Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

10 балалы үйсіз отбасы бір бөлмелі суық пәтерде тұрып жатыр

Жергілікті биліктің дерегінше, Шымкент қаласында пәтер кезегінде тұрған 20 мың тұрғынның 1145-сі – көпбалалы отбасы. Қалада үй алу кезегіне енді жеткендер – 1987-1990 жылдары тіркелген адамдар.

10 бала

Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.

10 балалы Қарлығаш Дәрібаеваның отбасы Шымкенттегі Ынтымақ шағын ауданында бір бөлмелі жер үйде тұрып жатыр.
Кіреберістегі аядай дәліз – ас үй әрі аяқ киім шешетін орын. Қабырғасының сылақтары түсе бастаған негізгі бөлменің төрінде домбыра ілулі тұр. Сыз еденге жұқа кілемше төселген. Бір бұрышта балалардың кітап-дәптер, қиім-кешектері салынған, есіктері сынған екі шкаф тұр. Босағада тұрған сандықта тозығы жеткен көрпе-төсек жиналған.

Балалардың кішілері тар бөлмеде ары-бері жүгіріп ойнап жүр. Ересектеу әпкелерінің жұбатқанына көнбей жылап жатқан кішкентай бала – осы үйдегі балалардың ең кішісі, 5 айлық сәби.

«Сүт шықпай қалды. Жасанды тамақ береміз. Үш күннен бері тамағы таусылған соң тәтті нан жібітіп беріп жүр едік», – дейді балалардың анасы, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегері, 37 жастағы Қарлығаш Дәрібаева.

Қарлығаш Дәрібаева мен жұбайы бұл үйде үлкені 15 жастағы, кішісі 5 айлық 10 баласымен (жетеуі – мектеп оқушысы) бірге уақытша тегін тұрып жатыр.

«12 жан бір бөлмеде тұрамыз. Қыздарым есейіп қалды. Бір бөлмеде ұйықтауға қысылады. Жатын бөлмеміз де, шәй ішетін, жуынатын, балалар сабақ оқитын бөлме де – осы жер. Үйіміз суық. Төсенішіміз де жұқа. Көрпе-төсегіміз бәрімізге бірдей жете бермейді. Балаларымның киімі де толық емес», – дейді Қарлығаш Дәрібаева.

Ол үйдің суықтығынан балалары ауруға шалдыққанын айтады. Аналарының сөзінше, балалардың бірі тұмауратып қалған, енді бірінің құлағына суық тиіп асқынып кеткен.

«Өткенде балаларым ауыра берген соң дәрігерге алып барған едім. Өкпесі суықтаған дейді. Емдетуге ақша жоқ. Қу дүние ары тартсаң да, бері тартсаң да жетпей жатыр», – дейді көпбалалы ана көзіне жас алып.

Ол кісінің 13 жастағы қызы Гүлден де анасының сөзін растап, тұрмыстары қиын екенін айтады.
« Кішкентайлар бар, әкеміз бар – жуынуға ыңғайсызданамыз. Үй жұмысын орындайын десек, мүмкіндік жоқ. Әрбіріміз оқитын пәндерге жеке-жеке дәптер керек. Қазір дәптер алуға да ата-анамыздың жағдайы болмай тұр», – дейді Гүлден.

Гүлденмен тетелес Рауана киім-кешек, ыдыс-аяқ, керек-жарақ та бәріне бірдей жете бермесін айтып мұңаяды.
«Ұйықтайтын кезде үшеуіміз бір көрпе жамыламыз. Бір-бірімізге жақын жатамыз, әйтпесе көрпе де, көрпеше де жетпейді. Бәріміз бірге дастархан басында отырып тамақ іше алмаймыз. Ыдыс жоқ болған соң үшке бөлініп кезек-кезек ішеміз. Елдің қыздары секілді киім киіп, мерекелік шараларға қатысқымыз келеді. Бірақ сырт киіміміздің өзін алмасып киеміз. Таңертең мен кисем, түстен кейін сіңлім киеді», – дейді Рауана.

Бірақ 10 баланың анасы Қарлығаш Дәрібаева бұл қиындықтардың бәрі уақытша деп біледі. «Алтын алқа» иегері ретінде айына 12 мың теңге, кенже қызы бір жасқа толғанша айына 17 мың теңге, күнкөрісі төмен отбасы ретінде айына 20 мың теңге көмек алатын, күзетші болып жұмыс істейтін ері 40 мың теңге ақша табатын ана басты уайымы баспана екенін айтады.

«Күйеуім жұмыс істеп тұрса, бала-шағасын аш қалдырмайды. Амалдаймыз ғой әйтеуір. Ең маңыздысы – бізге баспана қажет болып тұр. Балаларым суық үйден шетінен ауру тауып жатыр. Басқа пәтер жалдап тұрайын десек, 10 баланы естігенде бәрі ат-тонын ала қашады», – дейді Қарлығаш Дәрібаева.

2012 жылы көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген Қарлығаш Дәрібаева биыл наурызда қала әкімдігінен хат алғанын, онда әкімдіктің «тұрмыстық жағдайыңызды ескере отырып, пәтер мәселесін 2015 жылы шешіп береміз» деп уәде еткенін айтады.
Қарлығаш Дәрібаеваның көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегіне 2012 жылы тұрғанын Шымкент қаласы әкімдігі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Құдайбердіқызы да растады.

«Бүгінде әлеуметтік әлсіз топ ретінде тіркелген Қарлығаш Дәрібаеваның реттік нөмірі – 2721. Қалада 1145 адам көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұр. Кезекке тіркелген адамдар пәтерді кезек ретімен алады. Тек Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жетімдер ғана кезектен тыс алады», – дейді әкімдік өкілі.

Гүлнәр Құдайбердіқызының айтуынша, Қарлығаш Дәрібаева сияқты көпбалалы отбасылар да – халықтың әлеуметтік әлсіз тобы деп есептелетін 11 категориядағы адамдардың бірі ғана.

«Бұл топта 7600 адам пәтер кезегінде тұр. Қазір пәтер алуға кезегі келгендер – 1987-1990 жылдары пәтер кезегіне тұрған азаматтар. Ал Қарлығаш Дәрібаеваның кезекке тіркелген кезі – 2012 жыл», – дейді әкімдік өкілі.

Шымкент қаласында жиыны 20 мың адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтқан Гүлнәр Құдайбердіқызы «тұрғын үйлердің құрылысы уақытылы бітсе, биыл 1 мың пәтер тұрғындарға беріледі» дейді.

Талқылау