Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2018 жылдан бастап жәрдемақы кімге беріледі және қаншаға өседі?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесінің егжей-тегжейін айтып берді.

2358946

Фото: Сергей Венявский

Министрдің айтуынша, жаңа форматтағы жүйе әлеуметтік көмекті күшейтуді, берілетін жәрдемақыларды біріктіре отырып, азаматтар үшін оңтайландыруды және олардың мөлшерін көбейту мәселелерін шешетін болады, деп хабарлайды Sputnik.

“Бұл мақсаттарды орындау үшін, біріншіден, қазіргі таңда көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақы, яғни азаматтардың табысына қарамастан ресубликалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасылардың табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Егер бүгінде азаматтар осы үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжаттар даярлап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе аясында бір пакет құжаттар әзірлеп, бір мекемеге, яғни жұмыспен қамту орталығына баратын болады”, — деп баяндады Дүйсенова үкімет отырысында.

Екіншіден, министрдің сөзінше,  бүгін берілетін үш жәрдемақының жалпы сомасы әлеуметтік әлжуаз отбасылардың әрбір мүшесіне ай сайын 6396 теңгенің көлемінде болып отыр. Ал жаңа жүйеде кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызға дейін көтерілгендіктен, әрбір жан басына қосымша берілетін көмектің сомасы шамамен 2500 мың теңгеге дейін артпақ.

Нәтижесінде 2018 жылдан бастап берілетін жәрдемақының мөлшері қазіргі үш жәрдемақының жалпы сомасынан орташа есеппен 25 пайызға жоғары болады екен. Бұл үшін ендігі жылдың бюджетінде қосымша 42,8 миллиард теңге қарастырылған. Маңыздысы, мұндай қомақты қаражат тұрмысы төмен отбасыларға шартты түрде берілгелі отыр.

“Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни, еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микрокредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалынады. Егер еңбекке қабілетті азаматтар мұндай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтататын болса, онда төленіп жатқан атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылатын болады”, — дейді министр.

Ал отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленетін болады. “Бұл механизмді біз 2014 жылдан бері дүниежүзілік банктің демеуімен пилоттық түрде “Өрлеу” бағдарламасы аясында жүргізіп келеміз. Осы бағдарламаға үш жылдың ішінде 79 мыңға жуық азамат қатысты. Олардың ішінде шамамен 19 мыңы жұмысқа тартылып, кедейлік шегінен шықты”, — деген мәліметтер келтірді Дүйсенова.  Министр жаңа жүйені енгізу үшін қолға алынған дайындық жұмыстарына тоқталды

“Атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, 2015 жылы қабылданған. Қазір әдістемелік құжаттарды аяқтау үстіндеміз. Биылғы жылдың бірінші шілдесіне дейін жергілікті органдарға жеткізілетін болады. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін автоматты түрде есептейтін бірыңғай ақпараттық жүйе даярланды. Бұл жүйе бірінші шілдеден бастап барлық жұмыспен қамту орталықтарына орнатылатын болады. Ал мамандарды жаңа жүйеде жұмыс істеуге оқыту шараларын жүргізіп жатырмыз”, — деді ол.

Бұдан бөлек, мобильдік топтар елді мекендерге шығып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Барлық әкімдіктерге атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың саны көрсетілген тізімдер де жеткізілген.  “Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің маңызын ескере отырып, облыс әкімдіктеріне екінші жартыжылдықта осы тізімдегі азаматтармен жұмыс істеп, атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылардың болжамды санатын тағы да бір рет анықтауды, бюджеттік қаржыландырудың қажетті көлемін нақтылауды, қажетті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарывн кеңінен жүргізуді тапсыруыңызды сұраймыз”, — деді Дүйсенова Үкімет басшысына.

Тағы да оқыңыз:

ЭКСПО қарсаңында Астанада қонақ үй мен жалға берілетін пәтер құны шарықтап шыға келді

Елімізде ет-сүт өнімдерімен бірге көкөніс бағасы да қымбаттап кетті

Қарағандылық 100 жастағы қария жүзуден алдына жан салмай келеді

Талқылау