Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

508 миллиард теңге игерілмеген: Премьер-министр бар кінәні есепшілерге ысыра салды

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, былтыр бухгалтерлердің қателігінен бюджеттің 508 миллиард теңгесі тиісті жерге жетпеген. Бүгін Үкіметтегілер парламенттің бірлескен отырысында есеп берді. Ал депутаттар қазынаның әр тиыны қайда жұмсалғанын тәптіштеп сұрап, министрлер кабинетін әбден тығырыққа тіреді, деп хабарлайды КТК арнасы.

508 миллиард теңге игерілмеген: Премьер-министр бар кінәні есепшілерге ысыра салды

Парламенттің қос палатасы күнде бірлескен отырыс өткізбейді. Сенат пен Мәжіліс тек маңызды шешім қабылдарда ғана бас қосады. Ал бүгінгі жиында қандай мәселе талқыланатыны алдын ала айтылған жоқ. Бірінші сөз алған Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми ана мен баланың құқығын қорғау туралы баяндамасын бастағанда Үкімет мүшелерінің бірі сағатын шұқып, әңгіме айтып еркінсіп отырған. Кезек бюджетке келгенде, Бақытжан Сағынтаев бастаған министрлер кабинеті тегіс есін жиды. Себебі, былтыр қолда бар 508 миллиард теңге игерілмей қалған.

“Былтыр бюджет қаржысының 5 пайызы экономикаға мүлдем жұмсалмаған. Себебі, о баста жоспар дұрыс болмаған, бар қаржы уақытылы игерілмеген және атқарылған істің нәтижесі жоқ . Үкімет мүшелері жыл сайын кемшілікті түзейміз деп уәде береді. Бірақ баяғы жартас – сол жартас”, – дейді Мәжіліс депутаты Михаил Чирков.

Расымен де шенеуніктер үнемі «қателік енді қайталанбайды» деп құтылатын. Премьер өйтпеді. Бар кінәні есепшілерге ысыра салды.

“Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтырғы бюджетке қатысты заңбұзушылық екі есеге артқан деп отырсыз. Бірақ оның 80 пайызы есепшілердің техникалық қателігінен. Бұл – қаржылық заңбұзушылық емес. Техникалық. Сондықтан біз бухгалтерлер мен аудиторлардың кәсіби біліктілігін арттырып жатырмыз”, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет сырттан алған қарызды да ұқсата алмай отыр. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 6 жобаға деп 411 миллион доллар несие алынған. Бірақ бүгінде сол қарыздың тек 29 миллионы ғана толық игеріліпті.

“Министрліктер бұл алған қарыздың артын ойламастан тез бюджеттен ақша шығарып алуды көздейді. Үкімет пен Ұлттық банктің логикасы түсініксіз. Біреудің ақшасын қарызға 5 пайыздан алады да, өз ақшасын қарызға 3 пайыздан береді”, – дейді Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Мәжілісменнің сөзін есеп комитетінің төрағасы да қолдап отыр. Ұлттық компаниялар несиеге алған 1 жарым миллиардтан астам долларды дұрыс игермеген. -Бірақ бұған қарамастан жергілікті әкімдіктердің берешегі 30 пайызға өскен. Яғни, аймақтағы шенеуніктер де ұлттық компаниялармен жарыса қарызға белшеден батқан. Сондықтан депутаттар несиенің де сұрауы бар екенін қатаң ескертті. Және парламент мүшелері Үкіметке бюджет шығынын есептеу мен жоспарлау әдісін түбегейлі өзгертуді талап етті.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау