Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Binance басшысы Чанпэн Чжао заң бұзғаны үшін 4 айға сотталды

Америка соты әлемдегі ең ірі Binance криптовалюта биржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоны төрт айға түрмеге қамады. Айыптау қорытындысында Чанпэн Чжао қылмыскерлерге өз платформасында ақшаны жылыстатуға рұқсат бергені айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: skillbox

Былтыр қараша айында кәсіпкер Binance басшысы қызметінен кетіп, АҚШ-тың ақшаны жылыстатуға қарсы заңдарын бұзды деп тағылған айыпты мойындады. Сонымен қатар ол 50 миллион доллар айыппұл төлеуге келіссе, компанияның өзі АҚШ билігіне 4,3 миллиард доллар төлеуге міндеттелді.

Forbes мәліметтері бойынша Чанпэн Чжаоның байлығы 33 миллиард долларға тең. Бұған дейін прокурорлар Чанпэн Чжаоны үш жылға бас бостандығынан айыруды талап етті.

Жергілікті Verge басылымының дерегінше, Сиэтлдегі сот отырысында судья Ричард Джонс Binance-тің бұрынғы басшысы "компанияның өсуі мен кірісін" америкалық заңдар мен ережелерден жоғары қойған.

Америка билігі ақпарат алмасуды құқық қорғау органдарынан әдейі жасырды. Санкцияларды бақылау режиміне нұқсан келтірді және күдікті транзакциялар туралы хабарламады деп айыптап отыр. Атап айтқанда, оның балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасауға көмектескен қаржылық операциялары, заңсыз есірткі айналымы және Хамас сияқты террористік ұйымдардың қызметіне көмек бергені белгілі болды.



Сонымен қатар Нигерияда қаржылық қылмыстармен күресу жөніндегі Binance айырбастау бөлімінің басшысы, АҚШ азаматы Тигран Гамбарянға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ол қазір Нигерия түрмесінде отыр. Алайда Гамбарян өзіне тағылған ақшаны жылыстату туралы айыптарды жоққа шығарады. 

Binance-тің тағы бір топ-менеджері Надим Анджарвала онымен бірге Нигерияда ұсталғанымен, ол наурызда түрмеден қашып кеткен.

Ал наурыз айының соңында Нью-Йорк соты FTX тағы бір ірі крипто биржасының негізін қалаушы Сэм Банкмен-Фридті 25 жылға бас бостандығынан айырды. Ол өзі құрған криптовалюта платформасының клиенттерінен 8 миллиард доллар ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, кейін банкротқа ұшырады.

Талқылау