Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

77 жастағы қария қатерлі ісікті қалай жеңгенін айтып берді

«Спорт – денсаулық кепілі» деген тәмсілді жиі тілге тиек еткенімізбен, көпшілігіміз спортпен тұрақты түрде айналыса бермейтініміз анық. Ал спортты өмірінің айнымас серігі еткен Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласының 77 жасар тұрғыны Жолсары Құсанұлының күн сайын жасайтын жаттығулары кім-кімді болса да, таңдай қақтырмай қоймайды. Денсаулыққа ерекше күтімді қалай жасауға болатындығын Жолсары ақсақал Stan.kz тілшісіне баяндап берді.

«Әрбір күнім таң азанымен суық су құйынумен басталады. Таза ауада жүгіру мен 24 келілік гір тасын көтеру де күнделікті міндетіме айналған. Жүзге дейін жерден тартыламын (отжимание - ред.). Сонымен қатар, аяғымды алдыма жіберіп, отырған күйімде үш саусағыммен жерден тартыламын (отжимание сидя - ред.). Шапшаң қимылдап, сергек жүргенім де өмір бойы спортты серік етіп келе жатқандығымнан деп білемін», – дейді жетпістің жетеуіндегі Жолсары ата.

Анығында, отырған күйде үш саусақпен жерден тартылу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін әдіс. Әсіресе, сексен жасқа таяп қалғандар арасында саусақпен санарлық.

Осы өңірдің Сырым ауданы, Абай елді мекенінде туып-өскен қария спортпен шұғылдануды бала кезден қолға алыпты. Жасы ұлғайған шағында да қыстың қақаған суығында үстіне мұздай су құйынып, денесін қармен ысқылайтындығы кім-кімнің болса да таңданысын туғызбай қоймайды. Жас күнінде спорттың сан алуан түрімен айналысқан ол кісі күрескенде қарсыласын жықпай қоймапты. Жаз шықса, велосипед теуіп, суда балықша жүзуді серік етеді. Спорттың қаншама түрін асқан шеберлікпен орындағанына қарамастан, өзінің кәсіби спортшы емес екенін қайталаудан танған емес. 

Былтырғы жазда өзі тұратын Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында Спорт күніне орай ардагерлер арасында суда жүзуден өткен жарыста жеңімпаз атанды. 

Кейіпкеріміздің күнделікті ұстанатын дағдысынан бөлек, басынан өткерген жәйттері де ерекше. Бір емес, екі рет ауыр жағдайда ажалмен бетпе-бет келіп, қалай аман қалғанын айтқанда, еріксіз таңданасың.

"Осыдан жиырма бес бұрын жылыту қазандығында жұмыс істедім. Түнгі ауысымда көз ілместен судың температурасын, қысымын тексеріп жүргенмін. Бір кезде етігімнің қонышы айналып тұрған моторға абайсызда ілініп кетті. Сөйтіп, шалбарымның балағын қара санға дейін жұлып әкетіп, тізеден төменгі бұлшық еттің жұлма-жұлмасын шығарды. Сонда мотордың тартқышын әупірімдеп қолмен тартып тоқтаттым. Енді саннан суша аққан қанды тоқтату керек болды. Белдігімді шешіп, санды қатты буып тастадым. Қыстың қақаған 40 градустық аязында жақын маңдағы ұлымның үйіне еңбектеп жеттім, әйтеуір", – дейді Жолсары ата. 

Түннің бір жарымында жападан-жалғыз мұндай күйге түскен адам есеңгіреп кетер ме еді, бәлкім. Ал тумысынан қажырлы жан бар қиындықпен жалғыз өзі алысып, ұлының үйіне жетіп жығылыпты. Ақ халатты абзал жандардың арқасында шұғыл түрде ота жасалып, денсаулығын қалпына келтіреді. Қозғалыссыз жатпай, спорттық жаттығуларын ептеп жасау арқылы аяғынан тік тұрып кетеді. Тіпті, үш-төрт айдан кейін-ақ комбайнына отырып, астық жинау науқанына белсене араласады.

"Шынымды айтсам, өмірімде тұмауратып көрген адам емеспін. Ойламаған жерден 1998 жылы ет пен терінің арасында белгісіз ісіктер пайда болды. Дәрігерлер қатерлі ісік деп тапты. Яғни, "Саркома Капоши" диагнозының 2-деңгейі қойылды. Он жеті жыл бойы осы дертпен алысып, дәрігерлердің берген барлық емін бұлжытпай дер кезінде қабылдағанымның арқасында құлан-таза айығып шықтым", – дейді қатерлі дертке қасқайып қарсы тұрған қария. 

Медициналық еммен қатар, спортпен тұрақты түрде шұғылдануы, əсіресе, суық су құйынуы қатерлі дертті жеңуіне зор септігін тигізген.

Бүгінде Бөрлі аудандық орталықтандырылған ауруханасының онколог дәрігері Альфия Каримова Жолсары Құсанұлының клиникалық бақылауда екенін, яғни қатерлі ісікке қарсы ем-домдар тоқтатылғанын, тек жылына бір мəрте толық тексеруден өтіп тұратынын айтады. 

Кез-келген қиындықты мойымай көтере білген Жолсары қария бүгінде өмірлік серігі, сонау Ертіс жағасынан тапқан керекулік жары Несібелді екеуі – үш қыз, екі ұл өсіріп, олардан өрбіген немере-шөберелерінің қызығына тоймай отырған ата мен әже. Жақында ғана алтын тойларын атап өткен отбасының өмірі бүгінгі жастарға үлгі-өнеге екені сөзсіз.

 

Арнайы Stan.kz үшін
   


 

Талқылау