Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы "Көк базардың" кәсіпкерлері далада заңсыз сауда жасайтындарға қарсы шықты

Алматыдағы "Көк базардың" саудагерлері орталықтың сыртында, далада тұрып заңсыз сауда жасайтындарға қарсы шықты. Сөздерінше, солардың кесірінен кәсіпкерлердің күнделікті табысы төмендеп, күн көрісі нашарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Кәсіпкер Айнұр Сүлімованың жеті баласы бар. Алматының "Көк базарында" саудамен айналысып жүргеніне 25 жыл болған. Бірақ кейінгі жылдары келушілер азайып, сауда тоқтады деп шамданды. Табыстың төмендеуіне базар маңындағы жабайы сауданың кесірі тиді дейді. Жиырмаға жуық саудагер сырттағы заңсыз саудаға қарсы наразылықтарын білдірді.

“Біз жалға алған орынның ақшасын шығара алмай жатырмыз, жеке кәсіпкерлікті төлей алмай жатырмыз. Өзіміздің ақшамыз шықпай жатыр. Жалданған орынның ақшасын төлеу үшін несие алдым. Бәрін базардың ішіне кіргізіп, орын тауып берсін немесе бәрін далаға шығарсын. Жолды жауып, біз де сауда істейік”, – деді саудагер Айнұр Сүлімова.

Базар маңын жағалай сауда жасап отырған жұрт орталық базардағы саудагерлердің саудасының жүрмеуіне біз кінәлі емеспіз дейді. Айтуларынша, базардағылар тауарды нарықтағы бағадан әлдеқайда қымбатқа сатады.

“Олар да, біз де бір жерден аламыз. Олар 300 теңге қойып тұрады, ал бізде 50-ақ теңге. Олар 27 мың жалдау орнын төлесе, біз үкіметке айына 70 мың салық төлейміз. Біз әкімдікке, полицияға ақша төлемейміз, тек салық”, – деді саудагер Ләззат Жүнісова.

Ретсіз орналасқан жабайы базарларды ретке келтіру үшін әкімдік тарапынан да жұмыстар істеліп жатыр екен. Мамандар қазір Сауда қызметін реттеу туралы заңының 12-бабына сәйкес заңсыздықтар жойылады деді.

“Жергілікті атқарушы орындар белгіленген орындардан тыс жерлерде бөлшек сауданы жүзеге асыруға тыйым салады. Осылайша Медеу ауданының әкімдігі аудандық полиция басқармасымен бірлесіп, күн сайын "Көк базарда" заңсыз сауданы болдырмау бойынша жұмыс істейді”, – деп мәлімдеді Медеу ауданы кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Тұраров.

Кәсіпкерлер жайма базардың жайын тексеруді әкімдікке тапсырды. Олар сауда орталығының алдында заңсыз нан тауып жүргендердің кесірінен зардап шеккісі келмейтінін жеткізіп, жабайы сауданы тоқтатсын деген талаптарын қойды.

Талқылау