Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

4 жасар қазақ баласы Италияның сән әлемін бағындырады

Ақтөбе қаласының кішкентай тұрғыны Тамерлан Сансызбай сәнгерлікті Миланнан бастады. Камера мен фотоаппарат алдында жұмыс істегенді ұнататын бала қыркүйекте тағы бір ірі сән көрсетіліміне қатысады. Даун синдромына шалдыққан баланың анасы Айгерім Бижанова жетістікке жетудің жолымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

20170518205226

Бүгін Тамерлан Сансызбай 4 жасқа толды. Ол Миландағы сән көрсетіліміне жолдама алып, Италияға барып келген жалғыз қазақ баласы. Бір-ақ күнде елді өзіне қаратып, тамсандырған баланың сыры неде? Тамерланның ата-анасы Артур мен Айгерім Бижановтар ұлының сәнгерлік жолын қалай ашты? Қазір көптің көкейінде осы сұрақ бар.

20170518204517

«Миланға бару үшін алдымен Астанаға жетіп, кейін Римге ұштық. Сол жерден пойызбен Миланға жеттік. Миланда біз фотосессияға қатысқан едік. Әрі қарай Еуропаны тамашалауды жөн көрдік. Шығынды бізді шақырған компания өтеді.

Шақыруға қалай қол жеткіздіңіз?

“Бәрін осы сұрақ қызықтырады. Қазақстандық дизайнер Дана Нәби өз парақшасында Тамерланның фотосын жариялады. Сол жерде ұлымды «DANA NABI COUTURE» жеңімпазы деп таныды. Ол Дана Набидің балаларға арналған топтама келбетіне айналды. Жыл басында Аида Кауменова, Лекс Чжен, Тәуелік Мүслімнің қатысуымен өткен сән көрсетіліміне шақыру алды. Әлеуметтік парақшадағы фотоны Италияның Милан қаласында тұратын сән әлемінің өкілі Мила Ануфриева көріп, Тамерланның сүйкімділігін байқаған. Біздің байланыс телефондарымызды сұрап алып, кейін Дана Нәби арқылы баланың Даун синдромымен туғанын білді. Сол кезде итальялық сән әлемінің кеңесшісі, сыншысы таңғалған. Себебі, жаратылысы ерекше балалар көбіне ел алдына шықпайды. Олардың ата-аналары үйлерінде отырады, қоғамнан тысқары жүреді. Мен ондай ана емеспін. Баламның үлкен жетістіктерге жетуі үшін бар күш-жігерімді жұмсап, уақытымды арнаймын. Тамерлан сән әлемін бағындырған бірінші қазақ баласы болса екен деймін”, – деді Айгерім Бижанова.

Алдымен Қазақстандағы, кейін Миландағы сән көрсетіліміне шақыру алған Тамерланға еліміздің блогерлері мен әнші Зарина Омарова үнемі көмектесіп отырған.

Тамерлан дер кезінде жүріп, өз еркімен тамақ ішті. Ата-анасы, туған-туыстары да балада Даун синдромы бар екенін білгенімен, қарапайым сәбилерден ерекшелігі мүлде байқалмаған. Алғашында ата-анасы уайымға салынып, күйзеліске түскенімен, кейін бұл қиындықтың бәрін жеңіп, Тамерланның болашағына ыңғайлы мамандықты таңдай бастаған. Ғылымды емес, өз қарым-қабілетіне сай келетін саланы игерсе екен деген ана тілегі орындалып келеді. Айгерім Бижанова еркелеп, әуенге билей жөнелетін баласына фотосессия ұйымдастырды.

«Киім дүкеніне барып, иесінен фотосессияға қажетті киімді уақытша бере тұруын сұрадым. Сол кезде дүкен иесі «міндетті түрде бір киім сатып аласыз» деп талап қойды. Екіжақты келісім орындалды. Қолымызға кәсіби фотолар түсті. Ендігі жұмыс – әлеуметтік желіге баланың фотосын салып, елге таныту, көрсету, сәнгер екенін халыққа ұғындыру. Бірақ ешкім оған келісім бермеді. Ал келісім бергендері баланың Даун синдромы бар екенін айшықтап көрсетуді қалады. Бұл ұсыныстары маған ұнаған жоқ. Сөйтіп көп келісімнен бас тарттым», – Айгерім Бижанова.

Тамерлан Сансызбай Миланға ақпан айында баруы тиіс еді. Бірақ балабақшаға барып жүрген бала ауырып, ем қабылдаған. Сөйтіп сапар кейінге шегеріліп, ауқымды сән көрсетілімінен қалып қойды. Бағдарлама бойынша сән көрсетілімі кішкентай ақтөбелікке арналып, ол атақты сәнгерлермен бірге подиумға шығуы тиіс еді. Бірақ сәті келмеді. Ал сәуір айындағы Миланға сапары кезінде кішкентай Тамерлан балалар киімінің жарнамасына түсті. «Қыркүйекте тағы да Миланға барамыз. Ол кезде ірі сән көрсетілімі болады. Жоспарымыз көп. Біз Тамерланмен бірге қайырымдылық қорын ашып, балаларға көмектесуді ойлап жүрміз. Идея көп, оны іске асыруды уақыт еншісіне қалдырдық», – деді Айгерім Бижанова.

Тамерланның әкесі Артур Бижанов вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ол жұмыстан оралған соң бар уақытын баласына арнап, үнемі жанынан табылады. Тамерлан да әкесіне жақын. Ал Айгерім Бижанова баласы үшін арнайы балаларды дамыту орталығын ашты. Жеке балабақшалардың қызметі ұнамады, ал мемлекеттік балабақшалар оны тек арнайы топқа қабылдады. Екеуі де баланың дамуына кепіл бермеді. Сондықтан кішкентай Тамерланның анасы баласына арнап орталық ашты.

«Даун синдромымен ауырады деп баланы бөлек тәрбиелеу бұл – қате жол. Қарапайым бүлдіршіндер дамуы тежелген балалармен бірге өссе, олар қоғамда мұндай жағдайдың, адамдардың кездесетінін кішкентайынан білер еді. Менің балам билегенді ұнатады. Адамдармен араласып, тез ойнап кетеді. Тек оларды қолдап, көмек беру керек. Сол кезде қатарына қалмай өседі, жетіледі», – деді Бижанова.

Тағы да оқыңыз:

Ақтау тұрғындары қала маңындағы жарылысты видеоға түсіріп алған

Алматы облысында аса қауіпті улы дәрілер далада шашылып жатыр

Алматыда 193 жезөкше қызмет көрсетіп жатқан жерінен ұсталды

Талқылау