Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

11 жастағы бала соқыр ішегіне жасалған отадан кейін, жарымжан болып қалды

Алматы облысында 11 жастағы бала соқыр ішегіне жасалған отадан кейін, жағдайы күрт нашарлап, жарымжан болып қалған. Ата-анасы дәрігерлерді айыптаса, дәрігерлер қолдан келгенді жасадық деп ақталады.

11 жастағы бала соқыр ішегіне жасалған отадан кейін, жарымжан болып қалды

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

“Мынамен жүргім келмейді. Қиналамын осымен. Ары-бері жүргім келсе, базарға барғым келсе, бара алмаймын. Ұяламын мынамен жүргенде”, – дейді науқас Бағдәулет Сейсебаев.

11 жастағы Бағдәулеттің бала арманы асыр салып ойнау, қатарларымен бірге мектепке бару, ең ақыры, кішкене інісін құшақтап сүю. Бір жыл бұрын соқырішегіне ота жасалып, арты үлкен жан қиналысына ұласыпты. Ішек жолдары бүлініп, дәретке отыру мұң болған. Қазір бүйіріндегі арнайы қапшыққа үлкен дәреті жиналады.

“Ойнағым келеді деп жылайды. Менің жаныма бәрі батады. Мұның шырылдаған даусы, мұның мына стомасы менің жұдырығымдай болып кеткенде, күн бұлтта шырылдағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Аналгин, димедрол саламын, кетанаф беремін. Шамамның келгені сол”, – дейді анасы Әтіргүл Тұрсынбекқызы.

Бағдәулет – көп балалы отбасында екінші бала. Ең кішісі бір жасар. Бір жылдан бері әкесі жұмыссыз, анасы ел аралап көмек сұрайды. Тапқаны – дәрі-дәрмекке. Бағдәулетке бір күнде 20-30 мың теңге жұмсалады екен. Ал отбасының жағдайы тым нашар. Кез келген көмекке мұқтаж.

“Түнімен ұйқы жоқ. Не істеймін? Бір Алланың қолында екенін түсіндім. Бірақ жалындым, аман алып қалыңдаршы осы баламды деп”, – деді әкесі Қуаныш Сейсебаев.

Науқас баланың ауруы анықталмай ұзақ уақыт кетіпті. Сондықтан біресе жұқпалы аурулар ауруханасына, біресе облыстық балалар ауруханасына жөнелтілген. Ең соңында республикалық педиатрия институты мамандары ота жасап, баланың бүйірінен дәрет шығатын саңылау жасапты. Алғашқы ота жасаған аудандық аурухана мамандары қолдан келгенді істедік дейді.

“Баланың жағдайы жақсарар деген үміттеміз. Қазір үлкен дәретке бару, терісі бүліну сияқты қолайсыздықтар бар. Егер біз білмеген, түсінбеген жайт болса, науқасты бірден облыстық ауруханаға жөнелтеміз. Бұл жолы да біздің дәрігерлер солай шешті”, – деді Қарасай аудандық ауруханасының Хирургия бөлімінің меңгерушісі Максим Стадников.

Сырқаты асқынған Бағдаулет Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 3 рет жатқан. Ата-анасының айтуынша, бұл жерден де науқастың диагнозын дәл қоятын маман табылмапты. Бүгін де емдеу мекемесінен тілшілермен тілдесетін ешқандай құлық байқалмады. Ал баласы үшін бәйек болған ана Бағдаулеттің келесі отасына құжаттарын әзірлеп жатыр.

 

Талқылау