Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

6 қазақстандық боксшы Астанадағы әлем чемпионатының бірінші кездесуінде жеңіске жетті

Астанада әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында алты қазақстандық боксшы алғашқы кездесулерін жеңіспен аяқтады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлайды.

11989681

Алғашқы кездесулерінде Назым Қызайбай, Жанна Шекербекова, Дина Жоламан, Валентина Хальзова, Айжан Ходжабекова және Виолетта Князевалар жеңіске жетті. 48 келіде сынға түскен Назым Қызайбай польшалық Анжелика Гронскаға мүмкіндік қалдырмаса, Жанна Шекербекова (51 келі) аргентиналық Клара Лескуратты қапы қалдырды.

“Қатты қиынға соққан жоқ. Әрине, жылдамдық бойынша айырмашылық бар. Барынша жақсы бокс көрсетуге тырыстым. Келесі жекпе-жектерімде бұдан да жақсы өнер көрсетемін деп ойлаймын. Біздің команда бұл жарысқа жақсы дайындықпен келді. Бәрі өзіміздің қолымызда”, – деді Қызайбай.

Ал Қазақстан құрамасы сапынан бірінші болып 60 келі салмақта сынға түскен Римма Волосенко шығып қалды. Астаналық боксшы даниялық Ивонн Расмуссенге жеңіліп қалды. Волосенконмен бірге ұлттық құрамадағы орынға Назым Ищанова таласқан болатын.

Ал төртінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша 54 келідегі Дина Жоламан германиялық Орнелла Вагнерді, 69 келідегі Валентина Хальзова өзбекстандық Шахноз Низамованы жеңді. 57 келіде шаршы алаңға беттеген Айжан Ходжабекова украиналық Марина Маловананы жеңсе, тағы бір қазақстандық Виолетта Князева (75 келі) аргентиналық Пересті еліне қайтарды.

Әлем чемпионатына 67 елден келген 285 спортшы қатысып жатыр. Әлем чемпоны атағымен қатар олимпиадаға 12 жолдама да таратылады.

Талқылау