Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құрғақшылық ушығып, ылғал қоры азаяды": Маман ғаламдық жылынудың Қазақстанға әсерін түсіндірді

Экология және табиғи ресурстар министрлігі климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының бас сарапшысы Айжан Мамедалиева елдегі климат өзгерісі туралы зерттеулердің алғашқы нәтижесін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

“Биыл түсетін жауын-шашын көлемінің өзгеруі құрғақшылықты ушықтырып, елдегі ылғал қорын азайтып, су тапшылығын арттыруы мүмкін. Климаттың өзгеруінен мұздықтар еріп, құрғақшылық жеделдейді. Орталық Азияда мұздықтар жылына 0,2-1% азайып жатыр. Кейінгі 50-60 жылда Тянь-Шань мен Памир тауларындағы мұздықтар 14-тен 30%-ға дейін еріп кеткен", – дейді маман.

Айжан Мамедалиеваның айтуынша, температураның экстремалды деңгейде көтерілуі өз кезегінде адам денсаулығына, экожүйеге, ауыл және су шаруашылығына, инфрақұрылымға кері әсер етеді.

"Қазақстан орталық Азияның басқа елдері сияқты климат өзгерісіне осал ел саналады. Кейінгі онжылдықта Қазақстандағы ауа температурасы айтарлықтай көтерілді. Жылдық орташа температура әр 10 жылда цельсий шкаласы бойынша 0,32 градус артып отыр. 2030 жылы бұл көрсеткіш 1,7-1,9 градус, 2050 жылдары 2,4-3,1 градус, 2100 жылға қарай 3,26 градус көтеріледі", – дейді маман.

Талқылау