Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

7 жыл бойы дертімен күресіп келе жатқан 32 жастағы алматылықтың анасы қазақстандықтардан көмек сұрайды

Ана үшін өмірдегі ең қасіретті дүние — баланың ауыр дертке шалдыққанын біле тұра, қолдан ешнәрсе келмейтінін түсініп, шарасыз күй кешу. Біздің кейіпкеріміз Алтын Қабдулина да дәл қазіргі уақытта басынан дәрменсіз күйді өткеруде. Оның ұлы Олжас Ешкеновке 25 жасында бүйрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған. Ашынған ана баласына қалай көмектесерін білмей, өмірден түңіліп кеткенін жасырмайды. Алайда, мейірімді жандардың көмегімен баласының тез арада аяққа нық тұрып кететініне сенеді

Алматылық Алтын Қабдулина есімді әйел жалғыз ұлы бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан соң, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған. Қазіргі таңда оның бар назары, бар ойы — баласын тезірек емдеп жазып, денсаулығы жақсы замандастарының қатарына қосуда.

Қабдулинаның ұлы дертімен жеті жылдың көлемінде күресіп келе жатыр. Олжас Ешкеновке шұғыл түрде бүйрек трансплантациясы қажет. Ал науқас кезекте тұрған А.Н.Сызғанов атындағы Хиругия ғылыми орталығында былтыр жылына шамамен үш-төрт трансплантация жасалынған. Өкінішке орай, азаматтың сау мүшесін беретін донорды іздеуге шамасы да, ақшасы да жоқ. Сондықтан ол қазақстандықтардың көмегіне мұқтаж.

“Менің балам бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың қатарына кіреді. 2012 жылдан бері қанды бүйректен тыс тазарту әдістерінің біріне, яғни гемодиализге барады. Бүйрегіне трансплантация жасату үшін кезекте тұрмыз. Бірақ кезектің жылжымай, бір орында тұрып қалғанына бес жыл болып қалды.  Бүйрек трансплантациясына үш мың адам мұқтаж. Олардың жасына да, кәрісіне де көмек керек, жақсы түсінемін. Бірақ ана болған соң, ұлыма қарап жүрегім ауырады.

Басымнан не өтпеді десеңізші. Жас болсам мейлі, қарызға ақша алып, трансплантация жасататын едім. Қалада орналасқан А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталығындағы дәрігерлер ешқандай ақшаның да, таныстың да көмектеспейтінін, кезекті күту керектігін айтты. Өзім алпыстағы әйелмін, зейнетке шыққаныма екі жыл болды, бүйректі ауыстырып салғанға беретін ақшам жоқ. Жиған-тергеніме ұлыма дәрі аламын. Бізге жүрек ауруларын емдейтін,  құны 5000 теңгелік престанс дәрілерін ішу керек, ал дәрігерлер оларды тегін жазып бермейді. Престанстың орнына қолымызға одан арзанырақ тұратын престариумды ұстатады (престариум және престанс — жүрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққанда ішуге арналған дәрілер, престариумның құрамында бір ғана активті компонент бар, ал престанс — құрамдастырылған препарат — ред).

Оның үстіне, тұрып жатқан пәтерімізді де ипотекаға алғанбыз. Ай сайын банкке 170 мың теңге төлеймін. Ақша жинап, 20 мың теңгеге  ұлыма екпе түріндегі және т.б. дәрілерді сатып алдым. Зейнетақы мен ұлымның жәрдемақысына күн көріп отырмыз”, — дейді Алтын Қабдулина.

Олжас Ешкенов дертке шалдықпай тұрып болашаққа зор жоспары бар  азаматтардың бірі еді. Ол Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің техникалық факультетінде, метереология саласын оқып шыққан. Бірақ өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Екінші мамандығы бойынша, банкте экономист ретінде, “Базис-Телеком” компаниясында жетекші маман ретінде жұмыс істеген. Алайда, денсаулығы сыр бере бастағаннан кейін, Ешкеновтың жұмысқа қарайтын шамасы болған жоқ.

“Олжас туылғанда денсаулығы мықты болған, бойында ешқандай аурулардың белгілері жоқ еді. 25 жасында кенеттен ауыр дертке шалдықты. Басы қатты ісініп, ауыра бастады. Дәрігерлер қараған соң, дереу жасанды бүйрек аппаратына жатқызуды бұйырды. Екі қолына фистулаларды қойып, креатининнің мөлшері 500-ге жеткенін айтты (сау ер адамның қанында креатининнің мөлшері 80-115 мкмоль/л). Мен тығырықтан шығарар түрлі жолдарды іздей бастадым. Қымбат дәрілердің көмегіне жүгіндім. Сосын бұның барлығы бекер екенін түсіндім. Нейфрондары бітіп қалған соң, бірден бүйрегін ауыстыру керек еді. Одан басқа емдеп жазар жол жоқ. Бастапқыда ұлым өзі трансплантацияға келіспей қойды. Басқа жолдың бар екенін айтып, қоймайды. Ал мен бүйрек жетіспеушілігін тек оны ауыстырумен ғана емдеуге болатынын түсіндім.

Өткен жылдың жазында оның қалқанша жағындағы безіне күрделі ота жасалды. Мүшенің жартысын алып тастады. Сондықтан Олжас қазіргі жағдайынан қысылады, қыздармен танысудан, олармен сөйлесуден ұялады, бір жерге барып қайтуға келіспейді. Ақырында, сыртқа өзім алып шығамын, төрт қабырғаға қамалып отыра бергеннің дұрыс емес екенін түсіндіремін. Достары да көп болатын, қазір жоқтың қасы. Ауру адаммен кім дос болғысы келсін. Осы жайт та Олжасқа ауыр тиді. Өзіне деген сенімі ақырындап сөніп барады. Бойы 192 см еді, бүкірейіп, менікіндей 162 см болып қалды.

Бүйректері жұмыс істемеген соң, функциялардың барлығын әлсіреген жүрегі атқарады. Қазір дәрігерлер оған бүйрек жетіспеушілігінен бөлек, жүрек жетіспеушілігі диагнозын қойып отыр”, — дейді Алтын Кабдулина.

Науқастың бүйрек трансплантациясынан бас тартуының үлкен себебі бар. Алтын Қабдулина оған сау мүшесін бергісі келген. Бірақ ұлы оның да мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосылуын қаламаған.

“Олжастың әкесі пиелоневритпен ауырған. Бүйректеріне зақым келген. Ал мен өзімнің бүйректеріме шағымданбаймын, денсаулығым жақсы. Балама сау мүшемді бергім-ақ келеді, бірақ ол “мама, үйде екі мүгедектің болғанын қалайсың ба?” деп шығады. Бүйрегімде беруіме түбегейлі қарсы, тығырықтан басқа жолмен шығуға болатынына сенімді”, — дейді ол.

Алтын Қабдулина жақын арада ұлына бүйрегін беруге дайын донор табылатынына үміттенеді. Ол баласы жазылып кеткенше қолынан келер көмектің барлығын жасауға дайын.

“Ол — менің жалғызым. Жасым ұлғайған деп оның қиналғанына қарап отыра алмаймын. Ұлыма көмектесу керекпін. Осыны білемін. Ол араға бір күн салып, диализге барады.  Диализден келгенде қарсы аламын, тамағын беремін. Процедурадан келген күні жақсы жүреді, ертесіне тұншыға бастайды. Сол кезде мен оған массаж жасаймын, қолдау көрсетемін. Далаға серуендеуге алып шығамын. Жаңа жылдан бері тәбеті жоқ, қатты азып кетті”, — дейді ол. 

 

Алтын Қабдулинаға аз да болсын ақшалай көмек көрсеткіңіз келсе, төменде көрсетілген реквизитті пайдалануыңызға болады

Kaspi Gold: 5169 4931 0981 8776
ИИН: 5901 1745 0298

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

  Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау