Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Риода ту ұстау үшін Руслан Жапаровтың не себепті таңдалғаны белгілі болды

Кеше Ақордада Рио Олимпиадасына баратын спортшылармен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде Қазақстан туын таэквондошы Руслан Жапаровқа табыстады.

ууу

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде “неге туды басқа танымал спортшыларға бермейді?”, “боксшылардың бірі ұстауы керек еді” деген сияқты әртүрлі ой-пікірлер көтерілді. Осы сұрақтарға жауап іздеп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне хабарласқан едік.

“Руслан Жапаровтың көк байрағымызды Олимпиада ойындарында көтеріп шығуы жай кездейсоқтық емес. Себебі, ол біріншіден өте талантты спортшы. Егер қатардағы жай спортшы болса, Олимиадаға жолдама ала алмас еді. Бүгінде таэквондошыларымыздың еншісінде 3 жолдама бар. Соның бірі осы Руслан бауырымызға тиесілі. Біз Риода Жапаров бауырымыздан да үміт күтеміз”, – деп атап өтті Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамит.

Оның айтуынша, ту көтеретін спортшы психологиялық тұрғыдан да өте тұрақты болуы тиіс. Себебі, ту көтеріп ұзақ қатарда тұру адамның жүйкесіне салмақ салады.

“Бұл азамат осы талапқа да сай келеді. Үшіншіден, Русланның жарыс кестесіне сәйкес шаршы алаңға шығатын күні басқа спортшыларға қарағанда әрірек. Олимпиада басталғаннан кейін 3-4 күннен кейін жарысқа шығады. Сондықтан әдейі Русланды таңдадық. Ал сіздер ойлаған спортшылардың барлығы бүгін ту көтерсе, ертесі жарысқа шығатын болды. Ту көтерген спортшы салтанатты ашылу рәсімінде 7-8 сағат тікесінен тік тұрады. Ол жақта күн өте ыстық. Сағаттап тұру спортшыға өте үлкен салмақ түсіреді. Шаршатады. Ол ертесі жарыста әсер етуі мүмкін. Сол үшін ту көтергеннен кейін жарысқа асықпай шығатын Русланды таңдадық”, – деді баспасөз хатшысы.

Еске сала кетсек, кеше президент Нұрсұлтан Назарбаев олимпиадаға баратын спортшыларды қабылдап, сәттілік тілеген болатын.

Талқылау