Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

45 «Алтын белгі» иегері мемлекеттік грантқа ілінбей қалды

Білім беру гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссия жұмысын аяқтап, бүгін 2016 жылғы грант иелерінің толық тізімі жарияланды.  2059 «Алтын белгі» иегерінің 45-і мемлекеттік грантқа ілікпегені белгілі болып отыр.

алтын-белгі

Бұл туралы  bnews.kz жазды.

Кеше белгілі болғандай, «Алтын белгі» иегерлерінің бәрі бірдей мемлекеттік грант есебінен оқи алмайды. Жалпы, биыл 2059 «Алтын белгі» иегері оқуын еліміздегі университеттерде жалғастыруға ниет білдірген.

«Алайда, олардың дені бәсекелестік деңгейі жоғары қаржы-экономикалық немесе әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдап алып отыр. Көпшілік елімізде соңғы жылдары ндустриялық-инновациялық даму басымдықтарына көп көңіл бөлініп жатқанын ескермей келеді. Биыл да мемлекеттік гранттардың көп бөлігі аталған басымдықтарды жүзеге асыруды көздеп, еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағытталды», – дейді министрліктегілер.

Ендігі уақытта жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлесіп, мемлекеттік гранттан қағылған «Алтын белгі» иегерлерінің ісі жеке-жеке зерделеніп, олардың ЖОО қаражаты есебінен білім алу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Білім беру гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, мемлекетттік грантқа ілікпеген «Алтын белгі» иегерлерін жоғары оқу орындары тегін оқытуға міндетті емес. Мектепті үздік бітірген, бірақ мамандықты дұрыс таңдамаған жастарды университеттер қаржылық мүмкіндігіне қарай қабылдайды.

«Алтын белгi» иегерлерiн оқуға қабылдауға университеттер мүдделi. Өйткенi, неғұрлым талантты жастар көбiрек келсе, соғұрлым университеттiң де көрсеткiштерi жоғары болады. Біз мемлекеттiк грант бұйырмаған талапкерлердi  қабылдай аламыз. Бiрақ, оларды оқыту үшiн жоғары оқу орнының ақшалай пайдасы болуы керек. Бұл қаражатты бақылау кеңестерi бөледi. Ең бiрiншi кезекте, әлеуметтiк әлсiз қорғалған отбасылардың балаларына қолдау көрсетiледi. Бұдан бөлек, мүгедек жастардың оқуының ақысын азайтуға жұмсалады. Егер қаражат қалса «Алтын белгi» иегерлерi, Олимпиада жеңiмпаздары, дарынды балаларды оқытуға қарастырылады. Бұл тек ректор шешетiн мәселе емес, қаражатты бақылау кеңестерi бөледi. Ал егер университеттiң табысы болмаса, онда грантқа iлiкпегендердi оқу орнының есебiнен оқыту мүмкiн емес», – дейді Еуразия ұлттық университетінің ректоры.

Естеріңізге салып өтсек, биыл жалпы 31 мың 702 грант бөлінді. Оның 2950-і жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне білім алуға, 28 752 грант бірінші курсқа қабылдауға бөлінген (күндізгі оқу – 28 452, сырттай оқу – 300 грант). Техникалық және технологиялық мамандықтарға – 12 593, педагогикалық мамандықтарға 5 мың, ауыл шаруашылығы және мал дәрігерлік мамандықтарына 2 690 , медициналық мамандықтарға 3 мың грант бөлінген.

Білім гранттарын үлестіру конкурсына жалпы 59 677 адам қатысты. Олардың 47 342-сі қазақ тілінде, ал 12 335-і орыс тілінде білім алатындар. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасының аясында квота бойынша конкурсқа 9 797 адам қатысты.

 

Талқылау