Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

50 мың теңгеден пайда табады: Тексеруге келген комиссияны дастархан жайып күтіп алу заңды ма?

Ауданнан, облыстан келген комиссияға аста-төк дастархан жайып, қалтасына ақша салып жіберу қонақжайлық емес, қылмыс. Осы ісі үшін екі тарапта жазаға тартылады.

50 мың теңгеден пайда табады: Тексеруге келген комиссияны дастархан жайып күтіп алу заңды ма?

Мамандардың зерттеуінше, бір шенеуніктің елдімекендерге барып, кемінде 50 мың теңге пайда көреді екен. Мұны сыбайлас жемқорлық екенін айтқан сарапшылар онымен күресу үшін жаңа жоба бастапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Салқын сусын, самсаған салат, тізілген тәттілер. Жақында ғана облыстан келген комиссияға арнайы дастархан жаямыз деп Ақтөбелік ұстаздардың басы дауға қалған еді. Алайда сол кезде қонақтарды күтіп алушылар әдемі дастарханның ақысын өздері көтерді деп ақталған болатын. 

"Өздері келіп бізге жинап береді ақшаларын. Біздер соған алып береміз.
- Өздері береді жинап, сосын жасап береміз. Біз өзіміз жасамадық", - деп ақталды олар. 

Алайда кейіннен қонақтарға дастархан жайғызған қос бірдей бөлімшенің басшылары сөгіс алып, жауапқа тартылған болатын. Бұл жалғыз Батыс өңірінде болған жағдай емес. Мұндай бармақ басты, көз қысты әрекет бүгінгі қоғамда дәстүрге айналып кеткен дейді мамандар. Ең өкініштісі келген комиссияға қаржыны басшының өз қалтасынан емес, қарамағындағы жұмыскерлерден жиналады екен. 

“Келген қонақты қабылдап отырған басшылықтың қалтасынан емес, ол сол мұғалімнен жиналады. Ол сол тәрбиешілерден жиналады, ол дәргірлерден жиналады. Олардың өзі төмен жалақы алып, баласының аузынан жырып береді”, - дейді бұрынғы сенат депутаты, қоғам қайраткері Зәуреш Батталова. 

Өкінішке қарай, біз мұны қонақты күтіп алу деп, жылы жауып қоямыз. Алайда сол бітпейтін комиссиялармен, тексеру, оған қаражат жинау барып тұрған қылмыс дейді сарапшылар. Олардың сөзінше, республика болмаса, облыс пен ауданнан келген шенеунікке дастархан жайып, оның қалтасына ақша салған екі тарапта жауап беруі тиіс.   

“Бұл жерде немқұрайлы қарауға болмайды. Осы уақытқа дейін қарап келдік қой солай. Қойшы енді, қонақ қой соны күттік деп. Ондай емес, екі жақта қылмыскер болып тұр. Өздеріңізге белгілі, кейбір әкімдер бизнес өкілдеріне тапсырма береді, сен анаған сыйлық бер, ананы күт, анаған шапан жап деп. Осы жағдайлардың барлығы қылмыс болып саналады. Себебі заңсыз пайда көреді", - деді республикалық "Аманат" азаматтық платформасының жетекшісі Мұрат Әбенов. 

5 мың теңгеден артық алған қаржы пара болып есептеледі және оны алған адам жауапқа тартылады дейді мамандар. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірге "Қоғамдық аудит" ұйымы жаңа бастаманы қолға алыпты. Енді осындай көрініске тап болған адам фото суреттермен дәлдемелерді publicaudit.kz электронды адресіне немесе төменде көрсетілген  (+7 7477505505)телефон нөмірге жіберсе, келген қонақты болмаса, күтіп алушыларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бар.

“Кейбір мемлекеттік қызметкерлер мұндай жағдайға қасақана бармауы мүмкін. Жергілікті жерлер үгіттеуі мүмкін. "Сәке, Мәке, дастарханнан аттап өтпе, мына жерден тамақ ішіп кет деп". Бірақ сол кезде олар суретке түсіріп, фактілерді дәлелдеп беретін болса, ол үлкен жауапкершілікке айналуы мүмкін. Қылмыстық жауапкершілікке”, - деді Мұрат Әбенов. 

Бастаманы қолға аулшылар осылайша қоғамда дәртүрге айналған сыбайлас жемқорлықпен күресеміз дейді. Қазірдің өзінде барлық мемлекеттік қызметкерлер бұдан хабардар екен. Сондай-ақ мамандар қонақжайлық жасаймыз деген күтіп алушыларға да қылмысқа бармаңыздар деп ескертіп отыр.  

Талқылау