Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда атышулы салық енгізілмейтін болды

Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың құрамында қанты бар сусындарға акциз салығын енгізуге қатысты сауалына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

Осыған дейін акцизді енгізу мәселесі салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының аясында талқыланған еді.

Үкімет басшысы өз мәлімдемесінде экономикалық зерттеулер институтының (ұлттық экономика министрлігі жанындағы) талдамалы деректерін келтірді.

"Ондағы ақпаратқа сәйкес, құрамында қанты бар сусындарға акциз салығын енгізу кезінде сусындар өндірісі 26,4% төмендеуі мүмкін. Айта кету керек, бюджетке жаңа салықтар мен төлемдерді белгілеу және қолданыстағы салықтар мен төлемдердің күшін жою, ставкалардың өзгеруі мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделерінің тепе-теңдігін сақтай отырып қарастырылуы керек.

Осылайша, аталған тәуекелдерді ескере отырып, жаңа салық кодексінің жобасы шеңберінде құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізу жоспары қарастырылмайды", – делінген премьер-министр хабарламасында.

Бұған дейін ұлттық экономика министрлігі "азаматтарды семіздіктен құтқару" үшін құрамында қанты бар өнімдерге жаңа салық енгізу мәселесін зерттеп жатқаны хабарланған.

Талқылау