67 жастағы қазақстандық желі жұлдызы шынайы махаббаты туралы айтып берді (фото)

Дүйсенбі, 28 Қараша , 2016 14:35

Осы уақытқа дейін түрлі басылымда Қарашаш әжейдің әлеуметтік желіде белсенді екені туралы жазылған-ды. Ол кісі Қазақстанға танымал болып, көптің назарына ілінемін деп ойламаған екен. Қарашаш әже Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі жастарға үлгі болсын деген ниетпен махаббат хикаясын бөлісіп, өсиетін айтты.

10556249_1522070948057388_7664922602961025768_n

Фото: facebook.com/profile.

Қарашаш әже 67 жаста. Бүгінде үш қыз, үш ұл, 21 немересі бар. Орыс тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы. 10 жылдан астам уақыт балабақша меңгерушісі болған. Білім министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталған. Мансап жолында үш жыл мүгедек балаларға психолог болған. Артынша жүрегі ауырып, аталған орталықтан өз еркімен шығып кеткен. Қазір зейнеткер.

Немерелеріне қарап, бос уақытында құрақ көрпе тігіп, түрлі шәлі тоқиды, кесте тігеді. Жұмыстарының барлығын фейсбук парақшасына жариялап отырады. “Жас алаш”, “Аңыз адамы” газет-журналдарын қалдырмай оқып отырады. Өзінің жеке кітапханасы да бар. Қарашаш ханым Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында тәтті естеліктерге толы махаббат хикаясын баяндап, жастарға өсиетін айтты.

– “Маңдайыңызға жазылған адамды күтудің маңызы зор” деген тақырыпта жазылған мақалаға “Мен бұл сезімді түсінемін, сезінемін…” деп пікір білдірген екенсіз. Меніңше, сіздің махаббат хикаяңыз жастарға үлгі болуға лайық. Бұл туралы толығырақ айтып беріңізші.

– Неден бастасам екен деп қиналып отырмын. Мен 9 сыныпты бітірген жылы ата-анам Мырзашөлден Қарақалпақстанның Кегейлі ауданының Еркін-Дәрия совхозына көшіп келді. Бұл жерде совхоз директоры ағамыз болатын. Артынша қарақалпақша оқимын деп Түрікменстандағы тумаластарыма кеттім. Ол жерде қазақша мектеп болатын. Мұнда екі 10 сынып және бір 11 сынып болып оқуды қатар бітірдік. Өзім сыныптағы Орынбасар деген баланы ұнаттым.

Ол оқу озаты болғандықтан, қыздарға көп қарай бермейтін. Біздерге шығарған есептерін көрсетпей тығып қоятын. Осылай қырғи-қабақ болып жүріп оқуды бітірдік. Жан-жаққа кеттік. Орынбасар Ашхабад университетіне оқуға түсті, мен ауылға кеттім. Әкем менің дәрігер болуымды армандады. Бірақ, жақын маңда оқу көп деп Ақтөбе медициналық университетіне жібермеді. Аттестатым түгелдей бес болғандықтан, колледжге түсіртпей қойды.

11760261_1586079338323215_4561066133935139597_n

Ол кезде әкеміздің айтқаны заң болатын. Содан Нөкіс қаласындағы Шевченко атындағы педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті факультетіне түстім. ЖОО-да оқу басталып, сыныптастарымызды іздей бастадық. Бір-бірімізден хат алысып тұрдық. Мен асыға күткен Орекеңнен ыстық ықылас білдіретін хат келмеді. Сен де аман, мен де аман деп жүрдік. Содан бір жылдан соң өзім сезімімді білдірдім. Хат жазып ішіне қарақалпақтың “Сүйгенімді сездің бе?” деген өлеңін жазып жібердім. Ол маған сезімін білдіруге жүрексініп жүрген сыңайлы.

Содан бастап екеуіміздің махаббатқа толы хаттарымыз ағылды. Осылайша төрт жыл бойы хат алысып жүрдік. Кестеленген орамалдар мен раушан гүлдер сыйға тартылды. Түнімен көз ілмей күнделіктер жазылды. Ауылда бір қалпақ жігіт үш рет алып қашты. Өзімнің тентек мінезімнің көмегімен үшеуінде де құтылдым. Менің басымдағы осы жағдайларды Орекең сезіпті. Бір күні хатында “Түсімде футбол ойнап жүр екенмін. Бойы ұзын жігіт келіп, жейдемнің ішіне темекі салып жіберді.

Бірақ, кеудеме ешнәрсе болмаған. Сенде барлығы дұрыс па?” деп жазыпты. Осы хаттан кейін барлық жағдайды ашып айтып бердім. Содан үйленейікке салды. Менің бір жыл оқуым, оның екі жыл оқуы болса да, үйлендік. Кәдімгідей құда түсіп, сыңсу айтып, ауылдан ұзатылдым. Орекең іштей, мен сырттай оқуымды жалғастырдық. Мен жұмыс істедім, ол ай сайын келіп тұрды. Ашхабадтан ұшақпен ұшып келетін. Арада көлік болмай қалса, жаяу келеді. Махаббат хикаямыз міне дәл осындай болды.

– Сіздің ойыңызша, мінсіз әйел қандай болады? Қыздарыңыз бен келіндеріңізге айтар қандай өсиеттеріңіз бар?

– Мінсіз әйел болу үшін шыдамды, сабырлы, отбасын сүйетін, балаларына қамқор, жан-жарын құрметтейтін адам болуы керек. Отбасын құрғысы келген адамға шегінерге жол жоқ. Барлық қиындыққа төзуің керек. Себебі, сен сол отбасының отанасысың. Күйеуге шыққан кезде ешнәрсе ойламайсың. Тек күйеуіңнің саған күліп қарап, оның сені еркелеткенін қалап тұрасың. Одан басқа туысқандарының алдында жауапкершілігің бар екенін ұмытып кетесің. Күйеуіңе жақсы жар болғың келсе, оның кемшіліктеріне көз жұм.

Екіншіден, күйеуіңнің ата-анасы мен туысқандарын ешуақытта жамандама. Үшіншіден, күйеуің екеуіңнің араңда болып жатқан жағдайларды төркін жағыңа ашып айтпа. Бастапқы 2-3 жылда осы үшеуін ескерсең, сен келген жеріңе сыйлы боласың. Ары қарай өзің де дағдыланып, мінсіз әйел болып шыға келесің. Дүниеге әкелген балаларың осы елдің ұрпағы екенін ұмытпа. Артынша ақылыңды жаңа түскен келіндеріңмен бөлісесің. Біте-бірте осы ауылдың қалайша ақ жаулықты әжесіне айналғаныңды сезбей қаласың.

14457331_1738030376461443_5360670101715636441_n

Анам ұзатыларда “Мейлі шайтан бол, мейлі артист бол, мейлі маймыл бол, әйтеуір, 2-3 жылға дейін күйеуіңнен таяқ жемеуге тырыс” дейтін. Ол үшін отағасы жұмыстан немесе басқа жақтан үйге келгенде 15 минутқа дейін сөйлемеуге тырысу қажет. “Қайда барасың?”, “қайдан келдің?”, “неге өйтпейсің?”, “ананың күйеуі мықты екен” деген секілді әңгімелерді де айтпау керек.

Отағасын әрқашан жұрттың көзінше мақтап отыр. Өзіңді үнемі отағасынан бір саты төмен қой. Себебі, ол – еркек, ол – сенің “пірің”. Оған деген құрметің шексіз болсын. Сен сыйламасаң, оны басқа ешкім де сыйламайды. Қыздар, сендерге басқаның күйеуін мақтағаннан не пайда? Осы туралы көбірек ойланыңдар. Осы менің анамның айтқандарын үнемі қыздарыма айтып отырамын.

– Өмірде тек бір нәрсені өзгертуге мүмкіндік берілсе, не өзгертер едіңіз?

– Мұндай мүмкіндік берілсе, отағасын бұдан да қатты құрметтеп, бұдан гөрі елге жақсы адам етіп көрсетуге тырысар едім. Сол арқылы өзім де ойлаған дәрежеме жетер едім.

– Сізді немерелеріңіз қандай қасиеттеріңіз үшін жақсы көреді деп ойлайсыз?

– Мен әр немеремді көрген сайын оларға тілімнен ең жақсы сөздерді айтамын. Олардың ойыншықтары көп, жейтін тәттілері мол болса да, кемші жерлерін толтырғым келіп тұрады. Екінші келінімдібөлек шығарған кезде бір қызық оқиға болды. Келінім телефон шалып “Апа, мына балаң жылап жатыр. Жұбата алмай қойдым” дейді. Сөйтсем немерем “Әжемнің айтатын сөздерін айтпайсыңдар” деп жылапты.

“Енді айта қоймадың ба?” десем, “Жоқ айттым ғой, “Әжем олай айтпайды” деп одан бетер жылап кетті” дейді. Содан бұл сөздерді телефон арқылы айтып отыратын болдым. Ол – “айналайын, жаным, Жаратқанның бергені, Жасағанның сыйы, жүрегім, майым, шайым” деген сөздер. Міне немере де осындай жылы сөздерге зәру. Қатты ауырып жатып қалсам да, немерелерім келгенде орнымнан ұшып тұрып, бірге ойнаймын. Қазір немеремнің алды 22 жаста.

– Бақыт сезімін бір сөзбен сипаттап беріңізші.

– Бақыт деген – немерелеріңнің “әже” деп жүгіргені, балаң мен қызыңның сенен хабар алып тұрғаны. Бақыт деген – үлкен дастархан жайып, отағасымен, бала-шағаңмен, қыз-келіндеріңмен шүйіркелесіп отырғаның. Мен үшін бұдан артық асыл сезім жоқ. Айналамдағы жақындарымды шексіз жақсы көремін.

11159535_1558377211093428_89657641387636697_n

– Қазір кей жастың өмірі оқумен немесе түрлі клубпен өтіп жатады. Ал сіздің кездеріңізде қандай еді?

– Қазіргі жастар бай отбасында өмір сүруді армандайды. Болашақ жарының бай бизнесмен болғанын қалайды. Сол үшін әлем-жәлем киініп, даңғырлаған той-думанға асығады. Ал біздің кезімізде жастар қайтсем де білім алсам, ата-анама салмақ түсірмесем, барған жеріме барынша жақсам деп ойлайтын. Жастарымыздың ата-аналарының түсінігі де бұзылған. Өткенде фейсбук желісінен “Келін айлығын ата-енесіне беруі керек пе? Келінімнің айлығы өзінде тұра берсін.

Әке-шешесі оны таршылық көрмесін деп оқытты. Ал баламның айлығын өзім аламын. Себебі, біз бір отбасымыз” деп жазыпты. Сонда келін сол отбасының бір мүшесі емес пе? Ол оқуды қара басының қамы үшін оқыды ма?! Күйеуі мен ата-енесі ақшадан таршылық көріп жатқанда, келіні шалқып жүре ала ма?! Келінді қандай жағдай болмасын, отбасынан бөліп қараудың қажеті жоқ. Сондықтан бай үйде болсаң да, жоқ-жітік үйде болсаң да, қазан ортақ болуы керек. Ақшаны бір адам ұстап, бірге өмір сүрген дұрыс. Ақша ұстауға құмартудың да қажеті жоқ.

Жастарға айтарым: Өмір өте қысқа, бұл жалғанда ешкімнің көңілін қалдырмаңдар. Уақыттарыңды босқа өткізбеңдер. Дүние қуалап, байлыққа қызықпаңдар. Мол байлықтан опа таппайсыңдар. Азғантай ғана ғұмырларыңды мәнді де, сәнді етіп, туысқандарың мен достарыңның ортасында күліп өткізіңдер. Жиған дүниең мен салған үйің атыңды шығармайды. Тек тәрбиелі балаң ғана саған мейірімін төгіп, қартайғанда қасыңнан табылып, жақсы атыңды шығарады. Қартайған шақта атаққұмарлықтың бос мінез екенін түсінесің. Балаң бір қасық суыңды алып берсе, сол олжа. Осы туралы көбірек ойланыңдар.

14650114_189839434793431_6283166376135639372_n

Шалыммен бірге жақсы ғұмыр кешіп келемін. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Ешқашан дауыс көтеріп ұрсыспаймыз. Бір-бірімізге кейісек, үндемей қаламыз. Арада аз уақыт өткен соң, ешнәрсе болмағандай әңгімелесе береміз. Шалым үнемі жағдайымды жасап жүреді. Ақша мен банкомат карталары менде. Келін-балаларым ақша ұстамайды. Керек нәрсені ақылдасып аламыз. Сол табысымызды барлық қажеттілікке жеткізу – менің міндетім.

Келінім де өте жақсы. Менің қас-қабағыма қарап отырады. Жан-дүниемді бір туғанымдай түсінеді. Бөлек шыққан келіндерім әр ісін ақылдаса отырып жасайды. Шалым үнемі жұмыс арасында базарға барып, маған жеміс-жидек әкеліп беретін. Оны жалғыз жей алмаймын деп, бірге отырып жейміз. Сонда 5 сынып оқитын қызым маған қарап тұрып “Өскенде осы әкем сияқты шал жолықса екен” дейді. Біз күліп жатырмыз. “Неге?” десек, “Күшті ғой! Керегіңнің барлығын әкеліп береді” дейді. Әне, менің шалым осындай!


Жіберіп алмаңыз:

Маңғыстаулық 67 жастағы әже Инстаграм мен Фейсбукте хитке айналды

150 баланы асырап алып 91 жасында өмірден озған әжейдің тағдыры

Қыз бала анасы мен әжесінікінен айнымайтын ақ шашпен туылған (фото)

Жүз жасаған егіз әжелер ұзақ өмір сүрудің сырын айтып берді

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

1
Комментариев

Пікір қалдыру


Анонимно
3 күні 21 сағат кері

Алла осы сыйлы жандарға қуат берсін! Өзім де солай болар деп ойлаушы едім! Ағаймен қызметтес болдым.Ерекше жан!

wpDiscuz
Орташа айырбас бағамы
04.12.16
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар