Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

25 жастағы жігіт көлік алған күннің ертеңінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды (фото)

Алматы облысында банкте қомақты депозиті бар жігіт көлік алған күннің ертеңінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Үйінен достарымен шығып,  жоғалып кеткен, артынша бес күннен кейін Талғар өзенінен мәйіті табылған жігіттің жақындары ұлдарының өліміне кімді кінәлап отыр? Марқұмның көлігі неге банктің алдынан табылған?

Бұл сұрақтың жауабын 31 арна іздеп көрді.

Анасы баласын жоқтап отыр. Ұлының өліміне әлі де сенбейді. «Бірақ оның жұмбақ қазасы – қан жылаған жанымды одан әрі жегідей жеп барады. Полиция болса, күдіктілерді қамамай отыр», – дейді.  Төсек тартып қалған әкесі мен денсаулығы дімкәс анасына қарайлап отырған үйдің кенжесі осы жылдың 17 мамыры күні жоғалып кетеді. Араға бес күн салып, 25 жастағы Наурызбай Сағындықовтың денесі Талғар өзенінен табылған.

«Күдіктеніп отырғаным, достары ақша сұрады. Апа берейін бе, мен айттым, қой балам деп. Сол үшін күдіктеніп отырмын. Көрсе де, көрмедім деп отыр», – дейді марқұм Наурызбай Сағындықовтың анасы Дәрігүл Тұрекеева.

«Жүгірдік-жүгірдік ешқандай нәтиже жоқ. Ең соңында өзі өлді, тік жардан секіріп өлді деп, барлық жерге сол жауап», – дейді марқмның әпкесі Бақыт Сағындықова.

«Жардан секіріп өлді» – деген жауапты марқұмның жақындарына полиция мен Наурызбайды 17 мамыр күні үйінен алып кеткен достары берген. Жоғалардан екі  күн бұрын банктен кредит рәсімдепті, бір күн бұрын көлік сатып алады.

Алған несиесінен өзге басқа банкте қомақты депозиті де болған екен. Кейін марқұмның көлігі сол депозиті бар банктің алдынан табылыпты. Қаржы мекемесінің қарауылы туыстарына Наурызбай жоғалған күні түнде пайда болған көлікті орнынан ертеңінде достарының қозғағанын айтқан.

«Түске жақын дейді, қарап тұрсам, екі жігіт келді де, ол машинаны алды да, орнын ауыстырып, оталдырды. Қозғады. Түнде иесіз тұрған машинаны неге қозғадыңдар дегенге, досымыздың машинасы, біреу тонап кетпесін деп, шетке шығарып қойып жатырмыз деген», – дейді Бақыт Сағындықова.

Ал, Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі, бұл істің жабылғанын айтады.

«Азаматтың денесінде қандай да болмасын, зорлықпен өлтіру белгілері табылмады. Осыған орай, жазатайым жағдай болғаны анықталып отыр. Сонымен қатар, сараптама көрсеткендей, мәйіттің алкогольдік ішімдік ішкені де мәлім болып отыр», – дейді Алматы облыстық ІІД ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Бірақ марқұмның жақындары болса, ұлдарының денесінде бірнеше көгерген іздің болғанын айтады. Алматы метросында заңгер болып жұмыс істеген ұлдары жақын күндері үйленетінін айтыпты. Үйдегі төсек тартып қалған әкесінің күтіміне де өзі қараған екен. Ұлының қазасын естігелі, марқұмның әкесі де есін жиі жоғалтатын болған. Ол ұлын әлі тірі екен деп, жанына жиі шақырады екен.

Талқылау