Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағасы 147 мың теңгеден 600 мыңға дейін: Елімізде көліктің «вип» нөмірлерін сатып алу қаншалықты заңды?

Қалталы азаматтар көліктің сыртқы сәніне ғана емес, оған тағылатын мемлекеттік нөмірдің саны мен әріпіне де мән беретін болған. Осыған орай «вип» санатына жататындарының бағасы қазір шамамен 147 мыңнан басталып, 600 мың теңгеге дейін жетеді. Әріпі мен саны бірдей көліктерді көріп, көзіміз үйренгелі қашан. Бірақ, ғаламторды ашып қалсаңыз туған жылына, аты не тегіне қарай ұқсас қылып нөмір алғандардың дәлелі көп. Оның бағасы қандай? Жалпы мұндай комбинацияны заңды түрде алуға бола ма?

147 мың теңгеден 600 мыңға дейін: Елімізде көліктің «вип» нөмірлерінің құны қанша?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұл нөмірлердің қалай және қандай жолмен алынғаны белгісіз. Әйтеуір, кеудесін мақтаныш кернегендер фотосын интернетке жүктеп, бір жасасып қалғандай.

Жалпы мұндай әріптер комбинациясын алуға бола, ма жоқ па? Білмек болып Астанада орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұқтық. Мамандардың айтуынша,азаматтар қалауына қарай түрлендіріп нөмірдегі әріптерге тапсырыс беруге болмайды екен.

«Сіз айтып отырған ВОХ деген нөмірлер 575 ВОХ деп айтайық мысалы, ол нөмірлерге тапсырыс қабылданбайды. Ол нөмірлер бізде өзінің кезегімен беріледі. Мысалы, осы уақытқа дейін 101 мен 1000 нөмірінің арасында ALI, NUR, BEK деген жақсы нөмірлер болды. Оны өздеріңіз көрсеңіздер диапазонға кіргізіледі барлық нөмірлер. Кіргізілген нөмірлерді қызмет алушылар құжаттарын тапсыру барысында өзіне керек нөмірді таңдап алуға мүмкіндігі бар», – дейді қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Еркебұлан Амантаев.

Түсінікті. Біраз уақыттан бері арнайы сәнді саналатын әріптердің сериясы айналымға енгізілетінін белгілі. Бірақ, аттай қалап өзіңе ұнайтынын заңды түрде алдыруға болмаса жоғарыдағы мықтылар қалай қол жеткізіп жүр. Белгісіз.

«2018 жылы және осы ағымдағы жылы біздің мамандардың арасында осы нөмірге байланысты жемқорлыққа қатысты ешқандай жайт тіркелген жоқ. Ол қатаң түрде ұсталынуда. Және қосымша түрде электронды түрде тапсыру мүмкіндігі бар», – дейді қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Еркебұлан Амантаев.

Еркебұлан Аманбаевпен сұхбаттаса келе бір түсінгеніміз мемлекеттік қызметтің біраз түрі қазір электронды жүйеге өткен. Сағаттап кезегіңді күтудің қажеті шамалы. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының тағы бір жаңалығы, ол – азаматтардың қандай нөмір түседі деп бал ашып отырмайтынында. Мамандар арнайы монитордан таңдауға құқық береді екен.

«Танертең келіп  мемлекеттік баж салығын төледік. Кезекпен керек құжаттарды тапсырып, керек нөмірді экранға шығарып таңдадық. 7000 теңге төлеп құжаттарды тапсырдық. Екі сағаттан кейін құжат дайын болады» – дейді көлік сатып алушы Нұрым Құсайынов.

Тәуелсіз автокөлік одағының басшысы Эдуард Эдоков «сәнді нөмірлердің айналымы мен сатылымының қазіргі үлгісі жаман емес» деп баға берді.

Бірақ, әлі де жетілдіретін тұстары баршылық екен. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде және басқа бірқатар әлемнің елдерінде «вип» нөмірлер аукцион арқылы сатылатын болған. Ол үшін ортаға адам салудың қажеті жоқ. Барлығы интернеттің көмегімен жүргізілетін көрінеді.

«Аукцион арқылы көлік нөмірлерін сату жүйесі дамыған елдерде қалыпты дүниеге айналғалы қашан?! Мысалы, интернет арқылы белгілі бір «вип» немесе жартылай сәнді нөмірге бір иә болмаса бірнеше үміткер болса онда бәссауда басталады. Кім көбірек ұсынды, соған нөмір тиесілі болады. Онда таныс-тамырды ортаға салу және басқа да ескілік жоқ. Және бұл идеядан ешкім де ұтылмайды. Ал мемлекетке айтарлықтай пайда түседі», – дейді тәуелсіз автокөлік одағының басшысы Эдуард Эдоков.

Сарапшының айтып отырғаны – «вип» нөмірлерді сату жүйесін жетілдіру арқылы жемқорлыққа жол бермеу. Яғни, кейбір аға мен көкелердің құрып алған көлеңкелі бизнесін мемлекеттік қызметтен толық тазарту. Ол үшін сандар мен әріптердің реттілігін азаматтардың қалауына қарай заңды түрде берілуі тиіс. Сонда аталған мәселе біржақты шешіледі деген сенім бар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау