақия, бірінші сапта, имамның нақ артында тұрады. Намаздың соңында имам халыққа қарсы қарап отырып, фатиқа жасап болған соң Ғабдылхақ хазірет:

– Сен орыспысың? – дегенде Абай:
– Мен қазақпын, – дейді.

Хазірет шамдана сөйлеп:
– Сіз кім де болсаңыз үстіңіздегі киіммен екіншілей мешітке келмеңіз, – дейді. Абай:
– Қандай себеппен, өзімнің адал пұлыма сатып алып, ақшасын төлеп тіктірген киімім, кірі жоқ таза. Менің киімім мешітке кіруге лайықсыз киім емес, – дейді. Ғабдылхақ:
– Айттым ғой, мұндай киіммен мешітке кіруге болмайды, орысша тігілген, – деп алғашқы пікірін қайталайды.

Абай:

– Олай болса, Хазірет, өзіңіз ең алдымен жөнге келіңіз, – дейді. – Ислам дінінің тірегі, Мұхамет пайғамбардың тұрған жері Мәдинаны көрдіңіз. Мәдина халқының мешітке киетін арнаулы киімі болады. Тобығына жететін таза шапан, мәуітіден тігілген арнаулы алды тайқы тақиясы болады. Сақтияннан тігілген башмақтарын қолтықтарына қысып келіп, мешітке кірерде ғана киеді де, мешіттен шыққан соң жер баспай қайта орап қолтығына тығып алады. Осы жұма намазында отырғандардың ондай киім киген бір де біреуі жоқ. Ал орысша киіммен мешітке кіруге болмайтын болса, осында отырған барлық татардың байлары мен бәйбішелерінің кигені Иван Грозный патшаның тұсындағы орыс модасы. Өзіңіздің үстіңізге киген көк мәуіті пальтосымағыңыз да сол мода. Аяғыңдағы – американ товарынан тігілген мәсі де – америка модасы. Мешітке әшекейлі, жылтырауық киіммен кіруге рұқсат етпейтінін неге өзіңіз есіңізге алмайсыз? Менің киімім орысша тігілген болса, сіздің етігіңіз американша тігілген. Діни көзқараспен қарасаң, америка мен орыстың қандай айырмасы бар? Орысша киіммен мешітке кірмейтін болса, өзің бастатқан татардың барлық бай-патшалары мешітке кірмеңдер, – дейді. Ғабдылхақ хазірет жауап қайтара алмай қызарақтап:

– Мына кісі қалай өзі? – деп қысылып қалады.
Көшеде келе жатқанда Ғайса бай-патша:
– Япыр-ай, Абай мырза, көпшіліктің көзінше хазіретке өте ауыр айттыңыз-ау, – дейді. Абай:
– Айтса несі бар, осы күні бір ғана Ғабдылхақ емес, барлық хазіреттердің сәлдесінің ұшы нәжіске матырылып жүр, – деп жауап береді. Ғайса бай-патша:
– Осы сөзіңізді хазіреттердің көзінше айта аласыз ба? – дейді. Абай:
– Айтпақ түгілі ақиқатпен дәлелдеп, мойындарына қойып та берем, – дейді.
Келесі жұмада Ғайса бай-патша тай сойып, қымыз алып, 12 мешіттің имамы мен аржақ-бержақтың байларын қонаққа шақырады. Қонақтар тегіс жиналып, қымыз ішіп отырғанда Ғайса бай-патша Абайға:

– Әнеукүнгі сөзіңізді айтасыз ба? – дейді. Абай:
– Айтамын, – деп жауап береді. Ғайса енді сөйлей бергенде, Абайдың ұстазы Кәмәли хазірет:
– – Ғайса мырза, аз сабыр етіңіз, – дейді де, Абайға қарап:
– Иә, шәкіртім, бір сөз айтып па едіңіз? – деп сұрайды. Абай:
– Айтып ем, – дейді тағы да. Сонда Кәмәли:
– Менің шәкіртім Абай айтса – нағыз дәлелмен бекітетін шындықты айтады. Осы жиылған топта шындықты сүйетін де адам бар, сүймейтін де адам бар. Сондықтан бақыс тумас үшін сол сөз айтылмай-ақ қойсын, – дейді.
Ешкім бұл сөзге қарсы болған жоқ. Абай сөзі айтылған жоқ.

Шәкір Әбенов, халық ақыны

Жіберіп алмаңыз:

Дінмұхамед Қонаев 7-сынып оқып жүргенінде бір адамды ажалдан құтқарып қалған

Өзгенің кесірінен жыннан жапа шеккен қыздың оқиғасы

Мұсылман көршісінің әсерімен Исламды қабылдаған американ қызының оқиғасы

Талқылау