Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2019 жылы Қадір түні қашан болады?

Қасиетті Құран түскен мың айдан да қадірлі Қадір түні - Алла Тағаланың мұсылманға берген үлкен сыйы. Дәл осы түні адамның бір жылдық тағдыры шешіледі, жан-жүрегімен жалбарынып, құлшылық еткен мұсылманның күнәсі кешіріледі. Stan.kz ақпараттық агенттігі ұсынған мақаладан Қадір түні биыл қашан болатынын, сол түні Жаратқанның мейірімінен құр қалмай, разылығын алу үшін не істеу керектігін біле аласыз.  

Жер бетіндегі барша мұсылмандар тағатсыздана күтетін Рамазан айы 2019 жылдың 6 мамырында басталып, 4 маусымында аяқталады. Жаратқан разылығы үшін ораза ұстап, игі істерді жасауға ұмтылатын адам баласының жан дүниесі дәл осы кезеңде тазарып, адамгершілік қасиеттері арта түседі. Бір Алланың  мейіріміне бөленуді көздеген мұсылман Рамазан айындағы әр күн мен түнді құлшылықпен өткізуге ұмтылады. Әсіресе, сексен үш жылдан қадірлі Қадір түнінде дұға оқып, көкейінде жүрген армандарының орындалуын сұрайды. 2019 жылы Қадір түні оразаның 27 күні, шамамен 31 мамырдан 1 маусымға қараған түнде болады. 

Негізі, қасиетті тағдыр түні Рамазан айының соңғы 10 күнінің бірінде жасырылған. Ислам дінін жетік зерттеген ғалымдардың сөзінше, адам он күннің ішінен Қадір түнін іздеп табуға талпынуы керек. Мұсылмандардың қуанышына орай, бұл түн басқа түндерден айрықша белгілерімен ерекшеленеді.

Күн толған ай секілді сәулесіз көтеріледі, жер бетінде тыныштық орнайды. Төбеңіздегі аспан ашық болады, ал ауа райы ыстық та, суық та болмайды. Жер бетіне Жәбірейіл періштемен (ғ.с) түсетін періштелер жолдарында кездескен әр мұсылманмен амандасып шығады, ол үшін Алла Тағаладан кешірім сұрайды. Қадір түні көктен түсетін періштелердің саны жердегі майда тастардан да көп. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді", - деген. Тағы бір хадистен: "Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады", - деп айтқаны белгілі. 

Қадір түнін қалай өткізу керек?

Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте: "Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі", – делінген.

Оқитын дұғаларыңыздың тізімін, Алладан не сұрағыңыз келеді, соның тізімін жасап қойсаңыз болады. Сондай-ақ шариғатты үйреніп, Құранды, діни кітаптарды, намазды оқып, діни фильмдерді көріп, уағыздарды тыңдағаныңыз дұрыс.

Бұл түні мұсылман дұғасының қабыл болатынына күмән келтірмей,  Жаратқанға тек өзі үшін ғана емес, жақын адамдары, үмбеті үшін жалбарынса, нұр үстіне нұр болмақ.

Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) : "Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын?",-деп сұрағанда, Алла елшісі: " Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, менің күнәларымды кешіре гөр", - деп дұға етуге кеңес берген.

Қадір түнінде шын жүректен тілеген барлық дұға-тілектеріңіз қабыл болсын. 

Талқылау