Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

13 жасар алматылық содырға ғашық болып, Сирияға бармақ болған

Еліміз терроризммен күрес жолында барлық жұмысты 90-шы жылдардың басынан бері жүргізіп келеді. Өзге мемлекеттер секілді Қазақстанда ұйымдасқан лаңкестік жоқ. Тек әр жерде ошақтары кездесіп жатыр. Біздің мақсат – сол ошақтардың тарап кетуіне жол бермей, күресу.

қарин

Бір себеп – құндылықтар дағдарысы. Біздің жастар үшін идеал болатын адам жоқ. Идеалдардың жоқтығынан 13 жастағы алматылық қыз телеарна арқылы көрген содырды іздеп, Сирияға бармақ болды. Бұл туралы ҚР президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин өңірдегі үкіметтік емес ұйым, партия өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

«Маусым айында болған оқиғаларды айтқан кезде терроризмнің әлемге төніп тұрған қауіп екенін ұмытпаған жөн. Өткен жылы әлемдегі 95 елде 11 мыңға жуық террористік шабуыл болған. Жыл сайын бір ел қосылып келеді. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Мәселе шешілді, қауіп-қатер жоқ деп бір-бірімізді жұбатып қана қоймай, обьективті түрде айтуымыз қажет. Қауіп-қатер бар. Мемлекет терроризммен күрес жолында барлық жұмысты 90-шы жылдардан бері жүргізіп келеді. Көптеген елмен салыстырғанда, Қазақстанда ұйымдасқан террористік оқиға болған емес. Әр жердегі радикалды топтар, ошақтар бар. Біздің мақсат – сол ошақтардың тарап кетуіне жол бермей, күресу»,- деді институт директоры.

Саясаттанушы Е.Қариннің айтуынша, күрес жолында бірнеше фактордың жиынтығымен жұмыс істеу керек. Құқық қорғау органдары, теологтар мен имамдар, мемлекеттік органдар секілді әр саланың өз атқаратын ісі бар.

«Әлеуметтік, экономикалық себептерді жоққа шығармаймыз, бірақ негізгі мәселе ол – құндылықтар дағдарысы. Жаңа идеалдар жоқ. Идеалдардың деформациясы болып жатыр. Бұрын атамыз, әкеміз үлгі болды. Олардың қас-қабағынан қорқатын едік. Ал жастардың табынатын кейіпкерлері өте жеңіл болып кетті. Өткен жылы 13 жасар алматылық қыз Сирияға кетіп қала жаздады. Жақсы оқиды, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласады. Бір күні ол басқа қалаға жол жүріп, сол арқылы Сирияға өтпекші болған. Мақсаты не? Дін мәселесі емес, Сирияда не болып жатқанын білмейді де. Бір күні жаңалықтардан радикалдарды көрсетіп жатады. Сол кезде содырдың образын көріп, 13 жасар қыз ғашық болып, іздеп бармақ болады. Қолына қару алса да ол қыз сол кейіпкерге қызықты»,- дейді саясаттанушы.

Айта кетейік, ҚР Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин 2 күн бойы 4 ауданды аралап, түрмеде отырған лаңкестермен де сөйлесті.

 

Талқылау