Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Түнде -32°C аязда қоймен далада қалдым": Бір отар қойы бар 24 жастағы қарағандылық шаруашылығын қалай дөңгелеткенін айтып берді

Желіде тіпті үскірік аязда да ештеңеге қарамастан маң далада адасқан қойлары мен жылқысына қараған 24 жастағы жігіттің видеосы жұртты тәнті етті. Қарағанды облысының тумасы Нұрбек Мағаз теміржолшы мамандығына қарамастан ата кәсіпті жалғастырып, еділбай тұқымындағы қойларды көбейтуді шешкен. Ең қызығы жігіт желіде оқырманына төрт түлікке қалай қарау керек екенін бөлісіп, көптің сүйіспеншілігіне ие болған. Бір отар қойдың иесі атанған азамат желі мен мал шаруашылығы арқылы қалай табыс табуға болатынын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото Нұрбектің желісінен

Нұрбек Астанада теміржолда 3,5-4 жылдай жұмыс істеген. Айтуынша, қалада жүріп те түрлі кәсіпті байқап көрген. Алайда кейін бәрібір мал шаруашылығына жетпейтінін ұққан.

“Отбасымызда 5 ұлмыз. Төрт түлікке қарауды кішкентай кезімнен әкемнің жанында жүріп үйрендім. Үйде үш-төрт бас малға қарап, атқа мініп үйрендім. Ауылда өскен соң соның бәрі қызық болатын. 2013 жылы әкем қарапайым қазақы тұқымдағы сиыр шаруашылығын бастады. Содан 2017-2018 жылы шетелден герефорд сиырлар тұқымын әкелді. Сөйтіп-сөйтіп қазір шаруашылықты дамытып жатырмыз. Себебі мамандықпен де жұмыс істеп, өзге кәсіптерді көрдім. Алайда мал шаруашылығына жетпейді деп айтар едім. Себебі мұнда өзіңе жұмыс жасайсың, малда береке бар. “Қой өсір, жемісі оның көл көсір”, демекші қой шаруашылығына бет бұрдым”, – деді азамат. 

Бір отар қойдың иесі бүгінде шопан мен аспаз жалдап, екі-үш адамды жұмыспен қамтып отыр.

“Бізде екі шаруашылық, әкемде сиыр мен жылқы болса, менде бір отар қой бар. Мал шаруашылығымен айналысып жүріп табысқа кенелуге болады. Жастардың көбі мал алсам болды тез байып кетемін деп ойлайды. Алайда бастаған кезде бірден байып кетесіз деп айта алмаймын. Шыдамды болып, бір-екі жыл еңбектенсеңіз, мал көбейіп табысқа кенеле алатыныңызға 100% сенімдімін”, – деді Нұрбек.

Нұрбек түйеден басқа сиыр, қой, жылқы туралы біраз нәрсе біледі. Оларға қарауды, төлдету, көбейту кеңестерін тіпті желіде де бөлісіп жүр. Жігіттің Instagram желісінде 91 мыңнан аса оқырманы бар.

“Бұрын желіге мән бермей өз ісіммен айналысып жүре беретінмін. Сосын Жәнібек Кенжебаев деген ағамыздың тура осылай мал шаруашылығы туралы орыс, қазақ тіліндегі видеоларын көріп маған да неге түсірмеске деген ой келді. 

18 жасымнан үйден қалай Астана қаласына кеттім, сол кезден бастап темір жол саласында жұмыс істедім. Адамдармен араласып, ашыла түстім. Кейін маған камераға сөйлеу қиындық тудырмады. Өз ойымды халыққа барынша дұрыс жеткізуге тырысамын. Мұның адамдарға ұнағанын да көріп жүрмін. Олар лүпіл қойып, пікір жазып, парақшама жазылған сайын мен шабыттана түсемін. Бұйырса алдағы уақытта осы мал шаруашылығымен айналысу жоспарында бар жастарға арналған жоба жасау туралы жоспарларым бар”, – деп қосты ол.

Жігіт желіде жарнамалық ұсыныстар көп түсетінін де жасырмады. 

“Иә желі арқылы ақша табуға болады. Алайда менің мақсатым желі арқылы қаражат табу емес, өз ісіммен айналысу. Сондықтан тек мал шаруашылығына пайдалы дүниелерді тексеріп барып, жарнамалаймын”, – деді азамат. 

Нұрбек мал шаруашылығында қиындықтар тіпті мезгіл сайын болып тұратынын тілге тиек етті.

“Қойды алып қарасақ, көктем уақытында сақыман басталады. Олар төлдей бастайды. Бұл да – бір ауыр жүк. Кейін қырқатын уақыты болады. Жазда шөбін даярлау болса, қыста қатты боран, аяз бар. Жаз бойы бағып, қошқар қосу жұмыстары бар. Оңай емес, алайда қиындығымен бірге жемісі де болады. Сондықтан мен өзімді кез келген жағдайда шыдап, сынбауға тәрбиелеймін”, – деп қосты ол.

Азамат тіпті түн ортасында қысты күні аязда малмен далада қалып қойған сәтін де еске алды.

“-32°C аязда түнде қоймен бірге далада қалып қойғанмын. Ол кезде бақташымыз кеш батқанда қойды үйге айдай алмай қалған. Ал қысты күні аязда қатты жел болғанда қой ығып кетеді. Бұл өте қиын. Кейін қойларды айдап әкелу үшін өзім атпен шығып кеттім. Алайда оларды айдай алмай далада қалып, кейін артымнан ағаларым келді. Сол кезде тіпті жылағым келіп, күдерім үзіліп, “осыны қайтемін” деген де ойлар болған. Алайда ешқандай қиындыққа сынбай, шыдау керек екен”, – деді жігіт.

@edilbay_kz Қыйындықтарға дайын болыңыздар🤝🏻 #тиктокеркомедии ♬ оригинальный звук - Edilbay_kz

Нұрбектің ендігі мақсаты Қазақстанда мал шаруашылығын көтеріп, жастардың ата кәсіпке қызығушылығын арттыру екен.

“Қазақтың еділбай тұқымын әлемге танытқым келеді. Шетелдіктер Қазақстанға келіп, қойларымызды бірнеше мың долларға сатып алып жатса, керемет емес пе?! Ел ішінде арзанға сатып, шетелге қымбатқа өткізсек болады. Кейін шетел нарығына қалай шығару керек, соның амалын тапсам деймін. Сондай жетістікке жеткім келеді”, – деп қорытты ол. 

Талқылау