Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

8 жасар алматылық бүлдіршін шахматтан әлем чемпионы атанды

Грузия астанасы Батумиде балалар арасында шахматтан өткен чемпионат аяқталды. 8 жасар Алматы тұрғыны Айша Закирова шахматтан әлем чемпионы атанды.

20161031115418

Фото: ҚазАқпарат

Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

Айша 6 жасынан бастап кәсіби түрде шахматпен айналысып келеді. Ол Алматыдағы халықаралық кәсіби шахмат мектебінің білімгері. Соңғы жылдары оны Шакей және Кәусар Бауыржан жаттықтырған.

«Бақыттымыз. Бір жылдай уақыт бойы мен Айшаны жаттықтырдым. Ал қазіргі оның ресми бапкері – менің әкем. Алғашқыда ойынның қыр-сырын үйретуден бастадық. Одан кейін 2 жүрістен кейін мат қоюды үйреттік. Ол кезде Айша жарысқа қатысудан қорқатын. Кейде жылайтын. Бірақ біз аянбай тер төктік және бүгінгі таңда ол сайысқа сеніммен аттана алатындай жағдайға жетті. Айша өзіне сенімді шахматшы. Біз оның әлем чемпионы болғанын қаладық, бір жағынан сендік. Қыз өте талантты, алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенеміз», – деп атап өтті Кәусар. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есеновтің айтуынша, Айшаның жеңісі – ерінбей еңбек етіп, оқып, жаттыққан адамның кез келген мақсатқа жете алатынын тағы да бір рет дәлелдеді.

20161031115422

«Әлемдік бәсекедегі Айшаның басты қарсыласы Моңғолия спортшысы Унурзул Даваакхуу болды. Мен екеуінің ойынын мұқият бақылап отырдым. Әсіресе ақтық кезеңде. Егер есеп тең түскен жағдайда, жеке кездесуде жеңіске жеткен спортшыға осы жеңісті де берер еді. Дәл мен ойлағандай болып, екеуі тең түсті. Бірақ жеке кездесуде менің қызым ұтқан болатын. Сол себепті ол чемпион атанды. Өзім де 6 жасымнан бастап шахмат ойнауды үйренгенмін. Бірақ біз кішкентай қала Аягөзде тұрдық, онда шахмат үйірмесі болған жоқ. Бұл жағынан алғанда Айшаның жолы болды. Табанды еңбек еткенінің арқасында бүгінде жемісін көріп отыр. Бүгін біздің үйде мереке. Барлығы әуежайға барып, оны қарсы алуды қалап отыр. Оның алғашқы қатысқан салмақты бәсекесі Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионаты еді. Алайда ол кезде қызымның тәжірибесі жеткіліксіз болды. Енді міне Батумиде өткен әлем чемпионатында ол чемпион атанып отыр. Біз қызымызды шахматпен айналысуға мәжбүрлеген емеспіз. «Басқа нәрсемен айналысқың келсе, айналыс» деп үнемі айтып отырамыз», – деп атап өтті чемпионның әкесі, әуесқой-шахматшы Тілеубек Закиров.

Шахматтан балалар арасында өткен әлем чемпионатына әлемнің 66 елінен 728 жас шахматшы қатысты. Сайыс 11 кезеңнен тұратын швейцарлық жүйеде өтті. Өзге қазақстандық спортшылардан Меруерт Камалиденова (12 жасқа дейінгі қыздар арасында) бесінші орыннан, ал Аңсат Алдияр (8 жасқа дейінгі ер балалар арасында) алтыншы орыннан көрінді. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, дәл осы сайыста тараздық 12 жасар Бибісара Асаубаева әлем чемпионы атанды. Алайда Қазақстанның тумасы бұл жолы Ресейдің намысын қорғады.

Жіберіп алмаңыз: 

Шетелдік БАҚ Жәнібек Әлімханұлына Головкиннің ізбасары деген баға берді

Допинг дауына іліккен спортшыларға қатысты министрлік мәлімдеме жасады

Қазақстандық кәсіпкер боксшы Назым Қызайбайға үй салып берді

Араб азаматымен көңіл қосқан қазақ қызы туған балаларына жете алмай зар жылауда

Талқылау