Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2019 жылдан бастап елімізде жылу мен жарық бағасы арзандайды

Келесі жылы тариф жоғарылатуды жоспарлаған монополистер ойынан айнып, керісінше қызметін арзандатуды ұйғарыпты. Жағымды құбылудың артында біздің атқарған еңбегіміз орасан деп мақтанды министрліктегілер. Халық коммуналдық төлемдерден қанша үнемдейтінін де есептеп қойыпты.

2019 жылдан бастап елімізде жылу мен жарық бағасы арзандайды

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жаңа жылдан соң келетін коммуналдық түбіртекті көргенде отандастарымыздың қабағы әдеттегідей түйілмейтін болады. Экономика министрлігінің болжамы мен есебі осыған саяды. Тариф арзандап қана қоймай, ақша талап етуден жалықпайтын монополистердің үстінен қоғамдық бақылау да күшейеді. Ол үшін арнайы екі институт енгізілмекші.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап монополистердің тарифтерді бекітуге арналған өтінімдерін қарау және барлық тұтынушылар үшін материалдар мен тарифтердің есептеріне толық қол жетімділікті қамтамасыз етудің электрондық форматына ауысу ұсынылады. Министрлікте Е-монополист тиісті ақпараттық жүйесі ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілді. Осы база арқылы тұтынушылардың енгізген ұсыныстары кейіннен оларды жария тыңдауларға талқылаумен жүйелендірілетін болады», – дейд ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Тимур Сүлейменов заң жобасын Сенатта қорғап жүргенде, Үкімет үйінде орынбасары монополистер мен тұрғындардың есебін түгендеп отырды. Мысалға екі бөлмелі пәтер алынды. Жылу үшін алматылықтар 1300 теңгеге азырақ төлейді енді. Петропавл тұрғыны ай сайын 383 теңге үнемдесе, өскемендіктердің 313 теңгесі қалталарында қалады.

«Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап тариф барлық аймақтарда жоғарылайды деп күткен едік. Уәкілетті және жергілікті билік өкілдерінің жұмысы арқасында тариф өсімі емес, керісінше, төмендеуі болады. Ел бойынша тұрғындар тек жылу үшін 6 млрд теңге үнемдейді», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.

Халық үнемдеп жатқанда, монополистер де ұтылмайды екен. Бірі өздігінен баға төмендетсе, енді бірін қатал тексеру жұмыстарынан кейін сабаға түсіріпті биліктегілер.

«Тарифтің төмендеуі табиғи монополиялар субьектілеріне шығын әкелмейді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ішкі резервтер табылды. Тексеру шаралары мен кейбір монополистердің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында мүмкін болып тұрған шаруа», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.

Бұл – Астанадағы жылу орталықтарының бірі. Мұнда да, Экономика мен Энергетика министрлігі екі жақтап келіп, есеп жүргізген екен. Қазір электр энергиясы үшін киловатына 7,5 теңге алынып жүр. Кәсіпорындағылар 5,3 теңгеге дейін төмендетуге болатынын айтқан екен. Одан төмен болса, біраз жоспар құрдымға кетуі мүмкін екендігін жеткізді.

«Инвестициялық бағдарламамызды біраз қысқартуға тура келеді. Станцияны дамыту, оны күрделі жөндеуден өткізу жағы қиындайды деп болжап отырмыз. Шығындарымыздың есебін түзету керек енді. Көреміз, не болатынын. Әзірге бұйрық болмады», – дейді «ЖЭО-2» директорының міндетін атқарушы Рахым Мұхамедғалиев.

Электр энергиясы демекші, келесі жылы қолданысқа енетін тариф 2025 жылға дейін өзгермейді. Бұл туралы Энергетика министрі бұйрық шығарып қойыпты. Апта басында Теміртаудағы тариф жайын айтқан едік. Онда су бағасы екі есе көтеріліп кеткен еді. Мекеме енді келесі жылы қайтадан қызмет құнын өзгертеді ме, жоқ па? Экономика министрі оған нақты жауап қата алмады. Жазбаша хат сұрады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау