Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

79 жастағы ана: Ұлым желкеме теуіп, сабап тастады

Алматыда күйеуінен оңбай таяқ жеп, азап тартқан әйелдер саны күрт артқан. Жыл басталғалы сақшыларға осындай арызбен 2600 келіншек жүгініпті. Тек күйеуі емес, туған баласы көгала қойдай сабаған қариялар да бар,-деп жазды КТК арнасы.

Отбасындағы осындай озбырлықтың артуына байланысты,  жуырда Алматыда қорғансыз қалғандарға арнап дағдарыс орталығы ашылды. Бірақ, жақынынан қиянат көргендер бұл әлеуметтік мекемені уақытша ғана паналай алады.

37 жастағы мына келіншек өз күйеуінен адам сенгісіз қорлық көргендердің бірі. Ішкілікке салынған жолдасы оны көгала қойдай сабауды әдетке айналдырған. Әйел бұған 3 жыл бойы шыдапты. Ақыры 3 баласымен бірге азаптан әрең қашып құтылған.

«Ақша жоқтан ұрыс  басталды, қол көтеру де басталды»,-дейді әйел.

Өкініштісі сол, биыл Алматыда мұндай әйелдер саны артып отыр. Қаңтардан бастап 2600-ден аса зорлық-зомбылық құрбаны полициядан араша сұрапты. Тіпті, 20-ға жуық ұрыс-керіс оқиғасы таяқ жеген келіншектің қазасымен аяқталған.

«Біз 2600-ден аса қорғау нұсқамасын шығарып 700-ден аса әкімшілік жауапқа, сотқа дейін жеткіздік. Бұл салыстырмалы түрде көп пе, әлде керісінше азайған ба?  Бір 100-150 адамға дейін көп»,-дейді Алматы қалалық ІІД әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Майя Тоқсанова.

Ал, азапқа үнсіз көніп келе жатқан әйелдер қаншама. Жағдайдың ушығуы шенділерді де бей-жай қалдырмапты. Олар жақынынан қиянат көргендерге арнап дағдарыс орталығын ашқан. Өйткені, зардап шегушілер үйіне қайтып барудан қорқады. Ал, бұдан былай олар осы мекемені паналайды.

Бұл орталықтың ашылғанына 20 күн ғана болған. Ал, дәл қазіргі сәтте мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған 8 әйел мен 9 бүлдіршін жатыр. Негізі мекеме 50 орынға шақталған.

Мекемеде зорлық-зомбылық құбандарына психологиялық, медициналық және заң тұрғысында көмек көрсетіледі. Қазір өз баласынан таяқ жейтін қариялар да көбейген. Солардың бірі 79 жастағы мына әжей. Оның дағдарыс орталығында тұрып жатқанына бір апта болыпты.

«Ұлым тиіседі маған. Содан кейін менің жағдайым болмады. Аяғыменен желкеме бір ақ тепті өкшесімен. Қашып далада жүремін»,-дейді зейнеткер.

Осы орталықты ашуға бюджеттен 110 миллион теңге бөлінген. Бірақ, мұнда жақынынан қысым көргендердің бәрі келе алмайды. Олар іріктеледі. Әрі бұл көмек уақытша ғана. Өйткені, зардап шегушілер мекемеде әрі кетсе жарты жыл тұрады.

«Әйелдер біздің орталықта ең көбі 6 ай бола алады. Кейбірінің құжаты жоқ. Сондықтан, оны жасағанға дейін бізде тұрақтайды. Олар орталықтан кеткеннен кейін де 1 ай бойы жағдайын жіті бақылауда ұстаймыз»,-дейді «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін дағдарыс орталығы» директоры Зульфия Байсақова.

Бұл Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған тұңғыш мемлекеттік мекеме. Мұндай орталық әзірге еліміздегі 8 қалада ғана бар. Ал, мамандар жақынынан оңбай таяқ жегендер үшін жедел желі жұмыс істейтінін тағы еске салды. Оның номері 150.

Оқи отырыңыз:

Айнұр Тұрсынбаева: Оқушы күнімде жұлдыз Мейрамбектің мені танитынын біліп жүрегім тоқтап қала жаздаған

Мақпал Жүнісова өзіне өмірлік серік іздейтінін жасырмады

Астаналық әйел дәрігерлердің қателігінен бір омырауынан айырылды

Талқылау